Kyzylorda-news.kz. Қазақ елі Тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылдың тура 16 желтоқсанда дүниеге келген бақытты жанның бірі қазалылық – Анар Сазанбаева. Ол кенттегі №249 мектеп-лицейді тәмамдап, Алматы қаласындағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің «Денсаулық сақтау және фармациядағы менеджмент» факультетінен жоғары білім алды. Аталған оқу орнын бітірген соң Алматыдағы «Республикалық жоғарғы медициналық колледжінде» «Мейіргер ісі негіздері» пәнінің оқытушысы болып жұмысқа қабылданды. Содан бері медицина саласын таңдаған жастарға тәлім беріп келеді.
Бала күнінен медицина саласын меңгеруді армандаған Анар Арынғазықызы ісіне жауапты, жан-жақты ізденімпаз маман. Ол әр жылдары Қазақстан мейіргер ісі мамандарының III съезіне, Талдықорған медициналық колледжінің 80 жылдығына арналған «Мейірбикелік қызмет аймағында халықаралық қызметтестікті дамыту» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік, Халықаралық мейіргерлер күніне арналған «ҚР Мейірбикелік істі 2020 жылға дейін дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру – Қазақстанның мейірбике ісін реформалау негізі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялары мен Білім мен технологиялардың интеграциясы VI съезі, одан өзге түрлі семинарларға қатысып, білімін үнемі жетілдіріп отырады.
Сондай ақ, жеті жыл бұрын оның кабинеті «Жылдың үздік кабинеті» байқауында «Арнайы пәндер кабинеттері мен лабораториялар» номинациясы бойынша бірінші орынды иеленді. «Республикалық медицина колледжінің үздік оқтыушысы – 2016 жыл» байқауында екінші орынды жеңіп алды. Бұдан бөлек араға уақыт салып, «Мейіргерлік күтім бойынша үздік оқытушы» атанды.
Оқытушы ретінде алдыма заман талабына сай бәсекеге қабілетті, кәсіби біліктілігі мол мейіргерлерді дайындауға өз үлесімді мақсат етіп қойдым дейді жас маман.