Kyzylorda-news.kz  Қазіргі уақытта медицина саласының өкілдерін алаңдатқан жайттың бірі қатерлі ісіктің тұрғындар арасында саны артуы. Дүние жүзінде қатерлі ісік өлім-жітім де­регі бойынша екінші орында тұр. Қызылордалық білікті дәрігер, онколог Дүйсен Ойнаров онкологиялық ауру ете сатысында анықталса 100% емделетінін айтып,  туындау себептері мен алдын алу шараларына тоқталды.

Дәрігер өз сөзінде онкологиялық аурудың туындау себептерінің бірі зиянды тамақ өнімдері екенін атап айтты. 

– Аурудың пайда болуына бір емес, бірнеше фактор әсер етеді. Көбі қатерлі ісік әбден асқынып, метастаз бергенде, яғни басқа ағзаларға таралып, әсер ете бастағанда ғана дәрігердің көмегіне жүгінеді. Жұртшылық бұл ауру тамақтанудың дұрыс еместігінен туындайды деседі. Дегенмен дәрігер ретінде басты себептің бірі Coca-Cola мен Gorilla секілді энергетикалық сусындарды тұтыну салдарынан деп ойлаймын. Бұрын сүт, айран, шұбатты күнделікті ішетін халық қазір ағарғанға аса мән бермейді. Мұнан кейін қатерлі ісік ішімдік ішіп, шылым шегетін адамдарда жылдам дамиды. 

Онкология – сездірмей келетін ауру. Ең қиыны да – сол. Еш жерің ауырып-сырқамайды. Тамырлап, денеге дендеп енгеннен кейін ғана белгі береді.

Қызылорда облысында өңеш, асқазан-ішек жолдары ісігімен ауыратындардың қатары көп. Омырау безінің ісігі де жасқа қарап жатқан жоқ. Оны да ерте сатысында анықтаудамыз.

Онкологияны ерте сатысында анықтау  жақсы белгі. Бұл орайда он жеті облыстың ішінде Қызылорда өңірі алдыңғы орында. Қатерлі ісік ерте сатысында анықталса 100 процент жазылады. Омырау безі, сүт безі, жатыр мойны қатерлі ісігімен ауырған науқастарды емдеу мүмкіндігі жоғары. Әсіресе, Қызылорда облысында. Сыр өңірінде онкологиялық ауруларды зерттеу, диагностикалау деңгейі айтарлықтай жоғары, химиотерапиямен, сәулемен емдейтін, ота жасайтын білікті хирург-онколог дәрігерлермен қатар, сапалы медициналық құрал-жабдықтар да жеткілікті. Біз өзіміз ауруды асқындырып апарамыз ғой. Бұрын қылтамақ, асқазан ауруының емі жоқ деп білетін. Қазір қай ауруды болсын сәулемен, химиялық жолмен не ота арқылы емдеуге мүмкіндік бар, – деді ол.

Дәрігердің айтуынша, ертеде бұл аурудың атын естісе, уайымдайтын халық қазір онкологиялық аурудың бар-жоғын анықтап, көрінуден қашпайды. Себебі медициналық тексерулер ақысыз, облыста МРТ, КТ, УЗИ түрлері, эндоскопия сынды аппараттардың барлығы тұрғындарға тегін. Бүгінде қатерлі ісікті ерте сатыда анықтау үшін тұрғындар медициналық профилактикалық тексеруден өте алады.

 

Қорлан САРЫ
Фото: cmclinic.kz

Тағы да оқыңыз: