Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық перинаталдық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны ана мен бала өміріндегі маңызды орталықтың бірі. Сонымен қатар облыстағы ІІІ деңгейлі медициналық көмек көрсететін мекеме.  

Аталған денсаулық мекемесі 2014 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарлама аясында салынған болатын. 250 төсектік медицина мекемесі бүгінде заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған.  Ана мен бала денсаулығын сақтауда бар мүмкіндік жасалған. Бүгінгі таңда жалпы облыс бойынша 18 мыңнан жоғары босанудың 60 процентін құрайтын, жылына 11000 мыңға жуық босану болатын ірі босандыратын медициналық ұйым.

Республика көлемінде бала туу көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы алдыңғы қатардағы өңірлер санатында. Ал ананың аман-есен босануы, баланың дені сау өмірге келуі үшін мекемеде мамандандырылған білікті дәрігерлер жұмыс атқаруда. Дәрігерлер, акушерлер мен мейірбикелердің қазіргі заман талабына сай кәсіби біліктіліктерін арттыру мақсатында еліміздің жетекші емдеу мекемелерімен қатар, алыс-жақын шет мемлекеттеріндегі медициналық орталықтарда жүйелі түрде тәжірибе алмасады. Облыс әкімдігінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының ықпалымен мамандардың біліктілігін арттыру жұмысы оң шешімін тапқан.

Ана мен балаға көрсетілетін көмек сапасын жақсарту мақсатында орталықтағы дәрігерлерді қосымша мамандыққа оқыту арқылы невролог, кардиолог, офтальмолог мамандары даярланып, жұмыс жүргізуде. Осы мамандық бойынша қажетті аппараттар Холтер, СМАД, ЭЭГ, ЭКГ аппараттары сатып алынып, қолданысқа енгізілген. Сонымен қатара телемедицина арқылы республиканың орталықтармен байланыс жолға қойылған.

Ана мен бала орталығы Орталық Қазақстан, Ресей, Германия, Жапония мемлекеттерінің үздік медициналық құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Мекеменің қызмет көрсету бағыты – жүкті және босанған әйелдерге, ауыр патологиясы бар әйелдерге, жаңа туған нәрестелерге және гинекологиялык науқастарға мамандандырылған медициналық көмек көрсету болып табылады. Қазіргі таңда мұнда бірнеше бағытта медициналық қызмет көрсетіледі. Оның ішінде, акушерлік және гинекологиялық қызмет, анестезиологиялық – реанимациялық, неонатология, медициналық генетика, лабораториялық диагностика (клиникалык, бактериологиялық) қызмет, консультативті-диагностикалық бағытта УДЗ диагностика, рентгенологиялық диагностика көмегі көрсетіледі.

Облыстық ана мен бала перинаталдық орталығында ота блогы, қабылдау бөлімі, жүктілер паталогиясы, І акушерлік бөлім, ІІ акушерлік бөлім, реанимация және қарқынды терапия бөлімі, неонаталды блок, гинекология бөлімі, клиникалық-диагностикалық зертхана, инфекциялық бақылау, дәріханасы бар госпиталды фармация, әкімшілік, жалпы аурухана бөлімі жұмыс істейді.

Ана мен бала денсаулығын қорғау саласында сапалы және тиімді перинаталдық көмек көрсетуді мақсат еткен орталықта күн сайын жаңа өмірдің есігін қаққан сәбилер дүниеге келуде. 

Тағы да оқыңыз: