Kyzylorda-news.kz. Қазалыда «Ақжүрек-С» медициналық орталығы жұмыс істейді. Онда білікті маман, тәжірибелі дәрігер Сәкен Өтегенов келушілерге қызмет көрсетеді. Дүйсенбі мен сенбі күндер аралығында түске дейінгі уақытта дәрігер көмегіне жүгіне аласыз.
УЗИ дәрігері Сәкен Сәдібекұлы бірнеше жылдық тәжірибесі бар медицина қызметкері. Ол Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектепті тәмамдаған соң осындағы автобазада мотор цехында автослесарь болып бір жыл еңбек етті. Бұдан соң Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы медицина инстиутында жоғары білім алды. Оқи жүріп, қаладағы жедел жәрдем станциясында санитар-фельдшер болды. 2000 жылы Ақтөбе қаласындағы теміржол ауруханасында медицина саласындағы алғашқы еңбек жолы жалғасты. 2001 жылы Қазалыға келіп аудандық кеңес беру, диогностикалық емханасында дәрігер-нарколог болды. 2003 жылдан 2017 жылға дейін тері аурулар диспансерінде дерматовенеролог қызметін атқарды. 2017 жылдан бастап Қазалы ауданаралық ауруханасында УЗИ дәрігері. Дәрігер медициналық орталық ашуды біраз уақыт бұрын ойға алған. Халыққа қолжетімді бағада қызмет түрін ұсынып отырған Сәкен Сәдібекұлымен тілдестік.
– Орталық қаңтар айыннан бастап жұмыс істейді. Қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Кореялық «SonoAce-R7» ультрадыбыстық аппараты бар. Тері аурулары туралы кеңес беріп, ем шараларын тағайындаймын. Инемен емдеу үшін арнайы төсек-жабдық бар. Әр науқас әртүрлі ем қабылдайды. 10 минуттан басталады. Бір курсы 7 немесе 10 күн, – дейді ол.
Бағалары қалтаға қонымды. Инемен емдеу екі мың. Ал тері ауруларына қатысты кеңес беру балаларға мың, үлкендерге екі мың теңгеден. Сондай-ақ бұнда ішкі қуыс ағзалары, мойын қан тамырлары, қалқанша безі, сүт безі, көкірек қуысы, зәр жолдары, қуық асты безі, гинекологиялық аурулар, жұмсақ тіндер (мягких тканей) УЗИ аппаратына түсіру қызметі көрсетіледі. Кешенді тексеру құны үш мың теңге. Ол дегеніңіз бір ретте бауыр, өт, талақ, ұйқы безі, бүйрегіңізді тексерте аласыз.
– Орталықтың жұмысын одан әрі жандандырып, қызмет түрлерін көбейту алдағы уақыттың еншісінде. Жоспарларымда жоқ емес. Денсаулығына шағымданып келген жандардың талап-тілегін барынша орындауға тырысамыз. Ауырып ем іздеп келген әрбір адамның дертіне дауа тауып, айығып кетуіне күш салу басты мақсат, – дейді Сәкен Өтегенов.