Kyzylorda-news.kz  Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры  2024 жылғы ақпан айының  қорытындысы бойынша медициналық қызметтерге төлем аудара бастады. Жыл басынан бері еліміздің медициналық ұйымдарына 1 трлн теңгеден астам қаржы төленді. 

10  маусымдағы жағдай бойынша бұған дейін алған авансты ескеріп, 1807 медициналық ұйымға 124,9 млрд теңге төленді. Қызылорда облысында 111 медициналық ұйымға 6,99 млрд теңге төленді.

«Бұл ретте медициналық ұйымдар осы уақытқа дейін қаржыландырусыз қалған емес. Биыл жыл басында оларға әдеттегідей 30% мөлшерінде аванс жіберілді. Жалпы алғанда 1875 медициналық ұйымға 789 млрд теңге сомаға аванс берілді. Қызылорда облысында 112 медициналық ұйымға 42,26 млрд теңге сомаға аванс берілді. Кейбір жеткізушілер қажеттіліктің болмауына байланысты аванс алудан бас тартты. Жоғарыда айтылғандай, берілген аванстар ай сайын нақты көлемдерден шегеріліп отырады», - делінген МӘМС қорының Қызылорда облыстық филиалының хабарламасында.

Жыл басынан бері қаржыландыру көлемі, оның ішінде амбулаториялық дәрі-дәрекпен қамтамасыз етуді қосқанда 1 трлн 16,6 млрд теңгені құрады. Ақпан айындағы төлемді 2024 жылдың 14 маусымына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
 

Тағы да оқыңыз: