Kyzylorda-news.kz. Біле білсек, әлемді құтқару, адамзатқа ізгілік көрсету үлкен ерлікті қажет етпейді. Жаныңдағы жақыныңа қамқор болу, мұқтажға жәрдемдесу, қысылғанға қол ұшын беру батырлыққа тән қадам болуы ықтимал. Науқастың өмірін арашалауға ықпал етіп, қан тапсырған адам да қоғам тарапынан ерекше ықыласқа бөленетіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан халықаралық донор күні аясында аймақтағы қан тапсыру үрдісінің жай-күйі мен игі істің пайдасы төңірегінде ой бөлісуді жөн көрдік.

Елімізде тұрақты түрде қан тапсыратын 2 мыңнан астам адам бар. Оның ішінде 100-ге жуық азамат «Қазақстанның құрметті доноры» атағын иеленген. Ал өткен жылы облыста қан тапсырған азаматтардың саны 8 мыңнан асқан екен.

– Соңғы жылдары ерікті түрде қан тапсыратындардың саны артып келеді. Оған жастар арасында донорлықты дамыту туралы ақпараттық жұмыс, мектеп оқушыларымен байланыс, әлеуметтік желі мен өзге де заманауи ақпараттық технологияны қолдану әсер етіп отыр. Донор болудың медициналық көмегімен қатар, рухани құндылығы мол екенін жете түсінген әрбір азамат белсенділік танытары анық. Жалпы донорлық қан көптеген адамның өмірін аман алып қала алады. Босану кезінде туындаған қан кету жағдайында, қан аздықтың ауыр түріне шалдыққан балаларға, жазатайым оқиға кезінде зардап шеккендерге және онкология мен хирургия бөлімдерінің емделушілеріне қан құйылады. Сондықтан аталған қадамға немқұрайлы қарамаған жөн, – дейді облыстық қан орталығының донор жинақтау бөлімінің дәрігері Фаризат Ермағамбетова.

Сонымен қатар маман қан тапсырудың зияны жоғын және процедура кезінде барлық сақтық шарасы сақталатынын жеткізді. Мысалы, қан тапсырмас бұрын тексеру жүргізіліп, дәрігерлербірнеше сауал қояды. Оның ішінде қан тапсыруға ниетті азаматтың денсаулығында ақау бар-жоғы, дәрі-дәрмек қабылдауы, өмір сүру салты секілді маңызды мағлұмат бар. Мұндай сұрақтарды қоюдағы басты мақсат – донормен қан құйылатын адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Келесі кезең – тамырдан қан алу. Бұл шамамен 15 минут уақыт алады. Кейін дәрігерлер міндетті түрде азаматтардың денсаулық жағдайын тексереді. Күні бойы сұйықтық ішу, құнарлы тамақ жеу секілді кеңес беріп, қайтуға рұқсат береді. Міне, қан тапсыру барысының қысқаша баяны осыған саяды.

– Қан тапсыру – донорлар үшін қауіпсіз. Өйткені барлық донорлық орталықтар бір рет қолданылатын әрі залалсыздандырылған жабдықтармен қамтылған. Бір рет қана қолданылатын шприцтер мен инелерді тек донор көзінше ашады, кейін оны бірден қоқысқа лақтырады. Сол себепті адамзат игілігі үшін донор болу зиянсыз ғана емес, пайдалы әрекет екенін ұмытпаақ екен, – дейді Ф.Асылбекқызы.

P.S. Расында, «Әлемді мейірім құтқарады» деген тәмсілдің жаны бар. Байқасақ, жан-жағына жақсылық жасап, өзгенің өмір сүруіне үміт сыйлау ғаламды құтқарумен тең емес пе? Өз кезегінде аяққа тұрып, оңалған әрбір азамат әлемге сеніммен қарап, жақсылықтың қайырымын қайтаруға, қоғамды ізгілендіруге бір қадам жасары анық.

Тағы да оқыңыз: