Kyzylorda-news.kz  Аймақта қабылданған эпидемияға қарсы шаралардың нәтижесінде мамыр айында қызылша деңгейінің төмендеуі байқалады.

Бұл ретте қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау науқанының тиімділігін көруге болады. 2023 жылдың 06 қарашасынан басталған бұл шара аясында 72690 адам ауруға қарсы екпе алып, бүгінгі күні ұжымдық  иммунитет қалыптасып келеді. Дегенмен эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандырып, вирус айналымын әлсірету үшін әлі де тиісті контингент екпемен қамтылып, қорғаныш қабілетін нығайтуы керек. Себебі сырқаттанушылық негізінен вакцинацияланбаған балалардың арасында тіркеледі, бұл ауруға шалдыққан балалар санының 80%-ын құрайды.

Сондықтан Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ата-аналарды ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес баланың 12-15 айлығында және 6 жасында қызылша, қызамық пен паротитке қарсы вакцинаны уақытылы алу қажеттігін ескертеді.

– Эпидемиологиялық мониторинг қызылша індетіне шалдыққандардың басым бөлігі ауруға қарсы екпе алмағандығын көрсетіп отыр, бұл өз кезегінде қызылша инфекциясынан сақтанудағы екпенің қажеттілігін тағы бір дәлелдеп отыр. Халық арасында қызылша ауруына қарсы вакцинациялау барысы әлсіреп, екпеден бас тартушылар саны артқан жағдайда ұжымдық иммунитет бәсеңдей түседі. Сәйкесінше ауру жұқтырып алу қаупі күшейе түседі. Қауіп тобында екпе алмаған, иммунитеті әлсіз адамдар. Сондықтан аурушаңдық көрсеткіштері бәсеңдей түскен уақытта қайтадан өршітіп алмас үшін, уақытылы ем қабылдап, вакцина алудың өзектілігін түсіндіреміз. Сондықтан сақтық шараларына салғырт қарамай, екпе алу арқылы аурудан қорғануға болатындығын есте сақтаған абзал, – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіның басшысы Динара Жанабергенова.

 

Тағы да оқыңыз: