Kyzylorda-news.kz    Бүгінгі таңда онкологиялық ауру көбейіп тұр. Оны қазақ «аты жаман ауру» деп атын атамаған. Уақыт өте келе бұл ауруды жиі еститін болдық. Себебі қатерлі ісіктен көз жұмғандар аз емес. Бәрінен бұрын бұл ауруға шалдыққан науқастың өзін-өзі тастап жіберетіні қиын. «Болды, менің көп уақытым қалған жоқ» дейді. Алайда бұл ауруды жеңудің бір жолы – адамның күресуі, «менің қолымнан бәрі келеді» деп алға ұмтылуы, психологиялық тұрғыдағы көз-қарасы.

   Дәрігерлердің айтуынша, қатерлі ісікті асқындырмай, ерте сатысында анықтаса, емдеу оңай болады. Аурудан құлаң-таза жазылу, ауруды емдеп, жазып шығу оңай болмақ. Ол үшін уақытында дәрігерге қаралып, нұсқаулықты орындау керек. Дұрыс тамақтанбаудың да адам денсаулығына тигізер кері әсері көп. Саламатты өмір салтын ұстанбай, шығып жатқан өнімдерді (фасфуд) жей беретін болсақ, оның денсаулыққа тигізер зияны көп. Мұны біреуге түсіндірмек түгілі өзің түсініп көр. Уақытында скринингтен өтпеудің салдары бар. Жалпы статистикаға көз жүгіртсек, әлемде қатерлі ісіктен 9 млн адам көз жұмады екен. Онкологиялық науқас саны бойынша Қазақстан алғашқы 50 елдің қатарында.

       Қазіргі таңда қатерлі ісікпен күресіп жатқандар да, қайтыс болғандар да бар. Скринингтің ауруды ерте анықтап, алдын алуға көмегі көп. Жылына бір рет толық тексеріліп, денсаулыққа салғырт қарамау кез келген аурудың алдын алуға көмектеседі. Дәрігерлердің айтуынша,  скринингтің 3 түрі жүргізіледі. Олар жатыр мойны обыры әйелдер арасында 30-70 жас. Сүт безі обыры әйелдер арасында 40-70 жас. Және тоқішек обыры ерлер мен әйелдер арасында 50-70 жас. Жыл сайын 2,5 млннан астам азамат скринингтік зерттеуден өтеді.

Онкологияда ісіктер әдетте қатерсіз, шартты түрде қатерсіз (шекаралық) және қатерлі болып бөлінеді.

Қатерсіз ісіктер салыстырмалы түрде баяу өсумен, метастазаға бейімділіктің болмауымен және жақсы болжаммен сипатталады. Ісіктердің бұл түрлеріне фиброма, липома, невус, папиллома, лейомиома, нейрома, хондрома, ангиома және басқасы жатады.

Шартты қатерсіз ісіктер де метастаз бермейді, бірақ қатерлі ісік болып қайта тууы және жоюдан кейін бірнеше рет қайталану қабілеті бар. Мұндай онкологиялық аурулардың мысалы ретінде асқазанның аденоматозды полиптері, атипті меңдер, кәрілік кератоз, Боуэн ауруы және т.б. жатады.

Қатерлі ісіктердің алдын алу  – қоршаған ортаның зиянды әсерлерін жойып, қатерлі ісікке әкелетін жағдайлардың пайда болуына жол бермеу. Медициналық көмекті тиімді көрсету және аурулардың дамуын болдырмау үшін алдын алу шараларының үш негізгі кезеңі анықталды. Олар:

– Бастапқы профилактика – саламатты өмір салтын сақтау, дұрыс тамақтану және зиянды әдеттерден бас тарту;
– Екіншілік профилактика – белгілі бір ісіктің даму қаупі бар адамдарды бақылаудан, сондай-ақ ісік алды жағдайларды және қатерлі ісіктің ерте формаларын емдеу мен дер кезінде диагностикалаудан тұрады;
– Үшіншілік профилактика – қатерлі ісіктерді емдеуден өткен науқастарға қатысты, ол ісіктердің қайталануын және метастазаларын, сондай-ақ емделген науқастарда ісіктердің басқа түрлерінің пайда болу ықтималдығын болдырмаудан тұрады.

   Қолда бар мәліметке көз жүгіртсек, облыс бойынша өткен жылдың қорытындысы (6 айдың есебімен) қатерлі ісік ауруына ұшырағандар саны –689. Биылғы (6 айдың есебімен) – 686. Оның ішінде сүт безі қатерлі ісігі – 78, өкпе қатерлі ісігі – 77, тік және тоқ ішек қатерлі ісігі – 48, асқазан қатерлі ісігі – 47, өңеш қатерлі ісігі – 37.  Өкініштісі, бұл қатерлі ісіктен қайтыс болғандар саны (6 айдың көрсеткіші) былтыр – 198, биыл – 177 адам.

Қазақстанда онкологиялық аурулардың алдын алу мен ерте манықтауға ерекше мән беріліп отыр. Бұл бағытта МӘМС аясында мемлекеттен бірқатар тегін қызметтерді қаржыландырып, халыққа қолжетімді етуде.

Дәрігерлардің айтуынша, қатерлі ісікке шалдыққандардың басым бөлігі аурудың III-IV кезеңінен асқан кезде ғана дәрігерге жүгінеді. Емдеудің небір тиімді әрі заманауи жолдары болуына қарамастан, науқасқа диагноз қойылған соң оның өлу қаупі 50 пайызға дейін артады. Қазақстан бойынша өкпе ісігіне шалдыққандардың саны көбейіп жатыр. Себебі көбі әдеттегі жөтелді пневмония ғана деп ойлап, дәрігерге қаралмайды. Шылым шегетіндер ғана өкпе обырына шалдықпайды. Мысалы, бронх қабынуы, пнев­мония, тубер­кулез сияқты созыл­малы аурулар өкпе обы­рына тіке­лей себеп­ші бола­ды екен.

“Әкем зейнет жасында болды. Емханаға көп бармайды, ауырған кездің өзінде әрең дегенде апардық. Бірақ ешқандай сырқат мазалаған жоқ. Қажеттілік болмаған соң тексеріліп, дәрігерге көрінген жоқ. Дегенмен аяқ-асты сырқаттанып, төсек тартып жатып қалды. Анықтай келе, қатерлі ісік екенін білдік. Ауруханаға жатты, химия қабылдады. Бірақ кеш қалыппыз. Мүмкін ішінде бір уайым болды ма, ауруы асқынып кетті де, жеңіп шығу қиынға соқты. Дәрігерлер өз жұмысын жасап, жақсы көмектесті. Қайта-қайта көңілін аулап, жиі әзілдесіп, қасынан табылып, күш беру керегін айтты. Ақырында әкемізден айырылып қалдық”, – дейді Мұрат есімді жігіт.

  Жоғарыда атап өткендей – дұрыс тамақтану әденсаулыққа тиімді. Дәрігерлер жылына бір емханаға барып, толық тексерілуден өтуге кеңес береді. Емханаға мүлде бармайтын, тексерілмейтін адамдар да бар. Жылына бір көрініп, скрингке шақырған кезде тексерілу бұл –  денсаулық, болашақ үшін ғана керек-ті дүние.

     Қатерлі ісік диагнозы қойылған науқасқа қолдау қажет. Қасында әрдайым бола алмасаң да, қайта-қайта хабарласып, жиі-жиі сөйлесіп, өзіннің жылулығынды білдіру керексің. Дәрігерлер өзің-өзі тастап жібермес үшін «жанынан табыл» деп жиі айтады. Химия алу да  оңай емес. Ол адамның жанын қинайды, денесін ысытады. Ауырлықты сездіртеді. Құсу, лоқсу секілді нәрселер орын алады. Ал химия – бұл дертпен күресудің бір жолы. Кез келген ауруды жеңу ең бірінші науқастың осы сырқатты қабылдап, күресуінен басталады. Психологиялық тұрғыдан күресіп, сырқатты жеңу арқылы қайта өмір бастауы да осы диагнозды қабылдай білуінде.

      Жақында бір танысым анасынан айырылып қалды. Өкініштісі бұл да қатерлі ісік. «Анам ауруханада, дәрігерлер жақсы қарап жатыр» деген еді. Десе де ол кісіде келмеске кетіпті.

   «Анам ауруханада. Жақында химия алды. Жағдайы жақсы, дәрігерлердің жанашырлығына тәнті болдым. Жағдайы жақсы, барып тамағын, керек затын апарып беріп тұрдық. Дәрігерлер «қасында болып, жиі сөйлесіңіздер» деді. Жағдайы жақсы деп қуанып жүргенде суық хабар бізді де айналып өтпеді. Анамнан айырылып қалғанымызды білдік. Ол кісі өзің жақсы күтетін, тексеріліп емделіп те тұрды. Бірақ та бұл дерттің қалай жабысқанын өзіміз де байқамай қалдық», – дейді Арман.

   Иә, денсаулыққа бейжай қарауға болмайды. Дер кезінде дәрігерге қаралып, саламтты өмір салтын сақтау әр адамның игілікті ісіңе айналғаны дұрыс. Өйткені ауру асқынбай, дәрігерлерге дер кезінде көрінген науқастыардың 95 пайызын емдеп жазуға болады дейді мамандар.

Мөлдір САБЫРЖАН

Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Тағы да оқыңыз: