Kyzylorda-news.kz. 14 маусым – Дүниежүзілік донорлар күні. Қан құю арқылы ауыр халдегі науқастардың өмірін аман сақтап қалуға болады. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдары барлық елде сапалы қанның қорын қамтамасыз етуді көздейді.
Донорлыққа тарту, адам өмірін сақтау мақсатында жыл сайын 14 маусым – Донорлар күні аталып өтеді. Бұл үрдіс біздің облыста да дәстүрге айналған. Себебі, бүгінде қан және қан өнімдеріне халықаралық деңгейде сұраныс артқан. Сондықтан әлем елдерінің медицина мамандары осындай қан қорын жинақтап, сақтауды қолға алуда.
Осы орайда, облыстық қан орталығында «Қан тапсыр, плазма тапсыр, адамдарға өмір сыйла және мұны жиі жаса» ұранымен акция ұйымдастырылды. Акция жиынында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Раушан Сейтқасымқызы мен облыстық қан орталығының бас дәрігері Серік Қуандықұлы донорларды мерекемен құттықтап, арнайы Алғыс хаттармен марапаттады.
Мереке қарсаңында тұрақты түрде донорлықпен айналысып жүрген 70-тен аса ерікті қан тапсырды. Оның ішінде, түрлі сала мамандары, ерікті жастар, медицина қызметкерлері, сондай-ақ «АMANAT» партиясы қалалық филиалы өкілдері, облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, «Ассамблея жастар» ұйымы мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері де бар.
«Мен бүгін адамдардың өмірін сақтап қалу ниетінде алғашқы рет қан тапсырдым. Біздің Лалуевтар отбасының барлық мүшелері де қан доноры. Ағам, тәтем барлығымыз бірге бүгінгі акцияға қатыстық», - дейді «Вайнах» облыстық шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің белсендісі Дени Лалуев.
«Донор болу арқылы біз түрлі жағдайға тап болған жандардың өмірін сақтап қалуға үлес қосамыз. Сіздерді акцияға белсене қатысып, сауапты іс жасап, адам өмірін сақтап қалуға шақырамыз! Бұндай акциялар алдағы уақытта өз жалғасын табады», - деді «Қоғамдық келісім» КММ аға сарапшысы Нұргүл Ақсақалова.
Облыстық қан орталығының бас дәрігері Серік Қуандықұлының айтуынша, соңғы бес айда аймақта қан тапсыруға 5 мыңнан аса тұрғын ниет білдірген. Ал, жалпы қан тапсырғандар саны – 4 мыңнан асады. Атап айтқанда, қан доноры – 3922 адам, плазма доноры – 15адам, тромбоцит доноры – 499 адамды құрайды.