Kyzylorda-news.kz Қызылордадағы №6 қалалық емхананың фтизиопедиатр дәрігері Сейталиева Жанат Әбсәтқызы мамандығын мақтаныш санаған, ісіне адал білікті маман. Оның өзі ісіне деген адалдығы, ақ халатты абзал жан деген атқа кір келтірмей, науқастардың сүйікті дәрігеріне айналған. Бүгінде ол емхананың мақтанышы.
Кейіпкеріміз Жанат Әбсатқызы 1969 жылдың 13 мамырында Қызылорда облысы, Арал ауданында дүниеге келген. Ол 1992 жылы Ақтөбе қаласындағы мемлекеттік институтын «Педиатрия» мамандығы бойынша бітірген. 1992-1993 жылдары Қызылорда облыстық ауруханасында «Педиатрия» мамандығы бойынша интернатурадан өтеді. Осыдан соң оның медицина саласындағы кәсіби жолы басталады. Ол алғашқы еңбек жолын 1993 жылы Қызылорда қалалық №5 емханасында аймақтық педиатр, бөлім меңгерушісі қызметінен бастайды. Аиталған емханада 2003 жылға дейін абыройлы еңбек етіп, 2003-2005 жылдар аралығында Қызылорда облыстық балалар ауруханасының зертханашы дәрігері, 2005-2009 жылдар аралығында қалалық және облыстық туберкулезге қарсы диспансерлерде фтизиопедиатр, 2009-2019 жылдар аралығында қалалық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде фтизиопедиатр дәрігер, 2019 жылдан бүгінгі күнге дейін №6 емхананың фтизиопедиатр дәрігері қызметін абыроймен атқарып келеді.
Кейіпкеріміз өзінің жұмысында жоғары біліктілігі мен жауапкершілігін көрсетіп, әрқашан өз білімін жетілдіріп отырады. Бүгінде ооның медицина саласында 40 жылдық еңбек өтілі бар. Бұл оның үлкен тәжірибесі мен кәсіби шеберлігінің көрсеткіші болса керек.
Жанат Сейталиева тек қана жоғары дәрежелі маман ғана емес, сонымен қатар ұжымдық және қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысушы. Ол өз жұмысына тиянақты, жанашыр және шынайы түрде қарайды. Оның емделушілермен қарым-қатынасы, олардың денсаулығына деген жанашырлығы әріптестері мен емделушілер арасында құрметке бөлеп келеді. Ол №6 емхананың ұжымында өзін тек жақсы жағынан көрсетіп, халықтың денсаулығын жақсартуға үлкен үлес қосып келеді.
А.Әлім