Kyzylorda-news.kz Қоғамдағы халықтың тамақтану әдеттері соңғы жылдары елеулі өзгерістерге ұшырап, дәстүрлі тағамдар мен заманауи өнімдердің үйлесімі байқалады. Тамақтану мәдениеті мен рациондық таңдаулар адамның денсаулығына тікелей әсер ететіні белгілі, сондықтан қант пен тұзды тұтыну деңгейі, дәрумендер мен биологиялық белсенді қоспаларды қолдану жиілігі ерекше мәнге ие. Еңбек адамдарының тамақтану әдеттері мен тағамдық үлгілерін жан-жақты бағалау және алынған нәтижелер негізінде денсаулықты сақтау мен жақсартуға бағытталған нақты ұсыныстар жасау мақсатында өндірістік және тұрғын үй құрылысы саласында еңбек етіп жүрген 100 құрылысшы респонденттен Әлеуметтік сауалнама алынды.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, құрылысшылардың 42%-ы поливитаминдерді аптасына 1-2 рет қолданса, 30%-ы сирек, ал тек 28%-ы тұрақты түрде қабылдайды. Витамин А-ны респонденттердің 52%-ы аптасына бірнеше рет, 28%-ы сирек, ал 20%-ы әрдайым тұтынады. Витамин С және D тапшылығы да байқалады: тұрғындардың 45%-ы витамин С-ті аптасына 3-4 рет, 35%-ы сирек, ал 20%-ы күнделікті қабылдайды. Бұл көрсеткіштер адамдарда иммундық жүйенің әлсіреуіне, көз және тері денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Қант пен тұздың артық мөлшерде қолданылуы да кең таралған мәселе болып отыр. Сауалнамаға қатысқан құрылысшылардың 38%-ы күніне 1-2 шай қасық қант тұтынатынын айтса, 27%-ы 3-4 шай қасық, ал 15%-ы күніне 5 шай қасықтан астам қант қолданатынын мәлімдеді. Дайын тағамға қосымша тұз қосу әдеті респонденттердің 42%-ында байқалады. Мұндай тенденция жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін арттырады және тұрғындарға арналған ақпараттық науқандарды ұйымдастыру, тұзды тұтынуды бақылау қажеттігін көрсетеді.
Ет өнімдері Қазақстан тұрғындарының рационында негізгі орын алады. Сауалнамаға қатысқан құрылысшы респонденттердің 48%-ы сиыр етін аптасына 1-2 рет, 30%-ы 3-4 рет тұтынады. Жылқы етін аптасына 1-2 рет қолданатынын 52%, сирек тұтынатынын 25% атап өтті. Қой етін аптасына 1-2 рет тұтынатындар 35%, ал шошқа етін сирек пайдаланатындар 28% құрайды. Тауық еті аптасына 3-4 рет қолданылады деп есептегендер 46%, ал жұмыртқаны аптасына 3-5 рет тұтынатынын 40% айтты. Балық өнімдері мен теңіз өнімдері күнделікті рационда сирек кездеседі: тек 18% респонденттер аптасына бір рет қолданса, қалған 82% тұтынбайды немесе сирек пайдаланады. Бұл омега-3 май қышқылдары мен йод тапшылығына алып келуі мүмкін, сондықтан теңіз өнімдерін рационға қосу ұсынылады.
Сүт өнімдері халықтың оның ішінде құрылыс саласында еңбек етіп жүрген мамандардың күнделікті рационында тұрақты орын алады. Йогурт, кефир, айран және ряженканы күнделікті тұтынатындар 42%, аптасына бірнеше рет қолданатындар 38%, сирек пайдаланатындар 20% құрайды. Сүт өнімдерінің әртүрлілігін арттыру ұлттық дәстүрді сақтау мен пайдалы микрофлораны қалыптастыруға септігін тигізеді. Қымыз, шұбат және құрт сияқты ұлттық өнімдердің тұтыну деңгейі төмен (жалпы респонденттердің 22%-ы), бұл дәстүрлі тағам мәдениетін сақтаудың қажеттілігін көрсетеді.
Дәнді дақылдардың ішінде күріш, гречка, арпа және манка басты рөл атқарады. Көкөністердің негізгі түрлері – сәбіз (52%), қызылша (48%), қырыққабат (45%) – жеткілікті мөлшерде пайдаланылады. Сирек кездесетін көкөністер мен консервіленген өнімдер аз қолданылады (жалпы 15-18%). Жеміс-жидектерді күнделікті тұтынатындар 40%, аптасына бірнеше рет қолданатындар 38%, ал сирек тұтынатындар 22% құрайды. Сусындар арасында қара шай (65%), компот (42%), жеміс шырыны (35%) және минералды су (28%) негізгі орын алады. Кофе мен какао қалалық және жас аудитория арасында танымал (40%), ал алкогольді сусындар тұтыну деңгейі төмен (12%). Шоколад, печенье және тәтті бәліштерді аптасына 1-4 рет тұтынатындар 48%, күнделікті қолданатындар 12% құрайды.
Зерттеу нәтижелері құрылысшылардың рационы дәстүрлі тағамдар мен заманауи өнімдердің үйлесімін сақтай отырып қалыптасқанын көрсетеді. Дегенмен, дәрумендер мен балық өнімдерінің жеткіліксіздігі, қант пен тұздың кейбір топтарда жоғары тұтынылуы, сондай-ақ сирек кездесетін көкөністер мен ұлттық өнімдердің аз пайдаланылуы денсаулыққа теріс әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты профилактикалық шаралар ретінде: дәрумендер мен поливитаминдерді қолдануды арттыру, қант пен тұзды шектеу бойынша ақпараттық науқандар ұйымдастыру, ет пен балықты теңестіріп рационға қосу, ұлттық сүт өнімдерін насихаттау, көкөніс пен жеміс-жидек тұтынуды күнделікті жеткілікті деңгейге жеткізу, индустриалды тәттілерді азайту арқылы дәстүрлі тәттілерді пайдалану ұсынылады.
Осы шараларды жүзеге асыру арқылы халықтың әсіресе құрылыс саласында тер төгіп жүрген мамандардың тамақтану мәдениеті жақсарып, дәстүрлі және заманауи тағамдардың үйлесімі арқылы денсаулық сақтау деңгейін арттыруға, жүрек-қан тамырлары аурулары мен дәрумен тапшылығынан туындайтын проблемаларды алдын алуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, зерттеу нәтижелері қоғамда денсаулық сақтау саласындағы саясатты қайта қарауға, тамақтану мәдениетін жақсартуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға негіз бола алады.
А.А. АБДУЛДАЕВА,
“Астана медицина университеті” КеАҚ,
Академик Е.Д.Даленов атындағы
профилактикалық медицина ҒЗИ директоры,
м.ғ.к., профессор,
Г.Н. ДОСЖАНОВА,
Бас ғылыми қызметкер, PhD,
С.К. САПАРБЕКОВА,
Нутрициология магистрі, 1 курс.
Коллаж: Б.Салмырза
