Фото: egemen.kz
Kyzylorda-news.kz. Биыл прокуратура органдары Қызылорда облысында 19 медициналық ұйымның жұмысы тексеру барысында заң бұзушылықтарды жоюға бағытталған 52 қадағалау актісін енгізді. Нәтижесінде 13 мың адамның құқығы қорғалып, бұзушылыққа жол берген 242 тұлға тәртіптік (140) және әкімшілік жауапқа (102) тартылды. Бюджетке 27 млн теңге өндірілген. Бұл туралы Қызылорда облысының прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
«Қызылорда қаласының 1300 астам тұрғынын басқа медициналық ұйымға ескертпестен заңсыз бекіту фактісі анықталды. Қабылданған шаралармен азаматтардың бұзылған құқығы қалпына келтіріліп, 31 млн теңге сомасына бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.
Сонымен бірге, әскери борышын өтеуге кеткен және тұрғылықты мекен жайында тұрмайтын адамдардың алғашқы медициналық көмек үшін төленген 19,6 млн теңге бюджет қаржысы мемлекетке қайтарылды. Мысалы әскери борышын өтеуге жөнелтіліп, тұрғылықты мекен жайында болмаған 915 тұлғаға 17 млн теңге төлеген.
Байқоңыр қаласындағы Қазақстан азаматтарының тегін медициналық көмек алу мәселесін көтердік.
Байқоңыр қаласы тұрғындарын зейнетақымен қамсыздандыру Ресей Федерациясы заңнамасы бойынша жүргізіледі.
Ресей Федерациясымен жасалған Келісімге сәйкес Байқоңыр қаласының зейнеткерлері Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесінде жоқ.
Осыған байланысты Байқоңыр қаласының тұрғындары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін медициналық көмек алмай келген», - делінген хабарламады.
Мәселенің шешімін табу үшін «Міндетті медициналық сақтандыру туралы» Заңына тиісті толықтыру енгізуді қажет етті.
Осы орайда Денсаулық сақтау және Еңбек, халықты әлеуметтік қорғау министрліктері заңға өзгеріс енгізу жөнінде қызметтік хат жолданған.
«Облыс прокуратурасының тексерісі нәтижесінде аймақта денсаулық сақтау саласында тиісті сертификаты жоқ тұлғалар фармацевтикалық қызметпен айналысқаны анықталды. №3 қалалық емханада маман сертификаты жоқ 2 тұлғаның «ренгтген-зертханашысы» ретінде жұмысқа қабылданған. Жалпы, Қызылорда қаласының емханаларында 21 медицина қызметкері сертификатсыз жұмыс жасағаны анықталып, қадағалау актілері енгізілді. Осыдан кейін аталған мамандар тиісті біліктіліктен өтіп, сертификат алды», - дейді прокуратура мамандары.
Тұрғындарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету.
Ағымдағы жылы медицина ұйымдарында жүргізілген тексерумен облыс бойынша 21 мың науқастың тегін дәрілік заттармен қамтамасыз етілмегені анықталған.
«Қазалы аудандық ауруханасында 2 942 науқас тегін дәрілік заттармен тек ішінара қамтамасыз етілсе, 400 науқас мүлдем қамтамасыз етілмеген. Одан бөлек қала, аудан аумағындағы медицина ұйымдарында 6 жасқа дейінгі 2 мыңнан астам балаға дәрілік рецептілер негізсіз жазылған. Ал, Сәбилер үйінде балаларға қарсы көрсетілімі бар дәрілік заттар негізсіз сатып алынып, тағайындалған. Прокуратураның ұсынуымен заң бұзушылықтар жойылды», - делінген Қызылорда облысының прокуратурасының баспасөз қызметінің хабарламасында.
Денсаулық сақтау саласындағы заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан қадағалау жұмыстары медицина қызметкерлерінің жағдайын да назардан тыс қалдырмады.
Ішінара тексерумен облыс бойынша медицина қызметкерлері арнайы киім және басқа да жеке қорғаныш құралдарымен талапқа сәйкес қамтамасыз етілмегені анықталған. Бұндай фактілер тексерумен қамтылған 9 медицина ұйымында орын алған. Қадағалау актісінің қаралуымен қызметкерлерді арнайы киімдермен қамтамасыз етілуде.