Kyzylorda-news.kz   Көпбейінді облыстық аурухананың нейрохирургия бөлімшесінде жыл сайын мыңға жуық пациент емделуде, оның алты жүзіне ота жасалады. Ең күрделілерінің бірі – ми мен жұлындағы ісікті алу.

76 жастағы Қыпшақбай Қалмахановты дәрігерлер шұғыл түрде ауруханаға жатқызды. МРТ және КТ зерттеу кезінде бел омыртқасында экстрадуральді ісік анықталды. Пациентке ота жасалды. Ісік қатерсіз. Енді ақсақал өз аяғымен жүріп жүр.

– «Тәжірибелі дәрігерлер қазір жоқ, болса да, таныс арқылы ота жасайды» деп жиі естиміз. Бірақ олай емес екен. Осы күнге дейін хирург Шынжырбай Оразмаханұлы туралы білмедім. Оған және оның жұмыс тобына кәсібилігі үшін мың алғыс! Мұндай күрделі ота маған тегін жасалды. Осындай мықты дәрігерлеріміз көп болсын, – дейді Қ.Қалмаханов.

Жыл сайын облыстың нейрохирургтары ми мен жұлынға 150-ге жуық ота жасайды. Дәрігерлер еліміздің жетекші нейрохирургтарының, шетелдік мамандардың шеберлік сыныптарына қатысып, кәсіби дағдыларын жетілдіреді. Бөлімше жаңа жабдықтармен, құралдармен толықтырылған.

Дәрігерлер атап өткендей, мұның барлығы денсаулық сақтау саласы дамытудың және МӘМС жүйесіндегі қаржыландырудың ықпалы.

– Біз мұндай оталарды әлі жасамаған кезде пациенттеріміз шетелдік мамандарға жүгінуге мәжбүр болды. Мысалы, Израильде омыртқаға ота 25-50 мың доллар тұрады. Қазақстанда 2,5 млн теңге. МӘМС аясында сақтандырылған пациенттерге осындай оталарды, диагностикалық тексерулерді тегін жүргіземіз, – деп атап өтті жоғары санатты дәрігер, ҚР Денсаулық сақтау үздігі, нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Шынжырбай Оразмаханұлы.

Биыл аймақта нейрохирургиялық оталарға әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 178 млн теңге бөлінді.

 

Тағы да оқыңыз: