Kyzylorda-news.kz. Былтыр Қызылорда қаласында инфекциялық және паразиттік аурулар бойынша қала тұрғындары арасында жіті ішек инфекцияларының вирусты гепатит, туберкулез, бруцеллез және Конго-Қырым гемаррагиялық қызбасының эпидемиологиялық ахуалы тұрақсыз болып, 19 инфекция көрсеткіші жоғары сипатқа ие болды, ал 7 инфекция көрсеткіштері азайды.
«Өткен жылы қалада жіті ішек инфекциясының 1684 оқиғасы (оның ішінде 3 жасқа дейінгі балалар арасында 1419 жағдай) тіркелсе, туберкулезбен 204 науқас жаңадан анықталды. Жедел ішек ауруларының алдын алу мақсатында аурудың басты таралуының себептері - үй жағдайында дайындау технологиясы бұзылған немесе дұрыс сақталмаған тағамдар, сүт өнімдері, сусындар, дұрыс жуылмаған, тазартылмаған жеміс-жидектер, қайнамаған су және бала күтімінің нашарлығы т.б. болдырмау қажет», - деді Қызылорда қалалық санитариялық - эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Ұзақбаев.
Сонымен қатар, жедел вирусты гепатит А ауруының 8 оқиғасы тіркеліп, ауру оқиғалары орын алған мектептер жоспардан тыс тексерілді. Нәтижесінде эпидемиялық көрсеткіш бойынша 386 бала вирусты гепатит А қарсы екпемен қамтылды. Жалпы, Қызылорда қаласында вирусты гепатит А қарсы жоспарлы профилактикалық екпелермен 12 609 бала қамтылған.
Бұдан бөлек, Қызылорда қаласында COVID-19 коронавирустық инфекциясының 4216 оқиғасы тіркелді. Аурудың алдын алуда басымды және тиімді шара - вакцинация және ревакцинация болып табылады. COVID-19 инфекциясы қарсы қала халқының 87,9%-ы егумен (егілгені – 225 334) қамтылды.
«Қызылорда қаласының әкімшілік аумағы аса қауіпті Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының (әрі қарай - ККГЛ) табиғи ошағында орналасқандықтан қолайсыз болып саналады. Өткен жылы Қызылорда қаласында ККГЛ алғашқы диагнозымен 13 жағдайы тіркелсе, «Кене шағу» диагнозымен 446 жағдай анықталды. Жалпы, басқарма мамандарымен 2022 жылы 552 тексеру жүргізілген. Жүргізілген ерекше тәртіп бойынша және жоспардан тыс тексерулер барысында барлығы 324 заңбұзушылықтар анықталып, жауапты тұлғаларға әкімшілік шара көрілді және айыппұлдар салынды, нысандарға бұзушылықты жою туралы ұйғарымдар берілді», - дейді Ерлан Амантайұлы.
