Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында биылғы жылдың 6 айының қорытындысымен облыс көлемінде жіті ішек инфекциясының 531 жағдайы тіркеліпті. Ол өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 3,5 есеге төмен.
Аймақ көлемінде тіркелген жұқпалы жіті ішек ауруларының 95 пайызы Қызылорда қаласы тұрғындарынан анықталған. Олардың 87 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген. Мәселен, жұқпалы жіті ішек ауруларының ұшырағандардың 68 пайызы 2 жасқа дейінгі балалар үлесіне тиеді.
«Жаз айларында жұқпалы жіті ішек аурулары мерзімінен ерте піскен бақша өнімдері мен жеміс-жидектермен байланыстырады. Эпиданамнез жинау барысында 31 тұрғын мерзімінен ерте піскен жеміс-жидек пен қауын-қарбызды жегеннен кейін өздерін жайсыз сезінген. Әдетте қарбыздар маусым айында сауда сөрелерінде пайда бола бастайды. Бұл уақытта өнімдер анағұрлым қауіпті, яғни нитратпен улану деңгейі жоғары. Бұдан бөлек, гербицид, пестицидтердің мөлшерден тыс болуы да денсаулыққа кері әсер етеді» деп хабарлады Қызылорда облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.