Kyzylorda-news.kz 2024 жылғы сәуірдің 21-27 аралығында Еуропалық иммундау апталығы өтеді. Бұл іс-шара дүниежүзінің бірнеше елі қатысатын әлемдік жобаға айналды. «Вакциналар: өткен, қазіргі және болашақ ұрпақ үшін денсаулықты қорғау»ұранымен өткізілетін бұл апталықтың мақсаты – халықтың назарын екпе алуға аудару және иммунопрофилактиканың адамдардың денсаулығы мен әл-ауқаты үшін маңызы туралы хабардарлығын арттыру. Бұл туралы Қызылорда облысының СЭБД басшысы Динара Жанабергенова мәлімдеді.
Вакциналау – денсаулық сақтаудың ең үлкен жетістіктерінің бірі. Ол бүкіл әлемде инфекциялармен күресудің ең тиімді, үнемді және қолжетімді құралы ретінде танылды.
Иммундау қазіргі уақытта қолданылып жүрген медициналық араласудың ең тиімді және үнемді шараларының бірі. Халықтың эпидемиялық салауаттылығын қамтамасыз ету үшін халықты жоспарлы иммундаумен қамту деңгейі кемінде 95%-ды құрауы тиіс.
Иммундау әмбебап әдіс болып табылады және ұлт саулығын қамтамасыз етудің маңызды жолы. Жыл сайын иммундау дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызылша, паротит, қызамықтан болатын 2-3 миллион өлімнің алдын алуға,аурулар мен мүгедектіктен қорғауға мүмкіндік беретінін есте ұстаған жөн.
2024 жылғы Еуропалық иммундау апталығы ата-аналарды, медицина қызметкерлерін қызылшаға және көкжөтелге қарсы вакцинациялауға баса назар аудара отырып, сондай-ақ адам папилломасы вирусына (HPV) қарсы вакцинациялауды енгізу қажеттігіне баса назар аудара отырып, иммундаудан уақтылы өтудің маңыздылығы туралы хабардар етуге бағытталған.
Профилактикалық екпелер 12 ауруға қарсы міндетті вакциналауды көздейтін Ұлттық екпе күнтізбесі шеңберінде жүзеге асырылады. Бұдан басқа, екпелер жекелеген кәсіптік топтарға, аса қауіпті инфекциялар бойынша қолайсыз елдерге баратын табиғи-ошақты аурулармен аурушаңдық деңгейі жоғары аумақтарда тұратын адамдарға және инфекциялар ошағында эпидемиялық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі.
“Вакцинадан тартыну” деп аталатын мәселе бар, бұл кейбір ата-аналардың мифтер мен жалған ақпаратқа негізделген иммундауға деген сенімсіздігінің артуы. Бұл кереғар көзқарастардың туындауынабірден-бір себеп - әлеуметтік желілерде жарияланған жағымсыз жарияланымдардың, негізсіз ақпараттардың болуы. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі мен дәрігерлер бірлесіп,ата-аналардың иммундауға деген сенімін нығайту, иммундаудан өтудің қажеттілігі туралы ата-аналармен диалог орнату сияқты хабардарлықты арттыруға бағытталған шараларды тұрақты жүргізудің арқасында өз ойын өзгертіп, вакциналарын алып жатқан ата-аналар да жоқ емес.
Қазақстан Республикасында медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде міндетті профилактикалық егулер республикалық бюджет қаражаты есебінен мынадай инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы міндетті профилактикалық екпелер жүргізіледі:
– жоспарлы профилактикалық екпелер: “В” вирустық гепатиті; В типті гемофильді инфекция; дифтерия; көкжөтел; қызылша; қызамық; пневмококкты инфекция; полиомиелит; сіреспе; туберкулез; эпидемиялық паротит;
– эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша профилактикалық екпелер: құтырма; іш сүзегі; көктемгі-жазғы кене энцефалиті; оба; коронавирустық инфекция.
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен мынадай жұқпалы ауруларға қарсы эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша міндетті профилактикалық екпелер жүргізіледі: “А” вирустық гепатиті; тұмау; сібір жарасы; туляремия.
2024 жылы республикада ұлттық вакцинация күнтізбесіне адам папилломавирусына (HPV) қарсы вакциналау енгізілді. Соған сәйкес а.ж. ІІІ тоқсанында тиісті контингентке вакцинациялау жүргізіледі деп жоспарлануда.
Профилактикалық екпелер арнайы дайындықтан өткен мейіргерлермен мамандандырылған егу кабинеттерінде жүргізіледі. Бүгінгі таңда Қызылорда облысында 216 екпе кабинеті жұмылдырылған. Алыс орналасқан елді мекендерде егу жұмыстары 43 жылжымалы егу бригадасымен жүзеге асырылады. Егуден кейін асқыну жағдайлары тіркелген жоқ.
Фото: h-clinic.ru