Kyzylorda-news.kz Бүгінде кең тараған ауру түрінің бірі – қаназдық. Оның белгісін адамның өңінен-ақ аңғаруға болады. Негізінен қаназдық өздігінен сырқат саналмайды. Алайда оған ұшыраған науқаста түрлі аурудың белгілері байқалады.
Қазір кеңінен етек алып бара жатқан бұл аурудың негізгі себебі – қан құрамындағы эритроциттердің азайып, темірлі нәруызды құрайтын гемоглабиннің төмендеуі. Көп қан кету, түрлі ауру әсерінен эритроциттердің тіршілігін жоюы, темір жетіспеушілік салдары да қандағы зат алмасу процесінің бұзылуына әкеледі. Мұндай сәтте ағзадағы қан сұйылып, жүрек соғысы жиілейді әрі оған күш түсіреді.
Ағзадағы барлық жасушаларға қоректік заттар мен оттегі қан арқылы қамтамасыз етіледі. Ол ағзада тасымалдау, реттеу, ас қорыту, тыныс алу, қорғаныш сынды қызметті атқарады. Ал оның құрамындағы эритроциттің бұзылысы қаназдықты тудырады. Мұндай сәтте адам әлсіз, тез шаршағыш болады. Тері бозарып, тістегі қызыл иектің, тырнақ етінің ағаруы байқалады. Ал оның ауыр түрінде жүрек соғысы жиілеп, аяқта ісіну, демігу көрініс береді. Сондай-ақ кей науқастар топырақ, кесек жеуге құмар. Бұл қаназдықтың белгісі. Әсіресе, ол аяғы ауыр әйелдерге тән. Оның соңы өте қиын жағдайға әкеп соғады. Қаназдық көп ауруды туғызушы фактор болып табылады.
Жамила Таджимбетова,
№6 Қызылорда қалалық емханасының онколог мейірбикесі
Фото: syrboyi.kz