Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы елдегі туу көрсеткіші бойынша бесінші орында тұр. Сондай-ақ, күніне орташа есеппен 55-ке дейін сәби дүниеге келіп, айына 1600 сәби дүние есігін ашқан. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық статистика департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Нұрқабылова мәлімдеді.
«Осы жылдың 1 сәуірінде облыстағы халық саны 836,5 мың адамды құрады. Тиісті кезеңмен салыстырғанда халық саны 1,3 пайызға өсті. Бұл демографиялық дүмпуді байқатады. Ал облыс халқының табиғи өсімі 3,6 пайызға артып отыр. Сондай-ақ, көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2023 жылғы қаңтар-наурызында облысымызға тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 4490 адамды құрады. Одан бөлек, аймақтан кеткендердің саны 5414 адам. Көші-қонның айырымы – 924 адамды құрап отыр. Мұнан өзге, алыс және жақын шет елдерден 4 адам көшіп келсе, республиканың басқа облыстарынан 1331 адам Сыр өңіріне қоныс аударды», – деді Гүлмира Жеткергенқызы.
Айта кету керек, 1000 тұрғынға шаққандағы туу көрсеткіші бойынша біздің облысымыз Маңғыстау, Түркістан, Атырау облыстары және Шымкент қаласынан кейінгі бесінші орында.