Kyzylorda-news.kz  Негізінен, «Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі» екені даусыз. Дертіне дауа іздеген көпшілік дәрігер тағайындаған емнің шапағатын қай кезде де көргісі келетіні бесенеден белгілі. Қазіргі уақытта денсаулығында кінәраты бар жандар жылына 2-3 мәрте ауруханаға жатып, ем-шара қабылдау үшін ауруханаға келеді. Осындайда Сырдария аудандық ауруханасының «Күндізгі стационар» бөлімшесі созылмалы және белгілі бір сырқатқа шалдыққан дертті жандарға есігін айқара ашып келеді. Білікті дәрігер Қайрат Ерманов жетекшілік ететін аталған бөлімше мамандарының қызметімен жан-жақты танысу мүмкіндігін алдық.

Аудандық аурухана жанындағы «Күндізгі стационар» бөлімшесі 16 жылдан бері жергілікті халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Ең алғаш 20 төсек орын ретінде жұмысын бастаған бөлімше Тереңөзек кентіндегі Абай Құнанбайұлы көшесінде орналасқан болатын. Кейіннен 250 орындық емхана ашылған уақытта бөлімше емдеу мекемесіне көшіріліпті. Бүгінде бөлімшенің құрылымы кеңейіп, тәулігіне 30 төсек орынға жататын жергілікті халыққа қызмет көрсетуге мүмкіндік ала білген. Өткен жылы «Күндізгі стационар» бөлімшесіне 909 адам жоспарлы емдеуге жатқызылған еді. Бұл көрсеткіш – 2022 жылмен салыстырғанда 56 науқасқа артық екен. Медицина саласында терапевт дәрігер ретінде 30 жылдық тәжірибесі бар Қайрат Жоламанұлының айтуынша, жыл өткен сайын кез келген нозология бойынша шағым келтіретін сырқаттанушы қатары көбейіп келе жатыр екен.

– «Басы ауырып, балтыры сыздаған» жұртшылық денсаулығының жағдайы бір қалыпта тұра бермесі анық. Осы күні созылмалы дерті бар жандар біздің бөлімшеден уақытылы ем қабылдап келеді. Негізінен, «Күндізгі стационар» бөлімшесінде ем қабылдаудың өзіндік ережесі бар. Ең алдымен, емделуші аймақтық дәрігер диагнозы бойынша дайындайтын жолдаманы портал арқылы арнайы базаға енгізетіні жасырын емес. Аймақтық дәрігер нұсқаған емделушінің сырқатының қай деңгейде екенін анықтау үшін зертханалық сараптама қорытындысы шығарылады. Өз кезегінде дәрігер ретінде менің міндетім – әрбір диагноз бойынша бекітілген нұсқаулық негізінде науқасқа ем-шара тағайындаймын. Дегенмен дәрігер хаттамада көрсетілген дәрі-дәрмектің науқасқа тигізер пайдасын, жағымсыз әсерін анықтап алу керек. «Күндізгі стационар» бөлімшесінің бір артықшылығы – жергілікті халық емдеу мекемесіне қонбастан, қажетті ем-шараны таңғы және түскі мезгілде қабылдай алады. Біздің тарапымыздан науқастарға массаж, физиотерапияға жолдама беріледі. Әрқашан бас дәрігер Жалғасбек Үсеновке бөлімше тынысы баяндалып отырылады, – дейді Қайрат Жоламанұлы.

Шын мәнінде, кез келген диагноз бойынша науқасты 7 жұмыс күнінде емдеу көзделген екен. Бөлімшеде меңгеруші, аға медбике, орта және кіші буын, маманы жұмыс жасайды. Өз кезегінде бөлімшенің арнайы дайындалған нұсқаулығы бар. Нұсқаулық аясында күндізгі стационарда емделуші науқастардың тексерілуі мен ем жүргізілуі хаттама стандартына сәйкес, жүзеге асырылады. Бұл ретте, тәжірибелі дәрігер Қайрат Жоламанұлынан осы күні науқастар арасында жиі кездесетін диагноздарды сұраған болатынбыз.

– Шындығын айту керек, жергілікті халықтың басым көпшілігі – жүрек, қан тамырлары аурулары бойынша шағым келтіреді. Науқастың көбінде тамыр көздері бітеліп, қан қоюлануы жиі кездесетіндігі айта кетейік. Қан қысымы жоғарылап, жүрек қызметі тежеліп, инсульт, инфаркт алған жандар жоспарлы емге жүгінеді. Сонымен қатар экологияның әсернен болар, жастар мен егде тартқан жандарда бүйрек аурулары біршама көбейген. Неврологиялық дерті бар кісілер уақытылы ем алатындар қатарында. Ішкі ағзасы зақымданған жандар қаншама. Қазіргі уақытта көпшілік тез дайындалатын кез келген тағамға әуестігін жақсы білеміз. Энергетикалық сусынға тәуелділік басым. Күнделікті тамақтану режимін ұстанбайтын сырқаттар арасында бауыр, өт, асқазан, ұйқы безі қызметінің бұзылуы жиі байқалады. Қант диабеті, онкологиялық аурулар қатаң бақылауды талап етеді. Қашанда денсаулықты барынша күтіп ұстау маңызды рөл ойнайды. Кей жағдайда 7 күндік ем-шарадан кейін тағайындалатын дәрі-дәрмекті уақытылы тұтынбайтын жандар баршылық. Ақырында олар денсаулығындағы кінәратты асқындырып алып жатады, – дейді білікті дәрігер.

Расында денсаулықтың жақсаруы – әрбір адамның өз қолында екені даусыз.

Тағы да оқыңыз: