Kyzylorda-news.kz. Қазіргі таңда тұрғындар үйден тіркелу арқылы емханаға жүгінеді. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Раушан Бақтыберлина мәлімдеді.

«Тұрғындар емханаларға тіркелуді екі тәсіл арқылы жүзеге асыра алады. Тікелей медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымы арқылы және «Электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. ЭЦП кілт арқылы тіркеліп, бір күннен кейін дәрігерге көрінеді. Сонымен қатар жылына бір рет қыркүйек-қараша айларында бекіту науқаны болады. Аталмыш науқанда халық өз емханасын таңдай алады», - деді  Раушан Сейткасымқызы.

№3 қалалық емхананың бас дәрігері Гүлстан Мақсұтова қазіргі күні науқастарды тегін дәрімен қамтамасыз ету жүргізіліп жатқанын айтты.

«Бүгінде науқастарды тегін дәрімен қамтамасыз ету жүргізіліп жатыр. Қант диабеті, жүректің ишемиялық аурулары, артериялық гипертензия, созылмалы бронхит, өкпенің созылмалы аурулары, гепатит, ересектер тобының тізімінде көрсетілген психикалық жүйке аурулары, бүйректің созылмалы жетіспеушілігіне, онкологиялық қатерлі ісік ауруларына, өкпенің демікпе науқасына, Ковид-19, неврологиялық ауру түрлеріне шалдыққандар тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Тегін дәрі-дәрмекке жыл соңында ұсыныс беріп, қаңтар айынан бастап науқастарға жолдама арқылы береміз. Атқарылып жатқан жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда», - деді емхананың бас дәрігері.

№6 қалалық емхананың бас дәрігері Жаннат Қожарипова скринингтік тексерулер толығымен ақысыз өтетінін айтты.

«Скрининг - бұл белгілі бір жастағы сау адамдарды алдын-ала медициналық тексеруден өткізу, қауіп факторлары мен ауруларын ерте сатысында анықтау. Скринингтен өтудің басты мақсаты қауіпті ауруларлың алдын алу болып табылады. Скринингтік тексерулер толығымен ақысыз өткізіледі. Бүгінде емханаларда скринингтің бірнеше түрі жүргізіледі. Бұл тексерілу жұмыстары екі жас санаты бойынша жүргізіледі. Біріншісі - 18 жасқа дейінгі балалардың скринингі. Ол балалар арасындағы аурудың алдын алуға көмектеседі. Екіншісі – ересектер арасындағы скрининг. Бұл тексеру жұмыстары қант диабеті, қатерлі ісіктердің алдын алуға бағытталған. Осы орайда, барша тұрғындарды уақытылы скринигтен өтуге шақырамыз», - деді №6 қалалық емхананың бас дәрігері Жаннат Қожарипова.

Тағы да оқыңыз: