Kyzylorda-news.kz. «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» демекші, жанын қоярға жер таппай қиналғанда өміріне араша болып, саулығы сыр бергенде емдеп-жазып жатса, науқас үшін бір ғанибет емес пе? Адам өмірі қиындығы мен қызығы қатар жүретін ақ халатты абзал жандармен тікелей байланысты. Әу баста өмірге Алланың қалауымен келсек, ең бірінші бізді құшағына алып, қамқорлық танытатын дәрігерлер қауымы. Ауру алқымнан алып, дерт дендегенде әр адам ақ халат киген алтын қолды қауымнан көмек күтеді. Тырп етпестен төсек тартып жатқан жандардың жебеушісі де осы мамандар. Яғни дәрігерлерге артылар жүк те жауапкершілік те ауыр. Алайда олардың ешқайсысы ел басына күн туғанда жұмысын тастап, қара бастың қамын ойлап, тасаға тығылып қалмайды. Алмағайып заманда да, төтенше жағдай да, зілзала мен тасқында да дәрігерлер адам жанының арашасы болуға әзір. Бұл сөзімізге қай уақытта да көмек сұрап барғанда бетімізді қайтармай қызмет көрсететін дәрігерлердің еңбегі дәлел.
Медицина қызметкерлерінің жұмысы таңғы 8-ден бастап қыз-қыз қайнайтынын білеміз. Білсек те жұмыс барысымен аурухана табалдырығын таңғы тоғызда аттауға тура келді. Осы уақытқа дейін дәрігердің алдына шипа іздеп баратын едім, енді міне, олардың жұмысымен жіті танысуға келдім. Бұл жолғы бағытым – «Болашақ» дәрігерлік-амбулаториялық емханасы. Емханаға кіргеннен бастап тазалыққа мән беретінін білеміз. Тазалықты қатаң талап ететін орында қылаудың ізі де байқалмайды. Ал әр аймаққа арналған кабинетте анализ тапсыру, балаларды тексеру, емделушілердің арыз-шағымын тыңдау секілді жұмыстар қызу жүргізілуде. Бізді аталған емхананың бөлім меңгерушісі Қарлығаш Назарова қарсы алды. Жоғары санатты дәрігермен тілдесе отырып, «Болашақ» емханасында 5 дәрігер, 21 мейірбике бар екенін білдік. Бес дәрігер бес аймаққа бөлініп, әр көшенің тұрғындарына уақытылы тексеріс жүргізіп отырады. Ал өздері шағымдарымен келген науқасты ауруханаға дейін жеткізбей, керекті ем-домын жасап, шығарып салады.
Сөз барысында Қарлығаш Назарова аймақтық дәрігерлер мен медбикелердің барлығы өз ісіне жауапты, тиянақты екенін айта кетті. Әсіресе аймақтық медбикелердің жұмысына ерекше тоқталды.
«Дәрігер – зілі ауыр мамандық. Бұл салада жауапкершілік, ұқыптылық пен білімділік бірінші орында тұрады. Ел аузында «СВА» атанып кеткен емханадағы қызметкерлердің әрқайсысы өз ісіне жауапты деп айта аламын. Әсіресе, аймақтық медбикелер күннің ыстығы мен суығына қарамастан, қыстың күндері кеш қарайып қалса да үй-үйді аралап, аяғы ауыр келіншектерге, жаңа туған сәбилерге немесе егде жастағы кісілердің үйіне барып бақылап тұрады. Егер науқастың жағдайы мүшкіл болса, қасына дәрігер де еріп барып, бірге емдейді», – дейді бөлім меңгерушісі.
Бөлім меңгерушіден мағлұмат алып болған соң, әрмен қарай Қарлығаш Назарованың ізіне ілестік. Бағытымыз – ІІ санатты дәрігер Ғазиза Мамышевамен танысу. Себебі осы уақытқа дейін редакциямызға Ғ.Мамышеваға алғыс айтып, газет оқырманы келген болатын. Елдің ризашылығына бөленіп, жұмысын жауапты атқарып жүрген маманды біз де көргіміз келді.
Ғазиза Төрехановна – бала кезінен медицина мамандығына қызығып, ақ халат киюді армандаған. Содан кейін бойжеткеннің ұшқыр арманы қияға қонып, 2008 жылы Астана медициналық университетіне оқуға түскен. Бұлтарысы мен қалтарысы көп мамандықты игеру барысында Ғазиза ұқыптылық, тазалық, тәртіп сынды қасиеттерге аса мән беріп, Гиппократ антын алғаш рет қабылдаған.
«Дәрігер мамандығында ең қиыны – ар азабы. Өздеріңіз білетіндей, біз жұмысқа тұрмас бұрын ант қабылдаймыз. Осы ант бізді өмір бойы адал жұмыс істеуге итермелейді. Әрі қазақ халқында «Уәде – Құдай сөзі» деген бар. Сол үшін барынша тырысып жүрміз. Көптің алдында жүзім жарық, беделім биік болып жүргенге не жетсін? Бұрын ақ халатты абзал жан болуды армандасам, қазір сол ақ халатқа дақ жұқтырмауды мақсат тұттым. Біздің жұмыстың астарында еліміздің алғысы мен ақжарма тілегі жатыр», – дейді Ғазиза Мамышева.
Медицина – сан түрлі сынақтармен сыналатын сала. Бұл мамандықты меңгерген жандарға мүлт кетуге болмайды. Дәрігер өз ісіне қаншалықты жауапты әрі сенімді болса, соншалықты адамды ажал аузынан алып қалуға мүмкіндік бар. Сондықтан дәрігер болғысы келетін жандар бұл қызметке сатылап көтеріледі. Ғазиза да солай. Ол 2015 жылы оқуды аяқтаған соң, Бестам ауылдық округінде және Тартоғай, Сұлутөбе ауылдарының дәрігері болған. 2017 жылдың ақпан айынан бастап «Болашақ» емханасында қызмет атқаруда.
«Бұл мамандыққа түсуімді ең бірінші ата-анам қалап еді. Қазіргі таңда ол кісілердің тілегіне құлақ асып, мамандық таңдауда қателеспегенімді түсіндім. Ал еңбек өтілімді ең бірінші ауылдан бастағаным – бөлек әңгіме. Өйткені ол жақта үлкен кісілер бізге сеніммен қарайды. Ал ауданда талап жоғары. Мұнда халық саны көп болғандықтан ба келушілердің арасында әртүрлі адамдар болады. Кейбіреулері біздің жұмысымызға түсіністікпен қараса, енді біреулері тым жоғары нәрсені талап етеді. Арасында сөзбен сұлқ түсіріп, сілкіп-сілкіп алатындары да табылады. Біраз біз барлығына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, әрқашан көмек беруге дайынбыз», – дейді Ғазиза дәрігер сөз тізбегін әрмен қарай жалғап.
Иә, дәрігермен сұхбаттасу барысында жұмысының қауырт екеніне көзіміз жетті. Өйткені бөлменің есігі бір емес, бірнеше рет қағылып, дәрігер де қайта-қайта сыртқа шығып, емделушілердің қабылдаумен әлек болды. Сол арада түсінгеніміз ақ халаттылар үшін әр минут маңызды екен. Олар тығыз әрі шапшаң қызмет атқаруда. Бір сәтте бірнеше адаммен сөйлесіп, анализдер тізімін беріп, алғашқы көмек көрсетуде. Тіпті аяғы аяғына жұқпай, әрлі-берлі жүгіріп жүрген медбикелер де көп. Бір сөзбен айтқанда, емханадағы жұмыс медицина мамандарына бір сәт демалуға мұрша бермейді екен.
Ғазиза Төреханқызы өзінің дәрігерлік жолын және жұмыс барысын таныстыру барысында 38 жыл еңбек өтілі бар Адаскүл Натбаева туралы тілге тиек етті. Өзінің қасындағы сенімді серіктесіне айналған медбикенің ерен еңбегі туралы бізбен бөлісті. Қазіргі таңда барлық салада жастардың көп екенін білеміз. «Болашақ» емханасында да жас мамандар жетерлік. Соларға үлгі болып, жол көрсетіп келе жатқан – осы Адаскүл Орынбасаровна екен. 38 жыл өмірін медицинаға арнаған маманмен жүздесуді жөн көрдік.
Алғашқы сәттен-ақ жақсы әсер қалдыратын Адаскүл Натбаеваны жылы жүзді, мейірімді медбике десем артық айтқаным болмас. «Біздің міндетіміз – халықтың денсаулығын сақтау. Сол міндетті абыроймен алып шығуға тырысамыз» дейтін мейірімді медбикенің зейнеттік демалысқа шығатын уақыты да алыс емес. Бірақ сонда да алдына келген емделушіні күні кеше жұмысқа түскендей бар ынта-шынтасымен қарап, ем-шарасын жасауда.
«Әулетімізде қыз апаларымыз медициналық колледжде оқыған. Бала кезден соларға еліктеп, 1983 жылы Түркістан облысына оқуға тапсырдым. Алғашқы еңбек жолым 1985 жылы Шымкент өңірінде басталды. Хирургия бөлімінде үш жыл еңбек етіп, тағдырдың қалауымен Шиелі ауданына тұрмысқа шығып, 1988 жылдан бері балаларға кеңес беру орталығында еңбек еттім. «Болашақ» емханасына 1999 жылы табан тіредім. Сол сәттен бері осындамын. 30 жылдан асқан еңбек өтілімнің арқасында мені көпшілік жақсы таниды. Аймақ аяжаны болып баланы да, жасты да, кәріні де қарап, олардың денсаулығының жақсы ¬болуына атсалысамыз. Өзіміз де кейде ауырып, мазамыз болмай тұрса да, ең бірінші келіп отырған науқасты қарауға тырысамыз. Мемлекеттің басты байлығы – адам емес пе? Сондықтан біреудің басы ауырып, балтыры сыздағанын қаламаймыз», – дейді көпті көрген медбике.
Дәрігер Ғазиза Мамышева және медбике Адаскүл Орынбасаровна туралы тұрғындардың пікірі оң екенін білеміз. Сол сияқты ұжымдастары да қос маманды мақтап, әрқашан жақсы қарым-қатынаста жүргенін айтады. Ғ.Төреханқызы халықпен тіл табысып, дер кезінде нәтижелі ем ұсынып көзге түссе, А.Орынбасарова көп жылдық тәжірибесімен, көпті білгендігімен ұжымдастарына үлгі.
Адам жанының арашасы болып жүрген жандардың орнына өзіңізді бір сәт қойып көріңізші? Әр емделушіні сағат сайын бақылап, әртүрлі диагнозбен жұмыс істеп, көңілін аулауға, ине салып тыныштандыруға, ауруханадан құлан таза айығып кетуіне атсалыса аласыз ба? Сырт көзге қарағанда бір сарында көрінетін дәрігерлердің жұмысын атқаруға сабырыңыз бен батылыңыз жете ме? Бұл сауалдардың жауабын білу үшін бір сәт дәрігерлердің тіршілігімен тыныстап көрген дұрыс шығар. Сол сәтте дәрігердің жұмысы жанқиярлық еңбек екенін ұғынармыз, бәлкім?!