Kyzylorda-news.kz «Біз туберкулезді жеңе аламыз!» Бұл – бір ай бойы ұйымдастырылған «Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес» күніне арналған айлықтың басты ұраны. Осыдан 140 жыл бұрын дүниежүзінде пайда болып, зиян жұқпалы ауру саналған дертті қазақта «құрт» ауруы деп атаған. Ертеректен келе жатқан жұқпалы аурумен күрес айлық аясында емес, жыл бойы жүргізіледі.
Әр жылда сан түрлі ұранмен өтетін айлықтың басты мақсаты – тұрғындарға қауіпті дерт жөнінде мол мағлұмат беру, уақытылы флюрографиялық тексерілуден өтудің маңызы туралы жеткізу, манту және диаскинтест сынамалары, квантиферон тест арқылы тексерілуден өту барысында дертті ерте анықтауға, аурушаңдылық деңгейін төмендетуге болатындығы жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізу болып табылады.
«Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес» күніне арналған айлыққа Сырдария аудандық ауруханасының мамандары да үлес қосты. Күн сайын елдімекендерде, білім ошақтарында, колледжде, балабақшаларда арнайы акция, семинар өткізіліп, үнпарақтар таратылды және Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен бірлесіп Шіркейлі ауылында ауқымды акция ұйымдастырылды.
– Туберкулез дертімен күреске арналған іс-шаралар аясында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Мектеп оқушылары арасында шығармашылық байқаулар өткізіліп, жеңімпаздар анықталды. Ал сала мамандарының біліктілігін арттыру мақсатында арнайы оқытулар жүргізілді. Медицина мамандары әрбір елдімекенде болып, аталған дертке қатысты мониторингтік талдау жасалды. Науқастармен кездесіп, ем алу шараларын қатаң бақылауға алды. Аудан тұрғындарына арнайы үнпарақ таратылып, туберкулезге қарсы тұрудың негізгі амалдары түсіндірілді, – деді фтизиатрия бөлімшесінің меңгерушісі Ләззат Ибраймова.
Аудан бойынша аурушаңдық көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда жоғары деңгейде. Нақты цифрларға тоқталсақ, өткен жылы 12 адам осы дертке шалдығып, сырқаттанушылық көрсеткіш 31,6 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш аудан көлемінде дерттің таралуы жүз мың халыққа экстраполяция есебімен 68,5 пайызды көрсетіп отыр.
Елдімекендер арасында туберкулезбен аурушаңдылық көрсеткіші аудандық көрсеткіштен жоғары. Атап айтар болсақ, Шіркейлі ауылы – 125,3 пайыз, Аманкелді ауылы – 66,7 пайыз, Ақжарма – 42,2 пайыз өсу қарқыны анықталады. Есепке алынған 12 науқастың, 9-ы профилактикалық тексерілу арқылы анықталған. Бір науқаста гистологиялық жолмен ішек туберкулезі болып шықты. Көп дәріге төзімді туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші 2023 жылдың 12 айында 5 науқас алғаш рет ауырғандар арасынан анықталып отыр. Туберкулез ауруын әр жаста жұқтыру қаупі жоғары. Әсіресе, бұл ауру балалар үшін қауіпті. Балалардың иммунитет жүйесі толық қалыптаспағандықтан, бала ағзасы әр түрлі жұқпаларға шалдыққыш келеді.
– Балалар мен жасөспірімдер арасындағы туберкулездің алдын-алу іс-шаралары жүйелі түрде жүзеге асуда. Сырдария ауданы бойынша 12068 бала бар. Манту сынағы 12 айға жоспарланған. Манту сынағымен қамту аудан бойынша 106 пайыз құрап, оң мәнді болғаны – 478. Туберкулез микобактериясын жұқтырды деген диагнозбен бірінші рет есепке 79 бала тіркелген. Профилактикалық еммен қамтылғаны – 8 бала. Байланыстан ЛТИ саны қажет еткені – 16 бала, қамтылғаны – 16 бала. 2023 жылы 308 бала туылып, БЦЖ вакцинасы 304 балаға салынды. Медициналық қарсылық 4 балада көрсетілген. БЦЖ ревакцинациясына 449 бала жоспарланған. Осы жылдың 2 айында ауданда 1 бала, 1 жасөспірім есепке алынды. Балалар арасында да бұл ауру кең етек алуда, – дейді фтизиатр дәрігер Анар Жаңабаева.
Аудан бойынша туберкулездің тұрақты түрімен барлығы 18 науқас есепте тұрады. Оның амбулаторлы емде жүргені – 15 науқас химиотерапиялық емін жалғастыруда. ИРЛ емімен 12, КРЛ емін 5 науқас жалғастырып, 1 науқас 1Г тобында бақылауда тұрады.
«Адамның басты байлығы – денсаулық» демекші, уақытылы ем алып, дәрігердің нұсқаулығын орындаса, бұл дерттің де алдын алуға болатынын ұмытпаған жөн.
Фото: vkoaids.kz