Kyzylorda-news.kz Күн сайын қаншама сәби дүниеге келеді. Жарық өмірдің есігін ашып, ана мейіріміне бөленеді. Айналасына бақыт сыйлайды. Осы бір ғажайып сәтті сезінуде ақ халатты абзал жандардың үлесі зор.

Көпбейінді облыстық аурухананың акушерлік бөлімінің бас акушері Гүлзат Жолдасбекқызы 30 жылға жуық ана мен баланың аман-есен қауышуына себепкер болып, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, аналар алғысын арқалаған абзал жан.

Жастайынан жазуға бейім, шығармашылыққа жаны жақын кейіпкеріміз әуелде журналист болуды армандаған екен. Алайда мектеп қабырғасында жүріп шығармашылық қабілетін шыңдап, осы салада қызмет етемін деген оның мақсаты басқа арнаға бұрылады.

– Әр адамның бала кездегі арманы болады ғой. Менің де арманым журналист болу еді. Бірақ дәм-тұз медицина саласынан бұйырған екен. Мектеп бітіретін жылы ағам менің медицина саласын таңдауым керектігін, осы салаға икемім барын, мықты маман болатынымды айтты. Көп ұзамай ағам ауыр дерттен көз жұмды. Сол сәтте оның бұл айтқандарын өзіме аманат ретінде қабылдадым. Солай 1991 жылы Жезқазған медицина училищесіне оқуға түсіп, акушер мамандығы бойынша үздік дипломмен аяқтадым, – дейді кейіпкеріміз.

Жалпы денсаулық саласындағы әрбір маманның ісі жауапкершілікті, біліктілікті қажет етеді. Ал акушерлік сала мамандары бір емес екі адамның өмірі үшін жауапты. Білім, біліктілікпен бірге тиянақтылық, жауапкершілік қасиет дәрігердің бойынан табылуы тиіс. Отыз жыл осы саланың қызығы мен шыжығын көріп, 10 мыңнан астам баланың кіндік шешесі атанған Гүлзат Жолдасбекқызы алғашқы еңбек жолын Қармақшы аудандық перзентханасынан бастаған. Еңбек жолын ел үшін қиын-қыстау кезеңде бастаған ол бүгінде медицина саласының қарқынды дамып жатқанын айтады.

– Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдар оңай болған жоқ. Тек денсаулық емес барлық салада құлдырау болды. Ол тұста жаңа босанған аналарға жағдай жасалмаған, тіпті дәрі-дәрмекте тапшы болатын. Соған қарамастан мамандар ана мен бала өмірін сақтау үшін аянбай еңбек етті. Қазір денсаулық саласы күн санап дамып келеді. Перинаталдық орталықтар соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған. Ананың жеңіл босануы, баланың аман-есен тууы үшін бар мүмкіндік қарастырылған. Осыған қуанамын, – дейді өткенді саралаған Гүлзат Жұмабекова.

Кейіпкеріміз 30 жылдық еңбек жолында Қармақшы, Байқоңыр қалаларындағы перзентханада жұмыс істеп, 2009 жылы Қызылорда қалалық перзентханасына ауысады. Бүгінде жоғары санатты акушер Гүлзат Жолдасбекқызы облыстық денсаулық басқармасының штаттан тыс бас акушері, көпбейінді облыстық аурухананың акушерлік бөлімінің акушері. Үнемі ізденіс үстінде жүретін маман Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларында бірнеше рет білімін жетілдірген. Өзінің тәжірибесін ауыл-аймақтан келген акушер, жас мамандармен бөлісіп, акушерлік көмектің сапалы атқарылуына үлесін қосуда. Қашанда жас мамандарға үйретуден жалықпайтын кейіпкеріміз олардан жұмыс барысында жауапты, тиянақты болуды талап етеді. Ана мен бала өмірі үшін жауапкершілікті сезінбей сапалы қызмет көрсету мүмкін емес. Сондықтан еңбек жолын енді бастаған шәкірттерінің білікті маман болып қалыптасуына үнемі ақыл-кеңесін беріп, тәжірибесімен бөлісіп келеді.

     Кейіпкеріміз «білімділікті, біліктілікті, қырағылық пен жауапкершілікті талап ететін қызмет жолын таңдап, ана мен баланың аман-есен қауышуына себепкер болуды өмірдің өзіне жүктеген міндеті деп түсінеді. Жуырда акушерлер арасында өткізілген облыстық байқауда жеңімпаз атанып, «Үздік акушер» атанған Гүлзат Жұмабекова отыз жыл аға аманатына адал, халыққа алғаусыз қызмет көрсетіп келеді.

Айдана СЕЙІЛ

Тағы да оқыңыз: