Kyzylorda-news.kz. Мейірбике ісі – медицина саласында өзіндік орны бар ерекше мамандық болып саналады. Жанына шипа іздеп келген науқастың дәрігерден кейін ем-домын жасайтын олардың еңбегі қашанда өлшеусіз. Осындай мерейлі мамандық иесінің бірі, 12 жылдық еңбек өтілі бар Қызылорда облыстық онкология орталығының госпитальді фармация бөлімшесінің аға мейіргері -Айтмұратова Арайлым Оспанқызы.
Қызылорда қаласында дүниеге келген Арайлымның мейірбике болу бала күнгі арманы еді. Ол 2008 жылы мектеп бітіргеннен соң жоғары медицина колледжіне оқуға түсіп, осы оқу ордасын «мейіргер ісі» мамандығы бойынша тәмамдайды. Ал алғашқы еңбек жолын 2012 жылы №1 қалалық емханада «Егу бөлмесінің» мейіргерлік қызметінен бастайды. Бұдан кейін кейіпкеріміз 2019 жылы облыстық онкология орталығының «кеңес беру» бөлімінде, химиотерапия бөлімінің ішіндегі «химия еріту» бөлімінде қызмет атқарады.
Жауапкершілігі зор қызметті атқара жүрсе де алдына мақсат қоя білген Арайлым Оспанқызы білім жетілдіруді көздейд. Осы мақсатта 2019 жылдар аралығында Қызылорда жоғарғы медицина колледжінде оқуға тапсырып, 2021 жылы бакалавр дәрежесін алады. Ал 2023 жылы «Госпитальді фармация бөліміне» ауыстырылып, аға мейіргер міндеттін атқарып келеді.
Бүгінде ел алғысына бөленіп, өзіне міндеттелген жауапкершілікті абыроймен атқарып жүрген кейіпкеріміз аймақ медицинасында өзіндік орны бар мейірбике.