Kyzylorda-news.kz Кез келген адам мамандық таңдауда қателеспеуі керек. Өзінің өмірін медицина саласымен байланыстырған жандарға тіпті үлкен жауапкершілік жүктеледі.

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы "БОКС" бөлімшесінің меңгерушісі Гүлжаухар Сүгірбаева бұл тұрғыда қателік жасамаған. Отыз жылдан астам уақыт денсаулық сақтау саласында еңбек етіп келе жатқан жанның абыройы асқақ, білімі терең, біліктілігі жоғары.

Гүлжаухар Калдыбайқызының жолдасы да медицина саласында қызмет жасайды. Облыстық көпбейінді ауруханасы "Нейрохирургия" бөлімінің меңгерушісі – Шынжырбай Оразмаханұлы. Алтын қолды дәрігердің есімі Сыр медицинасы тарихында алтын әріптермен жазылмақ. Талай науқасқа сәтті ота жасап, дертінен сауықтырып келеді. Шынжырбай Оразмаханұлын алыс және жақын шет елдерден арнайы іздеп келетін науқастар аз емес.

"Мен күйеуіммен Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтында бірге оқыдық, үлкен салаға бірге қадам бастық. Отау құрғанымызға биыл 31 жыл. Азаматым екеуміз бір-бірімізге тіреу болып келеміз. Атқаратын қызметіміз оңай емес, науқастар бізге өзінің өмірін сеніп тапсырады", – дейді Гүлжаухар Калдыбайқызы.

Дәрігер бүгінде "БОКС" бөлімшесінің меңгерушісі, аса қауіпті жұқпалы ауруларға шалдыққан науқастарды емдейді. Жүктелген жауапкершіліктің салмағы аса ауыр. Гүлжаухар Калдыбайқызы төрт баланың анасы, бес немересінің сүйікті әжесі.

"Отағасы екеуміз балаларымыздың тәрбиесіне үлкен көңіл бөлдік. Перзенттеріміз елге қызмет жасайтын азаматтар болғанын қалаймыз. Ұлым Дастан біздің жолымызды жалғап келеді. Астана медициналық университетін бітірді, бүгінде Елордадағы емдеу мекемесінде уролог - дәрігер болып еңбек етуде. Мен балаларымның болашағына үлкен үмітпен қараймын",  – деді дәрігер.

Гүлжаухар Сүгірбаева 2.jpgГүлжаухар Сүгірбаева.jpg

Тағы да оқыңыз: