Kyzylorda-news.kz Ауырмаудың жолын іздейтін елміз. Себебі «бірінші байлық – денсаулық». Саулық – тән, рухани және әлеуметтік игіліктің жиынтығы.
7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні. Бұл атаулы күн Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының құрылған күнінде аталып өтіледі. 1948 жылы құрылғаннан бері әлемнің екі жүзге жуық мемлекеті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше болып отыр. Бұл күнді жыл сайын атап өту 1950 жылдан бастап дәстүрге айналды. Ұйым әр жылды медицинадағы аса көкейкесті мәселелердің біріне арнап отырады.
Ал Қызылорда облысында медицина саласында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Денсаулық сақтау саласына қажетті қызметтік көліктер алынып, заманауи құрал жабдықтармен қамтамасыз етуде оң өзгерістер бар. Жақында көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылды. Бұл сала мамандарының жоғары деңгейде жұмыс атқаруына оң септігін тигізеді.
– Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласын басым бағыттардың бірі ретінде белгілеп, халыққа арнаған Жолдауында нақты талаптар қойды. Осыған орай көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Бұрынғы аппарат бұзылып, ауруханада 2016 жылдан бері мұндай құрал-жабдық болған жоқ. Мәселенің шешімін табу үшін бюджеттен қаржы бөліп, биыл бағасы 646 млн теңге тұратын МРТ аппараты алынды. Жаңа құрал өңір халқының игілігіне, аурудың алдын алу, анықтау жұмыстарын ілгерілетуге қызмет етеді, – дейді сала мамандары.
Мұндай қамқорлықтың нәтижесінде облыстық көпбейінді ауруханада күрделі ота жасау мүмкіндігі туындап отыр. Өткен жылдың желтоқсанында бүйрек ауыстыру отасын А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Баймахановтың басшылығымен қызылордалық дәрігерлер сәтті атқарып шықты.
– Елімізде 2011 жылдан бері бүйрек және бауыр трансплантациясы кең ауқымда жүргізіліп келеді. Бүгінге дейін 1000-ға тарта ота жасалды. Оның 700-і бүйрекке қатысты болса, қалғанын бауыр трансплантациясы құрайды. Бұл – өте күрделі іс, оған әрбір дәрігер үлкен жауапкершілікпен қарайды. Тәжірибесі жоғары болуы ескеріледі. Біз облыстық көпбейінді аурухана дәрігерлерінің ұсынысын қабыл алдық. Аурухана оған қажетті медициналық құрал жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ота төрт сағаттан астам уақытқа созылды. Жалпы, бұл өте жіті назарда болады. Барлығы алдын-ала зерттеледі, – дейді Болатбек Баймаханов.
Айта кетсек, өңірдің медицина саласында ауқымды жобалар жүзеге асуда. 2022 жылы 45 жедел жәрдем көлігі алынып, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы 100% автокөлікпен қамтамасыз етілді. Өткен жылы денсаулық сақтау ұйымдарына 512,5 млн теңгеге 25 жаңа санитарлық автокөлік табысталған.
Сонымен қатар өткен жылы тамыз айында Қызылорда қаласының сол жағалауында құны 2 млрд 700 млн теңгені құрайтын Қан орталығының іргетасы қаланды. Нысан жылына 5000-10000 адамға қызмет көрсете алады. Орталықтың салынуы – аймақтың денсаулық сақтау саласы үшін маңызды әрі ұтымды шешім. Бұл – облыс тұрғындарының денсаулығын сақтау және қорғау бағытындағы нақты іс-шараның бірі.
Тұрғындар сұранысына сәйкес, биыл өңірдің барлық елді мекендеріндегі денсаулық сақтау мекемелеріне 200 санитарлық автокөлік сатып алынады Оған қоса 9 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылуда. Бұл жұмыстарға 3 млрд 700 млн теңге қаралды.
Жақын күндері Жаңақорған ауданындағы көпбейінді аудандық орталық аурухана базасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылады. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры кейінгі екі жылда аймақтың денсаулық сақтау саласына 2 млрд теңге қаржы бағыттады. Оған облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» реабилитациялық орталығы ашылып, аса қымбат дәрі-дәрмектер алынды. Сондай-ақ қор республика бойынша 3 облыста ғана бар, құны 1 млрд 100 млн теңге тұратын онкологиялық скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етті.
Мамандардың біліктілігін арттыру мәселесі де назардан тыс қалған емес. Дәрігерлердің республикалық орталықтарда ғана емес, шет елдерде де біліктілігін арттыруға жергілікті бюджеттен 80 млн теңге бөлінді. Сәуір айында Стамбул қаласындағы Қазақстанның бас консулының қолдауымен Түркиядағы «Мемориал» клиникасына 10 реаниматолог және 5 кардиолог біліктілік арттыруға барады. Бұл бағыттағы шаралар жыл көлемінде жалғасын табады.
Фото: bangkokbook.ru