Kyzylorda-news.kz Жуырда Қармақшы аудандық мәдениет үйінде медицина қызметкерлерінің күніне орай мерекелік іс-шарасы өтті. Салтанатты шарада аудан әкімі Жандос Еркінбек медицина қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекеімен құттықтады.
– Бұл мерекеде ақ халатты абзал жандарға ерекше құрмет көрсетіледі. Себебі Сіздер халықтың денсаулығын жақсартып, ұлт сапасын арттыруға зор үлес қосып келесіздер. Баршаңызға аудан халқының денсаулығын нығайтуға және медицина саласының дамуына қосқан айрықша үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін!, – деді ол.
Сонымен қатар аудан басшысы халық денсаулығын нығайту және медицина саласын дамыту бағытында атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті.
Айта кетейік, ауданымызда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өткен жылдың желтоқсан айында Дауылкөл, Ақжар және Жаңажол ауылдық округтерінде дәрігерлік амбулаториялар салынып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Сондай-ақ, өткен жылы «Ауыл Ел – бесігі» бағдарламасы аясында аудандық аурухана ғимаратының сыртқы келбетіне күрделі жөндеу жүргзілді. Мұнан өзге аудандық аурухананың «Шипагер» емханасы үшін 53,6 млн теңге қаржы қаралып, табиғиги газға қосылды. Биылғы жылы облыстық бюджет есебінен Қуаңдария және Қармақшы ауылдарында фельдшерлік-акушерлік бекеттердің құрылысы басталады. Аудандық аурухана ғимаратының ішкі бөліктері және жер төлелері күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Сондай-ақ мереке қарсаңында облыс әкімдігінің қолдауымен алынған 50 жедел жәрдем көліктерінің 3-еуі ауданға қарасты медициналық мекемелерге табысталды.
Мерекелшік іс-шара барысында медицина саласында қызмет етіп жүрген мамандар облыс және аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталып, құрмет төрінен көрінді. Кеш соңы концерттік бағдарламамен жалғасып, жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.