Kyzylorda-news.kz. Қызылордада жыл басынан бері ана өлімі тіркелген жоқ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен 2023 жылдың І тоқсандағы медицина саласында атқарылған жұмыстар туралы брифингте Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов мәлімдеді.
«Өздеріңізге белгілі, Қызылорда облысында жыл өткен сайын медициналық мүмкіндіктер молайып келеді. Мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек түрлерінің сапасы да жақсара түсуде. 2023 жылдың 1 сәуіріне облыстағы бастапқы медициналық санитариялық көмек көрсету ұйымдарына 815 103 тұрғын тіркелген. Оларға медициналық көмекті 18 стационарлық, 26 амбулаториялық-емханалық, оның ішінде 14 жеке медицина ұйымдары көрсетеді. Аймақта 4777 нәресте дүниеге келді. Бұл көрсеткіш бойынша республикада бесінші орынға көтерілдік. «Ана мен бала саулығы - ұлт болашағы» десек, ана мен бала денсаулығын қорғау, сақтау – біздің басты бағытымыздағы жұмыс. Бұл бағыттағы жұмыстар асқан жауапкершілікпен атқарылуда», - деді басқарма басшысы.
Биылғы жылдың бірінші тоқсанында денсаулық сақтау саласының негізгі индикаторлары бойынша жалпы өлім-жітім көрсеткіші 1000 тұрғынға шаққанда 1,2-ні құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7,6 пайызға төмендеген. Туберкулезден болатын өлім-жітім көрсеткіші 2023 жылдың 3 айының қорытындысымен өткен жылмен салыстырғанда 66,6 пайызға төмендеген. Қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 6,4 пайызға төмендеген.
«Ана мен бала денсаулығы медицина саласының ең өзекті әрі көкейтесті мәселесі. Ұлт байлығы, халқымыздың баянды болашағы, мемлекетіміздің ертеңгі жарқын күні ана мен бала денсаулығының мықты болғанымен тікелей байланысты. Қуантарлығы, 2023 жылдың 3 айында ана өлімі жағдайы тіркелген жоқ, ал сәби өлімі былтырғы жылмен салыстырғанда 47 пайызға төмендеген. Ана мен бала өлім көрсеткіші - өңіріміздегі денсаулық сақтау жүйесінің даму деңгейінің басты көрсеткіштерінің бірі. Сол себепті өлім-жітім көрсеткіштерінің төмендеуі – саланың өркендеуі, мамандарымыздың нәтижелі жұмысы деп білеміз. Ана мен бала өмірін сақтау – басты назарда», - дейді Олжас Ысқақов.
Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда медициналық ұйымдарының медициналық жабдықтармен жарақтандырылуы 84 пайызды құрайды. Балалар стационарларының жарақтандырылуы орта есеппен 82 пайызды құрап отыр.
«Жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 2023 жылға 1,9 млрд. теңге, сондай-ақ «Әр азаматқа сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау», «Дені сау ұлт» ұлттық жобалары шеңберінде 2023 жылға 1,4 млрд. теңге қаржы қаралса, жергілікті бюджет қаражаты есебінен 813,2 млн теңге бөлініп, өңіріміздегі медициналық ұйымдарды техникамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде медициналық ұйымдардың медициналық техникамен жарақтандырылуын жоғарлататын боламыз», - деді ол.
Бүгінгі күні аймақта жүкті, босанушы әйелдерге, жаңа туған нәрестелерге және гинекологиялық науқастарға перинаталдық көмек көрсететін жалғыз медициналық ұйым ол облыстық перинаталдық орталығы десек, жыл сайын бұл орталыққа, оның медициналық көмек көрсету сапасына жүктеме артып келеді. Осыған орай, облыстық перинаталдық орталығының жүктемесін азайту мақсатында көпбейінді облыстық ауруханасының жанынан 70 төсектік перинаталдық орталығын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Көпбейінді облыстық балалар ауруханасыда 200 төсек орынға арналғанымен 360 төсек болып үстемемен жұмыс жасауда. Жыл сайын бұл ауруханаға, оның медициналық персоналдарына жүктеме артуына орай, балалар ауруханасын облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының Астана көшесі, № 1Б мекен-жайда орналасқан ғимаратында құру жоспарланып отыр. Ал, Астана көшесінде орналасқан облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы мен облыстық жастар денсаулығы орталығы Ә.Бөкейхан көшесінде орналасқан облыстық перинаталдық орталығының босаған ғимаратына көшіріледі. Сондай-ақ, «Қамқорлық» корпоративті қорымен қаржыландырылатын мүгедек балаларға арналған оңалту орталықтарының санын көбейту шеңберінде облысымызда көпбейінді облыстық балалар ауруханасы базасында балаларға арналған оңалту орталығы 2022 жылы қаңтар айында ашылып, жұмыс жасауда. Орталықта бүгінгі күнге дейін 2240 бала ем алды», - дейді басқарма басшысы.
Аймақтағы бас дәрігердің айтуынша, қазіргі таңда, аудан көлемінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығын ашу мақсатында «Арал ауданаралық ауруханаға» қарасты Жеңіс алаңы №9 мекен-жайындағы А.Байтұрсынов ғимаратын реконструкциялау жұмыстары жоспарлануда.
«Қазіргі таңда облыс халқына 2860 дәрігер, 10721 орта буынды мамандар медициналық қызмет көрсетеді.
2022 жылы 78 жас маман жұмысқа қабылданып, олардың 22-сі елді мекендерге жолданды. 2017-2022 жылдар аралығында медицина саласында сұранысқа ие жалпытәжірибелік дәрігерлерді даярлауға - 147, тар буынды мамандарды резидентурада даярлауға - 131 2023 жылға 30 облыс әкімінің гранты бөлінді. Бұл шаралар өз кезегінде 2025 жылдан бастап саланы аймақтық дәрігерлермен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ана мен бала денсаулығын қорғау саласы бойынша 2023 жылға біліктілікті арттыру мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен дәрігерлерге 18 бағыт, орта буын қызметкерлеріне 22 бағыт бойынша оқыту жоспарлануда», - дейді Олжас Ысқақов.
