Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысындағы Қырым-Конго геморрагиялық қызбасының эпизоотологиялық жағдайы бірнеше жылдар бойы шиеленісіп келеді, себебі оған жыл сайын Қырым-Конго геморрагиялық қызбасының қоздырғыштарын таратушы иксод кененің көбеюі ықпал етеді. Бүгінгі күні Қызылорда облысы аумағында иксод кенелері ареалдарының шекаралары кеңеюде, осыған байланысты көршілес аумақтарға кене инфекциялары қоздырғыштарының ену қаупі туындайды.
Көктем-жаз мерзімінде елді мекендерде ауру жұқтыратын кене шағу санының өсуі байқалады. Өйткені бұл мезгілде бірыңғай ересек кенелер кездеседі. Ағымдағы жылы елді мекен айналасында алғашқы белсенді ересек кенелер қаңтар айында қыстың жылы болуы себепті ерте шықты, соның салдарынан кенелер саны арта бастады. Адамдар үшін, әсіресе кененің ересек түрлері – аталықтар мен аналықтары өте қауіпті, олар көктем – жаз айларында елді мекендердің маңында және тығыз өсімдіктері бар демалыс аймақтарында кездеседі.
«Иксод кенелері түрлерінің арасында имаголардың белсенділігінде маусымдық ауысуы байқалады. Бақылау жұмысы барысында өңірдің оңтүстік бөлігінде тоғайда кездесетін кенелердің шығуы қыстың жылы кезеңінде қаңтар – ақпан айынан басталып, наурыз-сәуір айларында жоғары деңгейде болады. Оңтүстік-батыс және солтүстік – батыс бөлігінде бұл кененің шығуы кештеу мерзімде тіркеледі. Мамыр айынан бастап тоғайда кененің белсенділігі өте төмен болып, жаз айларында кездесе бермейді. Құмда кездесетін кененің шығуы сәуір айында тіркеліп, олар мамыр айының соңына дейін малда көптеп кездеседі. Мамыр айында жайылым кенелері шығып, маусымның аяғына дейін өрісте, мал қорасында көптеп кездеседі. Құмдағы кене де осы мерзімде қатар кездеседі. Облысымызда кененің 15 түрі анықталған, олардың мекендейтін жері, шығу мерзімі ауа райына қарай өзгеріп тұрады. Кене далалық жерде, малда жыл бойы кездеседі, мысалы, күзде жұмыртқадан шыққан балаңқұрттар болса, олар малдың үстінде қыстап шығып, көктемде ересек кенеге айналып, адамға, малға жабысады», – дейді Қызылорда обаға қарсы күрес станциясы» филиалы аса қауіпті инфекциялардың эпизоотологиясы және алдын алу зертханасының маманы М.Қалмақова.
Елді мекеннің айналасына шыққан жағдайда капюшоны бар қорғаныс киімдерін кию қажет. Сонымен қатар кенеден сақтану үшін, оның жоғарғы бөлігі міндетті түрде шалбарға, ал шалбардың балағы шұлыққа салынады. Кене шаққан жағдайда дереу жақын маңдағы медициналық мекемеге хабарласу керек