Kyzylorda-news.kz. Әлемде әрбір үшінші адам көз ауруынан зардап шексе, елімізде жыл сайын бір миллионға жуық тұрғын офтальмологтардың көмегіне жүгінеді. Оған себеп – экологияның бұзылуы, дұрыс тамақтанбау, ұялы телефон мен компьютер деседі.
Кейінгі кезде көз аурулары жиі кездесетін сырқаттың біріне айналды. Оның ішінде алыстан және жақыннан көрмеушілік, іштен туа бітті аурулар белең алып отыр. Ал көз ауруларының пайда болуына механикалық, яғни әр түрлі жарақаттар алу, физикалық, химиялық факторлар әсер ететіні белгілі. Өткен бір жыл ішінде Қазалы теміржол емханасына шамамен 900-1000 адам тексерілген. Олардың басым көпшілігі көздің жедел ауруларымен шағымданған. Көпбейінді облыстық ауруханада 2022 жылдың қорытындысы бойынша 85 науқасқа оперативтік ем жасалған.
Ауру асқынбасын десеңіз…
Қазіргі таңда көз аурулары жасарып барады. Мамандар жастар арасында алыстан көрмеушілік жиі кездеседі дейді. Басты себебі заманауи техниканың дамуына байланысты және сабақ оқу кезіндегі көзге түсетін ауыртпалық. Орта мектепті бітірген әр бес баланың біреуі осы аурумен ауыратын көрінеді. Ауруды тудыратын басты себеп, пәтердегі қарапайым шамның жарығының төмен болуы немесе теледидар мен компьютердің алдында ұзақ отыру болуы да әбден мүмкін. Қала мен ауыл балаларын салыстырғанда қаладағы балаларда көп кездеседі. Соңғы уақытта тым жиілеп кеткен.
«Миопия кезінде балаларға қажетті көзілдірік таңдап, ары қарай үдеп кетпеуі үшін қажетті дәрумендермен емдейміз. Сонымен қатар, арнайы апараттармен тексеріп, әр 3 ай сайын бақылап отырамыз. Жалпы ем алушылардың басым көпшілігі жастар. Әрбір ата-ана балаларының болашағына немқұрайлы қарамағаны жөн», –дейді Қазалы теміржол емханасының дәрігер офтальмологы Берік Жадырасын.
Бұдан бөлек белең алып отырған көз ауруларының бірі – катаракта. Яғни, көзге ақтың түсуі. Көз бұршағының бұлдырап, қарауытып, ағаруымен сипатталады. Салдары шел басқан кезінде сәуленің көз бұршағына өтуі қиындайды. Көздің көру қабілеті кемиді. Бұл ауру кәрілік, жарақаттану әсерінен, әр түрлі аурулардың асқынуы салдарынан туындайды. Катаракта екі түрлі болып келеді. Туа біткен және жүре пайда болатын. Жүре пайда болған катаракта кейде 40-50 жастан кейін болады, бірте-бірте үдей түсіп, көз бұршағы бұлыңғыр болып, перде жабылып қалады. Бұл аурудың басты белгісі сырқат адамның көзінің алдында бір нәрсе тұрғандай сезіледі. Жалпы қазіргі таңда медицинаның дамығанының арқасында шел басқанды ота арқылы емдеп жазуға болады. Отадан кейін науқасқа қалай күтіну керектігі және де қандай дәрі-дәрмектер қолданылатыны жайында дәрігерлер кеңес береді. Ультракүлгін сәулелер, электр тогы, радиоактивті заттар, т.б. көз нұрына зиян. Өйткені көз бұршағы радиацияға өте сезімтал келетіндіктен, осындай сәулелермен жұмыс істейтін адамдар катарактаға жиі шалдығады.
Дәрігердің айтуынша, іштен туа біткен катаракта құрсақтағы ұрықтың дамуы кезінде пайда болады. Бұл аурудың түрі аз кездеседі және пайда болуына көптеген факторлар әсер етеді. Соның ішінде айта кететін болсақ, жүктілік кезінде анасы қандайда бір вирустық инфекциямен ауыратын болса, зиянды әдеттері болатын болса, созылмалы аурулармен ауырған болса, нәрестенің көзінің шел басуына әкеліп соғуы мүмкін. Мұндай жағдайда нәрестеге 3 жастан кейін ғана ота жасап, көз бұршағын ауыстырады. Осы аурумен ауыратын адамдарға кеңес ретінде айта кететін жайт майлы және тұзды тамақ жемей, витаминдерге бай тағамдарды қолданғаны абзал.
Еліміз бойынша глаукомамен де есепте тұрғандар саны қаншама. Суқараңғылық –көздің ішкі қысымының жоғары көтерілуінен болатын созылмалы көз ауруы. Бұл ауру түрімен жер шарында 67%-ға жуық адам ауырса, мүгедектік 12-20%-ды құрайды екен. Суқараңғылық көзден сулы ылғалдың шығуының бұзылуы көз іші қысымының жоғарылауымен көру жүйесінің үдемелі төмендеуінің салдарынан жүретін аурулар тобына жатады. Этилогиясына қарай туа пайда болған біріншілік және екіншілік глоукома деп ажыратады. Біріншілік глоукома көзден сұйықтықтың ағып шығуына жауапты құрылғылардың дамуындағы ақауларға байланысты болса ал екінші глоукома көз қабынғанда, жарақаттар алғанда, тағы басқа жағдайларда туындайды. Глоукома ауруы деген диогноз қойылғаннан кейін науқас үнемі дәрігердің бақылауында болу керек.
Дәрігер Берік Балдақұлы тұрғындарға глаукома ауруынан сақтану керектігін айтады. Себебі бұл дерттің «құрығына» іліккендердің аурудан айығуы қиындау болады. Адам көзіндегі сұйықтың қалыпты айналу жағдайы бұзылса, көз ішінің қысымы жоғарылайды, содан глаукома ауруы пайда болады. Бұндай кезде көз түбіндегі нерв талшықтары айтарлықтай зақымдалады. Егер ауруды ерте сатысында анықтайтын болса, асқынулардың алдын алуға болады. Дәрігер тағайындаған емдерді уақытылы қабылдайтын болса, яғни көз ішінің қысымын тұрақты ұстап жүретін болса, оперативтік ем қажет болмайды. Егер тағайындалған ем дұрыс жүргізілмей немқұрайлы қарайтын болса ауру асқынып, соның салдарынан толық суқараңғылыққа әкеліп соғады. Егер суқараңғылық болатын болса, оны қалпына келтіру мүмкін емес. Сондықтан, кезеңді түрде дәрігерге қаралып, көзішілік қысымын тексертіп тұру қажет.
Көзге қамқорлық керек
Көз зақымданғанда көрсетілетін алғашқы жәрдем егер көзге бөгде зат түссе, дереу кайнатылған жылы сумен көзді сыртынан ішіне карай бірнеше рет жуу керек. Көзге қышқыл, сілті сияқты сұйықтықтар тисе, суды ағызып қойып жуған дұрыс. Егер көз қызарып, жасаурап ауырғаны басылмаса дәрігердің көмегіне жүгінгені жөн. Көзді еш уақытта қолмен уқалауға, сүртуге болмайды, тек таза, жұмсақ шүберекпен сүрту керек. Бастысы жаз айларында тікелей түсетін күн сәулесінен және шаң тозаңнан қорғанып көзілдірік киген дұрыс.
Мамандар мынадай кеңес береді. Жұмыс орнындағы жарықты реттеп отыру.Ол тым қатты жарық немесе тым көмескі, әлсіз болмауы керек. Үстелге қоятын шамның жарығы сол жақтан түсу керек. Кітапты окығанда, теледидар көріп копьютермен жұмыс жасағандағы қашықтық 30-35 см болу керек. Яғни үстелде дұрыс денені тік ұстау көз ауруының болдырмауының бірден бір себебі. Теледидарды қараңғыда көрмеген жөн. Ой еңбегі мен дене еңбегін алмастырып отыру. Үнемі компьютермен жұмыс жасағанда көзге арналған жаттығуларды жасау тиіс. Кітапты көлікте қозғалыс кезінде, жатып оқымаған дұрыс. Кірпікке арналған косметикалық құрылғыларды жатар уақытта жуып тастау керек. Компьютермен жұмыс жасаған кезде 10-15 минут бөліп, көзге арналған жаттығу жасау тиіс.
Көз ұқыптылықты талап етеді, сол себепті жиірек таза ауада серуендеу керек. Сонымен қатар төмендегі көрсетілген жаттығуларды күніне бірнеше рет жасап тұрған жөн. Түзу отырыңыз, назарыңызды алға қарай бағыттап, көзіңізді жұмыңыз да айналмалы қозғалыстар жасаңыз. Мысалы, солға, жоғарыға, оңға және төмен қарай 5-10 рет қайталаңыз.Саусақтардың ұшымен көзді аздап басып тұрыңыз да алып тастаңыз. Бұл тәсілді 5 рет қайталаңыз. Одан соң көзді ашып, жылдам ырғақпен 15 рет жыпылықтатыңыз.Оң қолыңызды алға созып, назарыңызды ортаңғы саусақтың тырнағына аударыңыз. Қолыңызды оң жаққа максимальді бағыттаңыз, бірақ басты бұрмаңыз және назарды саусақтан алмаңыз. Оң жақ қолыңызды қайтарып, енді сол жақ қолыңызбен жасаңыз. Мұны да 5 рет қайталаңыз.Көзіңізді жұмып, оны қатты қысыңыз. Мұны да 5 рет қайталаңыз. Жаттығуды жасап болғаннан кейін 15 рет жыпылықтатыңыз.Бірнеше рет терең дем алыңыз да тынысты ұстап, белді бүгіп, басты алға қарай түсіріңіз. Содан соң 5-ке дейін санап, қайтадан түзу тұрыңыз. Терең дем алып, жаттығуды бірнеше рет қайталаңыз.
Талғаммен тамақтану талай дерттен қорғайды. Көз тазалығын сақтаумен қатар дұрыс тамақтануға да мән берген жөн. Көз аурулары тұқым қуалаушылық немесе сыртқы ортаның жағымсыз әсері нәтижесінде пайда болады дедік. Мысалы, құрамында канцерогеннің жоғары мөлшері бар тағамды және басқа да зиянды заттарды қабылдағанда көз ауруы пайда болады. Ал көз үшін ең пайдалы көкөністерге қырыққабат және жүгері жатады. Олардың құрамында дәрумендер мен минералды заттар көп болғандықтан, көздің қалыпты көру қабілетін сақтайды. Көздің жақсы көруі үшін тамақтың құрамында А дәрумені болу қажет. Ол ағзаның түрлі инфекцияларға қарсы тұру қабілетін жоғарылатады. Сонымен қатар көздің сау болуы үшін С, Вi, Be және В12 дәрумендерінің де маңызы зор. Олар қан тамырларын бекітеді, орталық жүйке жүйесін қоректендіреді.
Балаңызды бақылаңыз
Кейінгі жылдары балалар арасындағы көз ауруы көбейді. Оның ішінде туабітті аурулардан бөлек, жүре пайда болған сырқат түрлері жиі кездеседі. Мектепте, асыра айтқанда, екі баланың бірі көзілдірік киюге мәжбүр. Дәрігерлердің айтуынша, соңғы кезде технологияның дамуы да көз ауруына жетелейтін бірден-бір себеп болып отыр.
«Қазір балалардың көпшілігі ұялы телефон, планшет, гаджет, компьютер пайдаланады. Мәселен, миопия деген көз ауруы бар. Көздің көру қабілетінің нашарлауына қоршаған орта факторлары тікелей әсер етеді. Яғни, жас балалардың көз жанарының бұзылуына ұзақ уақыт компьютер, смартфонды пайдалану, теледидарды жақын ара-қашықтықтан көру көп әсер етеді. Сонымен қатар көру қабілетінің нашарлауы сабақ оқу барсыныда жарықтың дұрыс түспеуі мен кітапты тым жақын, не тым алыс, жатып, еңкейіп, көзге салмақ салып оқығаннан да болады. Қазір мектептегі әрбір үшінші бала көзілдірік тағады. Оны күнделікті жұмыс уақытында, болмаса оқушыларды жаппай медициналық тексеру кезінде көріп отырмыз. Көз қызметі нашарлаған жағдайда көзілдірік кию міндетті. Сабақ оқитын бөлмеге жарықтың мол түсуін қадағалау қажет. Баланың бос уақытында компьютер ойнап, телефонмен ойнауына шектеу қою қажет. Сондықтан көзіңіздің нашарлауын күтіп отырмай, жылына бір рет офтальмолог дәрігерінің тексеруінен өткен дұрыс. Ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алудың орынды екені анық», – дейді дәрігер офтальмолог Берік Жадырасын.
Адамның ішкі органдары сырқатқа шалдықса да ол көзге әсер етеді. Орталық және шеткі жүйке жүйесі, жүрек-қан тамырының жүйесі ауырса да, ағзадағы зат алмасу бұзылса да, ішкі секреция бездері зақымданса да, көз маңайында ауру процестері басталса да көзді ауыртады. Бір көздің жарақаттануы екінші көзге де әсер етеді. Сондықтан қос жанарға қамқор болу қашанда маңызды екенін естен шығармаған жөн.