Kyzylorda-news.kz. Бүгінде «бала тілі – бал» дейтін қазақ, баласының тілі уақытында шықпай, қатарынан қалып бара жатса, алаңдайтыны рас. Айналамыздан «балам дұрыс сөйлемейді», «тілі анық емес», «жақсы логопед маманы керек» деген пікірді жиі естиміз. Бұрын  шет елдерде тіл мүкістігі мен ерекше балалардың сөйлеу дамуының тежелуін көп еститінбіз. Ал соңғы жылдарда балалар арасында өзекті мәселеге айналды. Сондай-ақ логопед-дефектолог маманына сұраныс артуда. Оған не себеп? Ата-ана нені ескеруі керек? Осы орайда облыстық балалар ауруханасындағы оңалту бөлімінің логопед-дефектолог маманы Қарлығаш Мәдібекқызымен сұхбаттасқан едік. 

– Қарлығаш Мәдібекқызы, маман ретінде дефектолог пен логопедтің айырмашылығын айтсаңыз? 

–  Дефектология негізінде үлкен сала, ол  логопед-дефектолог, логопед-сурдология, логопед-тифлопедагог, логопед-олигофренопедагог болып бөлінеді. Оның ішіндегі дефектология – табиғи ерекшелігі бар баланың түсінігін қалыптастырып, әлеуметтік ортаға бейімдеу арқылы зейінін тұрақтандыруды мақсат етеді. Ал логопед - сөздік  қоры арқылы тілдің мүкістігін, оның бұзылу себептерін жан-жақты жүйелі түрде баланың сөйлеу тіліндегі ақауын зерттеп, оның анық сөйлеуін, дыбыстың дұрыс шығуын қалпына келтіреді. Жалпы, бала өздігінен, ересек адамның ықпалынсыз сөйлеуді үйренбейді, себебі оның жүйке жүйесі  жанындағы адамның сөйлеуі арқылы дамиды. Логопед-дефектолог мамандығы бір-бірімен тығыз байланыста. 

 – Бұрын логопед-дефектолог маманы туралы жиі айтыла бермейтін. Қазір бұл мамандық сұранысқа ие. Сондай-ақ логопед-дефектолог саласын  қысқа мерзімді курс арқылы оқу жеткілікті саналатын. Бұған не айтасыз?

–  Иә, бұрын логопед-дефектолог маманы туралы айтыла бермейтін. Соңғы 2 жылда аталған мамандар сұранысқа ие. Оған себеп құрсақта жатқан кезінен баланың дұрыс дамымай, витаминдердің жетіспеуі, балаға көңіл бөлінбеуі, цифрлық гаджетті бала қолына ұстатуы, тұқым қуалау әсерінен тілінде күрмеуі бар және ерекше балалар саны артуда. Өкінішке қарай елімізде бала денсаулығына қатысты күрмеулі мәселе күн санап артып келеді. Бұл тұрғыда логопед маманы курсын оқу жеткіліксіз. Егер балаға шынайы көмектесемін дейтін маман болса, ол жан-жақты ізденіп, оқып, заман талабына сай түрлі әдіс - тәсілдерді үйреніп, дамып отыруы керек. Себебі жыл сайын бала тілін дұрыстауға, зейінін ашуға түрлі құрылғылар шығуда.   

– Баланың сөйлеу қабілетіндегі бұзылыстар неден пайда болады, оны қалай анықтаймыз?

–  Баланың сөйлеу қабілетіндегі бұзылыстар сыртқы және ішкі факторға байланысты. Сыртқы себептері: экология, жүйке жүйесінің бұзылысы, қарым-қатынас ортасы, селқостық, цифрлық гаджет, шулы орта. Ал ішкі себептері: анасының жүктілік кезі, босану, генетикалық аурудың берілуі, көру-есту жұмысының бұзылуы, соматикалық ауру, бас миының зақымдануы, гипербелсенділік, жанындағы адамның темекі шегуі, кесар тілігі сияқты құбылыстар баланың тіл күрмеуі мен аутизм болып тууына зиянын тигізеді. Боз баланы емдемес бұрын ең бірінші ата-ананың танымын кеңейтеміз. Себебі әлеуметтік өмірде  ата-аналар қателікке бой алдырады. Оны өздері де байқамайды. Үй тіршілігінде бала мазасын алса, сәби кезінен бастап көп жылайтын болса, есімін айтып шақырғанда қарамаса ата-ана дабыл қағу керек. Яғни дәрігерге барып, бала денсаулығын зерттеу керек. 

Ал тіл кемшілігін сәби кезінен байқауға болады, яғни тілдің жереншегі қысқа болса ана сүтін еме алмайды. Сондай-ақ бала 1 жасқа келіп, тілі шығып сөздерді айта бастағанда бізге логопед-дефектологка көрсету керек. Біз баланың денесін, бұлшық етін тексереміз. Егер бала табанындағы тепе-теңдікті сақтай алмаса, дұрыс сөйлей алмайды және қисық сөйлейді. Осы арқылы тіл ақауын ертерек анықтап, алдын-ала ем жүргіземіз. Бірақ көп ата-аналар баласындағы ақауды 3 жастан асқанда біледі. Себебі үй тіршілігінде жүрген ата-ана баласы жыласа көбіне планшет, ұялы телефон немесе интернеттегі жасына сай емес  мультфильмді  қосып беріп,  уақыт шектеуліктерін қоймайды. Әрине, заманауи құрылғыларды пайдаланған дұрыс, бірақ ол бала тілінің күрмеуіне алып келеді.  

 – Балалардың сөйлеу қабілетін жақсартуда қандай ем-шара қолданылады? Толық сөйлеп, тілі түзелу үшін қанша уақыт қажет?

–  Әр баланың түсінігі түрліше қалыптасады. Кейбіреуі бір айда, енді бірі деңгейіне қарай 1 жылда қабылдайды. Егерде алдымызға келген баланың түсінігі қалыптаспаған болса, ол кезде соматикалық және проприоцептивті сенсорлық жүйесін, яғни бұлшықет-буын сезімінің анализаторын бастаймыз. Ал түсінігі қалыптасқан, тек сөйлеуінде қана ақау болса шешу жолы интерактивтік тақта,  магнитафон арқылы жұмыс, микрафонмен қайталау сияқты заттарды пайдалана отырып, жеке  жұмыс дыбыстық ойын түрлерін,  сурет бойынша әңгімелеу, ұсақ моторика ойындарын жүргіземін. Негізі баланы қоршаған ортадан алыстатпай, еркіндікке жіберу керек. Бұрын балалар құммен ойнап, талға өрмелеп, балалармен асық, футбол секілді түрлі дала ойындарын ойнаса, қазіргі бүлдіршіндер телефон қарап отырады. Мәселенің бар себебі осында.  

–  Сіздің қабылдауыңызға келетін балалардың көбі қанша жастағы өрендер?

– Менің қабылдауыма 2 жастан бастап 9 сынып оқитын тіл мүкістігі мен мүлдем сөйлемейтін балалар келеді. Бір ата-ана, мектеп оқитын, сөйлеп жүрген баласының кейін мүлдем сөйлемей қалғанын айтып келді. Ол баланы зерттеу барысында оның планшет, телефон арқылы мутацияға ұшырағанын байқап, Астана қаласына жібердім. Сонымен қатар жиналыс барысында елімізде мутацияға ұшыраған жастардың бар екені, көбейіп жатқаны айтылды. Бұл да ата-ана үшін ойланатын жағдай.    

–  Жалпы тілдегі ақауды жою үшін жас ерекшелігі маңызды ма?

– Бұрын тілдегі ақауды  кетіруге 3-4 жас аралықтағы баланы қарайтынбыз. Қазіргі таңда 1 жарым жастан бастап қараймыз. Айтып өткендей барлығы баланың түсінігіне, санасына және науқастың ауру деңгейіне қарай жұмыс жасаймыз. Мысалы, ерекше балаларды біз толық адам қатарына қосылады деп айта алмаймыз, бірақ өзге әлемнен шығарып, қоршаған ортаға бейімдейміз. Ал саналы балаға түрлі жаттығуды қолдану арқылы дұрыс сөйлеуді үйретеміз.  

 – Маман ретінде ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз? Балада тіл кемістігі болмаса да жасалатын күнделікті қандай жаттығу түрін айтасыз?

– Ата-анаға айтар кеңесім баланы бесікке бөлеу керек, ойнау керек, өлең, ертегі айту керек. Планшет, телефон беріп немесе қосып қоюға болмайды. Балаға 3 жасқа дейін көңіл бөліп, жануарларды көрсетіп, оның дауысын салу керек. Сөйлей алмайтын баланың тіл шығуына жануарлар, сиыр, жылқы қой, қоян тағы басқа қоршаған ортадағы тірі нәрсені көзбен көрсету-сенсорика.  Сенсорика – бұл заттардың сыртқы қасиетін, олардың пішіні, түсі, көлемі, кеңістіктегі орналасуы, сонымен қатар иісі, дәмін сезу. Баланың сөйлеп кетуі үшін ата-ана баласымен мәміле жасап, сөйлесу керек. Мысалы, «қазір мына киімді киеміз, қонаққа барамыз» деген сияқты түрлі сөздерді кішкентай сәби кезінен естісе балада тіл күрмеуі болмайды. Ал ерекше баланы айтатын болсам, алдымен ата-ана баласының кемістігін мойындау керек. Олардың ерекшелігін өз қатарластарымен ойнамай, шыңғырып, айқайлауынан тағы да басқа түрлі іс-қимылдары арқылы байқауға болады. Осыны байқаған ата-ана дефектологка жүгінуі керек. Осы тұрғыда тіл мүкістігі мен балалардың сөйлеуін дамытуға логопед маманы ғана емес ата-ана да бірге бірлесіп жұмыс істесе, берілген тапсырма мен жаттығуды орындаса, нәтиже болатыны хақ.

– Сұхбатыңызға рахмет. 

Тағы да оқыңыз: