Kyzylorda-news.kz  Маусым айының үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің күні. Бұл күн дертке дауа, жанға саулық сыйлайтын ардақты мамандық иелерінің еңбегі еленетін күн.

Адам өмірін, денсаулығын сақтау үлкен жауапкершілікті іс. Мұндай мамандықты таңдап, өз ісіннің нағыз маманы болу оңай емес. Дәрігер болу бір адамның емес, барша халықтың өміріне жауапты болу десек артық болмас. Жалпы дәрігер болғысы келетін жандар көп екендігі айтпасада түсінікті, алайда екінің бірі дәрігер бола алмайды. Тек адам анатомиясын терең зерттеуге қабілеті жоғары, қорықпайтын, науқастың тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жандар ғана осы салада жұмыс жасай алады. Солардың бірі әрі бірегейі – №3 қалалық емханасында қызмет ететін хирург, онколог, маммолог дәрігер Ысқақов Бақыт Сейдуллаұлы.

Білікті дәрігер 1974 жылы Қызылорда қаласы Арал ауданы Бөген ауылында дүниеге келген екен. Бала кезден дәрігер болуды армандаған ол мектеп бітірген соң, яғни 1991 жылы Шымкент медициналық колледжіне сандфельдшер бөліміне оқуға түседі.  Аталған оқу орнын тәмамдаған соң медицина саласында одан әрі даму мақсатында Алматыға келеді. Солай  1995 жылы С.Д.Асфендияров атындағы ҚазГМУ-да білім алады. Одан әрі интернатура хирургия бойынша білімін жетілдіреді. Мұнан кейін Қазақ онкология және радиология ҒЗИ» орталығында онкология бойынша қайта даярлау курсынан өтеді.

Бақыт Сейдуллаұлы алғашқы еңбек жолын Байқоңыр қаласындағы санитарлық эпидемиологиялық станциясынан бастайды. Жұмысын абыроймен атқарған Бахыт Ысқақов бұдан соң Қызылорда қаласындағы медицина колледжінде ұстаз болып, ағарту саласында жұмыс істейді. Алайда дәрігер болуға деген құштарлығы оның өз саласына қайта келуіне түрткі болады. Осылайша, медицина саласындағы еңбек жолын Алматы қаласындағы жедел-жәрдем №3 станциясында жалғастырады. Өзіне жүктелген жұмысты жауапкершілікпен атқарып, ел алғысына бөленген жан кейін Қызылорда қаласындағы №5 қалалық емханаға келеді. Мұнда хирург және онколог қызметін мінсіз атқарған дәрігердің еңбек жолы 2006 жылдан бастап №3 қалалық емханада жалғасуда.

Бүгінде білікті әрі тәжірибелі ақ халатты абзал жан аталған емханада хирург, онколог болып істесе, одан бөлек ТОО «Intertich» емханасында хирург қызметін, сондай-ақ жедел жәрдем станциясында бөлім меңгерушісі болып жұмыс істейді.

Ұзақ жылдар бойы медицина саласында абыройлы қызмет етіп келе жатқан дәрігердің бойынан жұмысына деген адалдық пен жауапкершіліктен бөлек, мейірімділік, ізгілік, жігерлілік, жанашырлық сынды асыл қасиеттерді көруге болады. Ол өзінің бар білім мен іскерлігін науқас үшін сарп ететін нағыз дәрігер атанған. Үнемі кәсіби біліктілігін арттырып, көз майын тауысып өзінің саласына сәйкес ғылыми еңбектерді тынымсыз ақтарып, теорияны тәжірибемен ұштастыра білу – Бахыт Сейдуллаұлы үшін бұлжымайтын қағида. Ол қадір-қасиеті мен ар-ожданын биік ұстайтын азамат. Бұл әрине сенім мен құрметке лайық және еңбек жолында дәрігерге қажет басты қасиет.

А.Әлім

Тағы да оқыңыз: