Kyzylorda-news.kz  Ел ішінде коронавирус өршіген тұста ақ халатты абзал жандардың қадірін ұққанымыз бар. Басың ауырып, балтырың сыздаса алдымен дәрігерге жүгінетініміз де жасырын емес. Бәрінен бұрын алдына келген науқасқа деген бір ауыз жылы сөзі кейде дертіңнен айықтырғандай болады. Мұндай жандарды жұртшылық өз ісінің маманы, нағыз дәрігер деп бағалайды.  Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының «Реанимация және интенсивтік емдеу» бөлімшесінің реаниматолог-дәрігері Болат Асанбаевты көпшілік жақсы біледі. Ел алғысын арқалап жүрген дәрігер өзінің тәжірибелік жолында талай сырқаттың сырын ашып, науқастың құлан таза айығуына үлесін қосқан маман.

    Кейіпкеріміз денсаулық саласында 30 жылға жуық уақыт еңбек етіп келеді. 1993 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтының «Емдеу ісі» мамандығын бітірген соң, алғашқы еңбек жолын Сырдария аудандық ауруханасында бастаған. Кейін облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында «жансақтау және интенсивтік емдеу» бөлімшесінде реаниматолог дәрігер, 1999 жылдан бастап аталған бөлімшеде бөлім меңгерушісі қызметін атқарып келеді.  Осы жылдар ішінде талай науқастың аяққа тұрып кетуіне себепкер болып, халықтың алғысына бөленді.

– Денсаулық саласында еңбек етіп жүргеніме биыл 30 жыл болады. Қайсыбір қызмет болсын өзіндік қиындығы мен қызығы болатыны анық. Соның ішінде дәрігер мамандығына артылған жүк те, жауапкершілік те жоғары. Халықтың денсаулығын жақсарту жолында жүргеннен кейін өз ісіңе аса жауапкершілікпен қарауың керек. Алдыңа келген науқастың денсаулығына бей-жай қарай алмайсың.               «Жансақтау және интенсивтік емдеу» бөлімшесінде ересектер де, балалар да ем қабылдайды. Дегенмен басым көпшілігі балалар. Негізі инфекциялық аурулардың өзінің өршитін кезеңі болады. Бөлімге түсетін науқастардың саны да соған сәйкес артады не  азаяды. Көбіне менингит, Қырым-конго гемморрагиялық қызбасы, сары ауру, қызылша сынды аурудың асқынған жағдайында жансақтау бөліміне жатқызылады, – дейді кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде.

Инфекциялық ауру, оның салдары туралы көпшілігіміз біле бермейтініміз жасырын емес. Мұндай ауру жағдайын тек іш өту, ұшыну, тұмаумен байланыстырып жатамыз. Реаниматолог дәрігер Болат Сәйдіұлының айтуынша, іш өтудің де асқыну жағдайы ауыр болады. Салдары ағзаның сусыздануына, адамның әлсіреуіне алып келеді. Тіпті, одан да ауыр жағдайға жетуі мүмкін. Дегенмен отыз жылдық еңбек тәжірибесінде мұндай жағдай кездеспеген.

– Жазда іш ауруы, қыста тұмау, вирустың өршуі инфекциялық ауруларды тудырады. Коронавирус инфекциясы дендеген тұстағы жағдай баршаға белгілі. Одан кейінгі екі жылда да жағдай оңай болған жоқ. Вирустың мутациялануы салдарынан қарапайым тұмау, суық тиюдің соңы ауыр жағдаймен аяқталған кездер болған. Мәселен, былтыр вирусты менингит көп болды. Әсіресе 1 жастан 3 жасқа дейінгі балалар арасында жиі кездесті. Бұл жағдай биыл бәсеңдеді, – дейді білікті дәрігер.

     Бүгінде «жансақтау және интенсивтік емдеу» бөлімшесінде 2 реаниматолог дәрігер, 16 мейірбике науқастарға қызмет етеді. Бөлім меңгерушісі Болат Сәйдіұлының айтуынша, маман тапшылығы бар. Дегенмен бөлімге қажетті медициналық құрал-жабдықтар толық қамтылған.

     Кейіпкеріміз балалар арасында бүйрек жұмысының бұзылуы соңғы кездері жиі кездесіп жүргенін айтады. Мұндай диагноз қойылған балаларға ота бұрын Алматы, Астана қаласында жасалған екен. Қазіргі таңда дәрігер мұндай отаны өзі жасауда.

     Денсаулық саласында атқарған адал еңбегі, халықтың ықыласының арқасында кейіпкеріміз абырой биігінде. Оның еңбегі елеусіз қалған емес. Талай жылғы еңбекпен Денсаулық сақтау министрінің «Құрмет грамотасының», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің, «Халық алғысы» медалінің иегері атанды. Сонымен қатар  «Халық сүйіктісі-2020» Ұлттық сыйлығының «Жылдың үздік дәрігері» номинациясы табысталған.

Тағы да оқыңыз: