Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №3 кітапхана мен М.Ералиева атындағы мәдениет үйінің бірлесуімен «Адал Адам» мәдени-тәрбие орталығының «Әлем ВООК» жобасы аясында Сыр өңірінің перзенті, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген дәрігер, «Денсаулық саласының ардагері», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерін, СССР және ҚазССР «Денсаулық сақтау саласының үздігі» белгісін омырауына таққан. Бүгінде «Облыстың құрметті қайраткері», «Облыстың құрметті азаматы» атанған «Денсаулық саласының ардагері», Қызылорда облысының және Жалағаш ауданының құрметті азаматы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Маханов Тұрғанбай Маханұлының мерейлі 85 жасқа толуына орай «Біздің білікті дәрігер» атты кездесу кеші өткізілді.
Тұрғанбай Маханұлының досы, әріптесі, дәрігер Қадырбаев Аманкелді Жұбатқанұлы және шәкірті, қалалық №5 емхананың бас дәрігері Ршымбетов Марат Қабылұлы мен емхана қызметкерлері және «Өркениет» медициналық колледжінің студенттері қатысты.
Шара барысында сала ардагері Тұрғанбай ағамыздың досы Амангелді Жұбатқанұлы және қалалық №5 емхананың бас дәрігері Ршымбетов Марат Қабылұлы сөз сөйлеп, адам жанының арашасы болған Тұрғанбай Маханұлының өнегелі өмірін, денсаулық сақтау саласындағы ерлікке толы жасаған қызметтерін айтып өтті. Кеш барысында жастар және денсаулық саласының қызметкерлері өздерінің толғандырып жүрген ойларындағы сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды.
«Болмысы бөлек дәрігер» атты кітап көрмесіне шолу жасалып, Мәдениет үйі өнерпаздарының ән-шашуына ұласты. Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейдің 5 сынып оқушылары әдеби-монтаж оқыды. Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Рахметова Гүлмира Шамсутдинқызы қорытынды сөз сөйлеп, Тұрғанбай Маханұлына қазақтың ұлттық домбыра аспабын сыйға тартты.
Тұрғанбай Маханұлы есімі өңіріміздің денсаулық сақтау саласында етене таныс. Тұрғанбай Маханұлы – 1939 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданында дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы №1 май мектебінде білім алған. Ақтөбе қаласындағы медициналық институтты тәмамдаған. Еңбек жолын Жалағаш аудандық ауруханасында бастаған. Аталмыш ауруханада екі жылдан астам қызмет атқарып, облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне тағайындалады. Еңбекқор дәрігер орынбасарлықтан облыстық аурухананың бас дәрігері, облыстық медицина орталығының директоры болып қызмет атқарады. Қаншама шәкірт тәрбиелеген Тұрғанбай Маханұлы 30-дан астам ғылыми жұмыс пен монографияның авторы.