Kyzylorda-news.kz 7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күніне орайластырылған кең көлемдегі акция барысында жастар денсаулық орталығы және салауатты өмір сүру салтын қалыптастыру мамандары аудан көлемінде салауатты өмірді қалыптастыруда біршама іс-шаралар атқарды. Атап айтар болсақ, Фейсбук әлеуметтік желісіндегі мекеменің және Жастар денсаулығы орталығының ресми парақшалары тақырыпқа сай көркемделіп, пайдалы ақпараттар легі орналастырылды.
Қармақшы аудандық аурухананың, Бастауыш Кәсіподақ Ұйымының, Жастар денсаулығы орталығының фейсбуктегі ресми парақшаларында профилактикалық ақпараттық бағыттағы (скринингтік тексерулерге, басқа да профилактикалық іс-шараларға) «Ашық есік» күніне шақырулар хабарланды.
Жосалы кентіндегі Ү.Томанов атындағы №183 орта мектеп оқушылары арасында «Біз біргеміз!» спорттық эстафеталық сайыс өткізілсе, басқа мектептерде тақырып аясында оқушылармен семинар-тренингтер өтті. Ал ІІІ Интернационал ауылындағы №108 орта мектептің мәжіліс залында ата-аналар арасында тақырып барысында сала мамандарымен семинар өтті.
Денсаулық мектептерінде «Темекі шегудің алдын алу, темекі шегуден бас тарту тәсілдері», «Дене белсенділігін арттыру» тақырыптарында семинар-сабақтар өткізіліп, тренингтер жасалды. Орта медицина қызметкерлері арасында семинар-сабақ өтіп, эпидемиолог дәрігердің, ПӘК кабинеті дәрігерінің дәрісі оқылды, тренингтер жасалды.
Медициналық мамандардың қатысуымен аудандық емхана ауласында «Менің денсаулығым – менің құқығым» атты флешмоб өтті. Қармақшы аудандық емхана дәрігер-мамандары Денсаулық күні қарсаңында Диагностикалық медициналық кешені автобусымен ауылдарға барып, тұрғындарды медициналық тексерулерден өткізді.
Сондай-ақ, «Салауатты өмір салтын ұстанатын Қазақстан азаматтарының үлесін» анықтауда адамдардан электронды сауалнамалар алынды. Ақпараттық танымдық материалдар, (инфографикалар, парақшалар, буклеттер) таратылып, ілінді, пайдалы кеңестер берілді.
Ауыл тұрғындарына, өз денсаулығын нығайтуда салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы, зиянды әдеттерден арылу жолдары насихатталып, ер азаматтар арасында «Темекісіз өмір» тренингтері жасалды. Келушілермен спорттық жаттығулар мен ойындар, жарыстар ұйымдастырылды.
«Салауатты қала» жобасына сай аудандық емхананың орта буын медицина қызметкерлері(ерікті жастары) емхана ауласына 65 түп ағаш көшеттерін отырғызып, экологияның жақсаруына, жасыл желектің көбеюіне үлкен үлес қосты.
6-сәуірде Қармақшы Аудандық Орталық Аурухана қызметкерлері жаппай сенбілікке шығып, ауданды көркейтуде, көшелердің тазалығын сақтауда белсенділік танытты.
Денсаулық күні акциясына байланысты аудандық орталық алаңдағы және емхана дәлізіндегі LED-мониторларда «Денсаулық аралы», салауатты өмір салты туралы бейнероликтер апта көлемінде үздіксіз халық назарына ұсынылды.
Халықты өз денсаулықтарына жауаптылықпен қарап,нығайтып, салауатты өмірді таңдаудың пайдасымен сауаттандыру, ақпараттандыруда жастар денсаулық орталығы, салауатты өмір салтын қалыптастыру мамандарының жұмысы алдағы уақытта да тоқтамақ емес.