Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда қаласындағы жаңа мөлтек ауданда заманауи технологиялармен жабдықталған «NAZDARMED» отбасылық және интегративті медициналық клиникасы ашылды.
Салтанатты шараға Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов қатысты.
«Медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету Мемлекет басшысы алдымызға қойған басты міндеттердің бірі. Біз шаһардың барлық тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуді мақсат еткен мұндай ауқымды жобаларды қолдауға әрқашан дайынбыз», - деген Жанмұрат Сейілов клиника ұжымының жұмысына табыс тіледі.
32 маман жұмыспен қамтылып, қызылордалықтарға қолжетімді медициналық қызмет ұсынатын емдеу нысаны жобасын клиника басшылығы «Даму» қорының қолдауымен Қазақстан Халық Банкінен 71 млн тг, екінші деңгейлі банктерден 42 млн теңге несие алу арқылы жүзеге асырып отыр.
Соңғы үлгідегі құрылғылармен жарақтанып, білікті мамандардың басын қосқан емдеу нысаны қызылордалықтарға күндізгі стационар және диагностикалық кеңестер қызметін ұсынатын болады.
Емдеу орталығының директоры медицина саласына 35 жылға жуық еңбегін сіңірген облысымызға белгілі акушер-гинеколог дәрігер Жұмашева Гүлнар Хамзақызы.
Гүлнар Хамзақызы аймағымызда 130 мың бала, 8000 ауыр жағдайдағы ананың өмірін сақтауға үлес қосқан білікті маман. Тіпті елімізді індет шарпыған сәтте де ковидпен ауырған 30 ананың өмірін сақтап қалған. Осындай басшысы бар, дәрігері бар емдеу орталығының жоғары деңгейде халыққа медициналық қызмет көрсететіне күмән жоқ.