Kyzylorda-news.kz Елімізде маусым айының үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің күні. Адам өміріне араша түсетін дәрігер мамандығын таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Осы жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген ақ халатты абзал жандарды төл мерекесінде құрмет төрінен көрінді.
Мерейлі мерекеге орай №3 қалалық емханасында «Рақмет, дәрігер!» тақырыбында мерекелік шара өтті.
Емхананың бас дәрігері Жаннат Қожарипова ұжымды кәсіби мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді. Сонымен қатар, емханадағы бірқатар мамандарды марапаттады. Оның ішінде емханадағы алғашқы көмек көрсету кабинетінің өзіндік қабылдау мейіргері Майра Сүлейменова Денсаулық сақтау саласындағы жемісті еңбегі мен еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың «Алғыс хатымен» марапатталды. Бұдан бөлек, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың және аймақтың бас дәрігері Олжас Ысқақовтың алғыс хаты да табысталды. Сондай-ақ мереке қарсаңында 60, 50 жас мерейтой иелеріне де құрмет көрсетілді.
Бағдарлама барысында әннен шашу шашылып, өнерпаз жастар би билеп мереке мерейін айшықтай түсті. Ар ожданын бәрінен биік қоятын дәрігерлерге қандай құрмет көрсетілсе де артық болмайды. Себебі ұлт саулығы – басты байлығымыз.