Фото: chgtrk.ru
Kyzylorda-news.kz Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің мамандары қызылшаның өршуіне байланысты шектеу шараларын енгізу мәселесін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Комитет басшысының орынбасары Зәуре Ахметованың айтуынша, қызылшаны вакцинамен бақылап отыруға болады. Сондықтан ешқандай шектеу шаралары немесе карантин енгізілмейді.
“Алайда белгілі бір ұжымда ауру өршіп кетсе, ал екпе алмаған адамдардың саны тиісті нормадан (10 процен) асқан жағдайда инфекцияны өршуіне қарсы шаралар қолға алыналы”,- деді Ахметова үкіметте өткен брифингте.
Қазіргі кезде республика бойынша қызылшаға шалдыққан 17 мың адамның 82 проценті - балалар. Олардың басым бөлігі ауруға қарсы вакцина алмаған.
Бүгінде ата-аналар баланың вакцина алғанын, я алмағанын емханадан біле алады. Ол жерде әрбір баланың вакцинация паспорты жүргізіледі. Ал профилактикалық екпе күнтізбесіне сәйкес, қызылшаға қарсы екпені екі рет алады. Біріншісі - 12-15 айлық жаста, ал ревакцинация 6 жаста жасалады.
“Қазақстанда қызылшаға қарсы вакцина жеткілікті. Бұл екпе Үндістанда жасалған. Біз оны 2012 жылдан бері пайдаланамыз. Осы уақыттың ішінде вакцина өз тиімділігін және қауіпсіздігін көрсетті”,- деп атап көрсетті Ахметова.