Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы бойынша эпидемиологиялық маусымда жедел респираторлық вирусты инфекциясын 19745 адам жұқтырған.

Ауруға шалдыққандардың 64,7 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Оның ішінде 24,1 пайызы 1 жасқа дейінгі нәрестелер.  Есепте тұрған жүкті әйелдер арасындағы ЖРВИ-ға шалдығу көрсеткіші 25 пайызды құрап отыр. Ауруханаға жатқызу  көрсеткіші  жалпы облыс бойынша 11%. 

«Жүргізілген эпидемиологиялық мониторингке сәйкес облыстық аурушаңдық апталық көрсеткіштің бақылау деңгейінен асып, эпидахуалдың күрделенуі байқалған жоқ. Дегенмен өткен жылдың ағымдағы мерзімімен салыстырғанда аурушаңдық деңгейі 39%-ке жоғары. 2021-2022 жылғы эпидмаусымда  ауыр ағымдағы жедел респираторлы вирусты инфекциясымен 3087 науқастан алынған анализдер Ұлттық сараптама орталығының вирусологиялық зертханасында ПТР әдісімен тексеріліп, 9 сынамадан тұмау анықталды. Басым бөлігі облыс орталығында тіркелді. Сонымен қатар 1871 сынама тұмау емес ауруларға тексеріліп, нәтижесінде 15 аденовирус, 1 парагрипп, 2 РС вирус тіркелді», – делінген облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарламасында.

Айта кетейік, тұмау  ауруының алдын алу мақсатында  80186 доза вакцина алынған. Бүгінгі күні облыс тұрғындарының 95,6 пайызына тұмауға қарсы вакцина салынды.

Тағы да оқыңыз: