Kyzylorda-news.kz Дәрігер - жүректілікті, шыдамдылықты, тәуекелділікті, табандылықты талап ететін аса жауапты мамандық. Ал осындай қиындығы мен қызығы мол мамандықты ұрпағы жалғап, әулетімен жауапкершілік міндетін арқалау абыройлы іс. Біздің өңірдегі осындай өнегелі отбасының бірі қармақшылық – Әлиевтердің шаңырағы.
Әулет тірегі Хамит Әлиев Алматы мемлекеттік медицина институтында «фтизиатр» мамандығы бойынша білім алса, жары Пәрида Сарыбаева «педиатр» саласын бітірген.
Институт қабырғасында танысқан жастар бір мамандық, бір салада жүргеннен соң өмір жолдарын да бірге таңдауды жөн көріпті. 1992 жылы оқуды аяқтаған екі жас, үлкен өмірге аяқ басады. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Келес ауданының тумасы Пәриданы мамандыққа, сүйген жарына деген махаббаты Сырдың келіні атандырған. Отыз жылға жуық уақыт аралығында түрлі қызметтік сатылардан өткен оларды бүгінде аудан тұрғындары жақсы таниды. Отағасы Хамит емханада фтизиатр болса, отанасы Пәрида бас дәрігердің ана мен бала мәселесі жөніндегі орынбасары.
Кәсібіне мығым, ісіне адал, бақытты отбасының үш перзенті бар. Отбасының тұңғышы Ақтоты Ибадуллаева С.Асфендияров атындағы ұлттық медициналық университетті қызыл дипломмен аяқтап, 2018 жылдан бері аудандық емханада жалпы тәжірибелік дәрігер болып қызмет атқарады. Ал екінші перзенттері Асқар Ибадуллаев әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тәмәмдап, бүгінде облыс әкімдігінде экономист. Кенжелері Нұрсауле Ибадулла биыл Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін қызыл дипломмен аяқтап, ағылшын тілі маманы атануда. Перзенттінің барлығы Ү.Томанов атындағы №183 орта мектептің үздік оқушылары. Қызметпен қатар бала тәрбиесін қоса алып, саналы ұрпақ өсіруде де бұл отбасы көпке үлгі.
– Дәрігер – жан-жақты әрі қызықты жұмыс. «Адам жанының арашашысы» атанып, бұл қызметті алып жүру де абыройлы іс. Жас мамандарға көп жылдан бері жинаған тәжірибемді үйретіп келемін. Заман талабына орай медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыруға барынша үлесімді қосып жүрмін. Дәрігерге ең басты қажет нәрсе – ол жүректің мейірімділігі, – дейді дәрігерлер отбасының тірегі Хамит Әлиев.
Дәрігерлер туралы түрлі пікірді қоғам арасынан құлағымыз шалатыны рас. Дегенмен індетпен күрескен соңғы жылдар адам өміріндегі дәрігердің орнын айқындап берді. Қажет кезде күн-түн демей, отбасынан жырақта жүріп, қызметіне деген адалдығын танытқан абзал жандар қандай құрметке де лайық.
– Өзімнің осы мамандықты таңдауыма балаларға деген сүйіспеншілігім әсер етті. Себебі мен олардың дені сау болып өсулеріне өз үлесімді қосқым келді. Адам үнемі ізденісте, жан-жақты даму үстінде жүргенде ғана бірнәрсені толық меңгеруге ұмтылыс жасайды. «Болдым, толдым» деу жарты жолда қалып қоюмен тең. Біздің мамандығымыз біліктілікті әрдайым арттырып отыруды талап етеді. Алматы, Ақтөбе, Қызылорда қалаларында бірнеше рет білімімді жетілдірдім. Ол үшін ең бірінші ата-енеме, жолдасыма, емхана басшыларына алғысым шексіз. Өйткені мұндай білім жетілдіру курстары кәсіби мамандардың жұмысқа деген ынтасын одан әрі жоғарылатып, олардың заманауи әдістерді тәжірибе жүзінде қолдануына, жаңашылдыққа бетбұрыс жасауына үлкен мүмкіндік туғызады. Перзенттеріміздің арасында тұңғышымыз Ақтоты ізімізді қуып, дәрігер болды. Оған науқасты жылы қабылдап, ем-домын шын жүрекпен жасауды, өзгеге пайдалы болуды үнемі айтып отырамыз, – дейді отанасы.
Ата-анадан алған тәлім, көрген өнеге Ақтоты Ибадуллаеваны осы салаға әкелді. Отбасындағы жылулық жұмыс орнында да жағымды атмосфера орнатса керек, ол жас маман болса да жұмысына тиянақты, көптің алғысын алып білікті маманға айналуда.
Әрдайым үздіктер қатарынан табылатын бұл әулет мүшелерінің айтулы даталарға орай алған алғыс, Құрмет грамоталары да өте көп. Бұл да болса бірнеше жылғы адал еңбектің өтемі.
Негізі мамандық игеру адамның ең басты құндылығы, болашақтың бағдары екені сөзсіз. Сол құндылықты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтай алудың өзі – абырой. Ендігі кезекте тек ұрпақтар сабақтастығы жалғасқан жанұяның ұлтқа қызмет етуі әрі қарай да өз жалғасын тапса дейміз.