Kyzylorda-news.kz. Тірек-қимыл аппаратын оңалту (реабилитация) бағдарламасы – бұзылулар немесе бұлшықеттердің, сіңірлердің, байламдардың немесе сүйектердің жарақаттары салдарынан бұзылған немесе мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған дәрігердің бақылауындағы бағдарлама. Тірек-қимыл аппаратын қалпына келтіру бағдарламалары көбінесе адамның жұмысын жақсартады, симптомдарды азайтады және әл-ауқатын жақсартады. Осы тұста Жалағаш аудандық ауруханасында үш жылдан бері қайта қалпына келтіру бөлімшесі тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетіп, тірек-қимыл аппараты бұзылған жандарды сауықтыру үшін күн-түн демей жұмыс жасауда. 

Емделуші көп және жоғарыда айтқандай, аталған бөлімшеде ем алатын науқастардың барлығының жүйке талшықтары жарақаттанған. Атап айтсақ, ондағы дәрігерлер мен медбикелер көбіне инсульт, миокард инфаркт, ауыр бас ми жарақатын алғандар және түрлі жағдайларға байланысты тірек-қимыл аппараты зақымданған жандарды сауықтырады. Жай күндері жүйке жүйесі сау адамның өзі лықсып келген ашуын тежей алмай қалатынын ескерсек, қайта қалпына келтіру бөлімшесіндегі айлап, жылдап төсекке, арбаға таңылып, жамбасы тесілген науқастардың тілін тауып, бабын жасау оңайға соқпайтыны анық. Алайда біз осы мақаламызды жазбас бұрын аталған бөлімшенің біркүндік жұмыс барысымен таныстық. 

Айтқанымыздай, оңалту орталығының қызметі тәулік бойы тынбайды екен. Дәрігерінен бастап, медбикелер, тіпті техникалық қызметкерлеріне дейін қабағын бір шытпайды, мінездері биязы, сұрағыңа күлімсіреп, жылы жауап береді. Бізді жайдары қарсы алған бөлімше дәрігері Әсем Шамитаева да – өз саласының білікті маманы.   

– Науқастың ең алдымен тәнін емес, жанын емдеу керек және жанды емдейтін дәрі мен ине емес, жылы сөз. Бойын дерт меңдеген адамға кірбіңсіз көңіл мен жылы сөздің өзі жұбаныш. Жан емделсе, тән де емделеді. «Жаны саудың – тәні сау» деген сөз бекер айтылмаған. Қазірде қоғамдық қарым-қатынас өзгеріп, басқаша сипат алды. Көбіне біз бір-бірімізге тамшыдай болса да кіршіксіз көңілімізді, бір ауыз жылы сөзімізді қимаймыз. Жүрегіміз қатайып, сезімдеріміз семе бастаған. Ал оның салдары денсаулыққа айтарлықтай салмақ түсіріп, түрлі аурулардың туындауына себепші болады. Сондықтан біз жұмыс барысында ең бірінші кезекте науқастармен барынша жылы қарым-қатынас орнатуды жолға қойдық. Қай жерің ауырса, жаның сол жерде. Яғни аурудың ауыр-жеңілі жоқ. Кез келген науқас дәрігерден үміт күтеді. Ал біз мейлінше сол үміт шырағын сөндірмеуге тырысамыз, – дейді Әсем Ортайқызы. 

Дәрігердің айтуынша, қайта қалпына келтіру бөлімшесі аудан бойынша амбулаторлы-емханалық, күндізгі стационарлық және тәуліктік аурухана деңгейлерінде өз кезеңімен науқастарға оңалту емін жүргізіп келеді екен. 2019 жылы Жалағаш аудандық орталық ауруханасында 5 орындық «Қайта қалпына келтіру» бойынша науқастарды емдеу палатасы ашылып, терапия бөлімшесінің құрамында болған. Ал 2020 жылдан бері қайта қалпына келтіру бөлімшесі болып жасақталып, қазіргі таңда 20 төсекорындық тәуліктік және 5 төсекорындық күндізгі стационарлық қалпына келтіру бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Реабилитациялық бөлімшеге «кардиология және кардиохирургия», «травматология және ортопедия», «неврология және нейро-хирургия», «пульмонологиялық» профильдер бойынша ауырған науқастар жоспарлы түрде ем қабылдайды. Сонымен қатар реабилитациялық науқастарды қалпына келтіру мақсатында дәрілік препараттар арқылы ем жасаумен қатар, психологиялық көмек, емдік дене шынықтыру, массаж және физиотерапиялық қызметтер көрсетіледі. Бөлімшеде арнайы оқытылған 1  реабилитолог дәрігер, 1 психолог, 1 емдік физкультура жаттығуларын үйрететін арнайы инструктор, 1 массажист, 2 физиотерапия медбикесі және кезекшілікпен келетін медбикелер мен науқастарға күтім жасайтын кіші аяжандар командалық емдік сауықтыру жұмыстарын бірлесе атқарады.

Жоғарыда айтқанымыздай, қайта қалпына келтіру бөлімшесі  инсульт алған, омыртқа жотасының жарақатын алған, омыртқа жотасына ота жасалған, ауыр бас ми жарақатын алған науқастар, аяқ-қолдың салдануы, сөйлеудің бұзылысы сияқты аурулардың салдарын қайта қалпына келтіруге жұмыс жасайды. Дәрілік еммен қатар физиопроцедуралар, жылумен емдеу, тоқпен емдеу, массаж, қарқынды дене шынықтыру, механотерапия, эрготерапия, психологиялық ем тәсілдері тағайындалады. Жүректің ишемиялық аурулары: шунттау оталарынан кейін, миокард инфарктын алған науқастар, сонымен бірге травматология ортопедия саласы бойынша аяқ сүйектерінің сынуынан кейін, буын ауыстыру отасынан кейін, туа пайда болған және жүре пайда болған деформацияларды оперативті емдеуден кейін науқастар қайта қалпына келтіру емін қабылдай алады. Науқастар реабилитациялық емге емхананың жоспарлы жолдамасымен портал арқылы келіп ем алады. Бөлімше медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мәселен, жаттығу залындағы тұрақтылықты, тепе-теңдікті сақтауға  вертикализатор аппараты инсульттан кейін аяқтан тұруға және Artromat k1 аппараты тізе және жамбас бұлшық еттеріне жасалған отадан кейін жан ендіруге көмектеседі. Ал имитатор аппарат құрылғысы инсульт алғанда, омыртқа жарақаттанғанда және түрлі жағдайдағы мү-гедектікте қолданылады. Одан бөлек веложаттығу, жансызданып қалған аяқ-қолдың нүктелерін оятуға, қимыл-қозғалысты қалпына келтіруге арналған аппараттардың науқастардың сауығып кетуіне ықпалы зор. 

– Емдік физкультура бөлмесіне келуге ем алушылардың ынтасы жоғары. Демек, бұл аурумен күрескен науқастардың денсаулығына оң әсерін тигізіп, нәтиже беріп жатыр дегенді білдіреді. Бұл жерге келетін науқастардың кішкене болса да әрбір қимылы миына дабыл түсіреді. Яғни ми орталығы бойды билеген ауруды тек қимыл-қозғалыс қана жеңетіні жөнінде ақпарат толқынын қабылдайды. Ал ол ақпарат әрбір науқас адамға үміт сыйлап, жаттығуға деген ынта-жігерін арттырады, – дейді емдік физкультура бөлмесінің инструкторы Ербол Талқанбай. 

Кемедегінің жаны бір. Бір-біріне демеу болып, жылы сөзбен жұбатқан бөлімшедегі науқастардың бар сенетіні – дәрігер. Иә, сенім – үлкен күш. Ем алушылардың барлығы да өздеріне зыр жүгіріп сапалы қызмет көрсетіп жүрген дәрігерге де, медбикелерге де дән риза.

Тағы да оқыңыз: