Kyzylorda-news.kz. Жаз мезгілінде түрлі жұқпалы аурулардың көбейе түсетіні белгілі. Әсіресе, жіті ішек инфекциясы, тамақтан улану жағдайлары жиілейді. Қазіргі кезде ауданда жіті ішек инфекциясы белең алып отыр. Сала мамандары жағдайдың бұлайша у-шығуына ауа райының аптап ыстықтың және жеке бас гигиенасының бұзылуы басты себеп болып отыр.
Биылғы 6 айда аудан көлемінде жұқпалы жіті ішек инфекциясының 26 жағдайы есепке алынып, аурушаңдық көрсеткіш былтырғы жылға қарағанда 30,5 пайызға өскен. Жұқпалы жіті ішек ауруларымен науқастанғандардың 96,1 %-і (25 жағдайы) 14 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде 38,5%-і (10 жағдайы) 2 жасқа дейінгі балалар үлесінде. Аурудың жоғары деңгейде тіркелуіне басты себеп – тұрғындар, әсіресе балалар арасында ішек инфекциялары мен тағамнан уланудың алдын алудағы санитарлық-гигиеналық нормалар мен қағидалардың сақталмауы себеп болып отыр. Балалар арасында жедел асқынған ішек инфекцияларымен сырқаттану жазғы маусымда көбейеді. Бұған қоршаған орта температурасының жоғарылауы, сусынды, көкөністерді, жеміс-жидектерді көп қолдану, азық-түліктің тез бұзылуы себеп болады. Жасыратыны жоқ, жаздың алғашқы айынан бастап тұрғындар мерзімінен ерте піскен бақша өнімдері мен жеміс-жидектерді жиі тұтынады. Атап айтсақ, қарбыз маусым айында сауда сөрелеріне түсе бастайды. Бұл уақытта өнімдер анағұрлым қауіпті, яғни нитратпен улану деңгейі жоғары. Себебі ең жылдам піседі деген сорттардың өзі шілде айының соңына қарай бабына келеді. Ал сапалы әрі қауіпсіз қарбыз тамыз айының соңына қарай жеткізіле бастайды. Өйткені бұл уақытта бақша дақылдары табиғи түрде пісіп, жетіледі.
Жұқпалы жіті ішек инфекциясының алғашқы белгілері: іштің жиі-жиі судай өтуі, дене қызуының көтерілуі, сәбилердің емшектен бас тартуы, асқа тәбеті болмау, шөлдеу, құсу, бас ауру, жалпы әлсіздік, селқостық, мазасыздық, ауырсыну, кілегейдің пайда болуы. Науқастың жиі құсып, іші өткен сайын жағдайы ауырлай түседі. Өйткені, организм өзіндегі тіршілікке қажетті су мен тұздарды көп жоғалтады. Жоғарыдағы аталған клиникалық белгілер пайда бола бастаса, міндетті түрде дәрігерге көрінуі қажет. Мұндай кезде дәрігер келгенге дейін мүмкіндігінше ем жасай бастаған абзал. Ол үшін сұйықтықты мол, көбірек ішкізген дұрыс. Антибиотик қолдануға болмайды, өйткені аурудың клиникалық сипатын өзгертеді, мұның өзі дұрыс диагноз қоюды қиындатады. Сондықтан сақтық шараларын сақтап, денсаулықты мұқият күткен жөн.
Биылғы жылдың 6 айында қызылша ауруы бойынша аудан көлемінде 7 жағдай тіркеліп, аурушандық көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 8,2 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың 6 айымен салыстырғанда әлдеқайда өскен.
Осылайшаэпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыз болуы мамандар үшін алаңдатарлық мәселеге айналып отыр. Өйткені, тұрғындар ауру жағдайлары байқалғанда бірден дәрігердің көмегіне жүгінбейді. Көбісі үй жағдайында емделу жолдарын қарастырып, ауруларын асқындырып алады. Ауру жұқтырғандар 3-4 күннен кейін дәрігерлердің көмегіне жүгінеді. Мұның өзі адамның өз өмірі үшін үлкен жауапсыздық секілді.
«Жіті ішек инфекциялары – бұл бактериялар, вирустар, қарапайымдылар тудыратын және балалар мен ересек адамдарда ішек қызметінің бұзылуымен (диарея) сипатталатын жұқпалы ауру. Ішек жұқпасы әлемде ең көп таралған инфекциялардың қатарына жатады. Ішек инфекцияларының пайда болуының алдын алу үшін тағамдық азық-түліктердің сапасы өте маңызды – көптеген тағамдарда бактериялар тек қана өміршеңдігін сақтап қана қоймай, олар ауру тудырушы адамның қолымен тағамды ауызына апарғанда асқазан-ішек жолына кір қолы арқылы, ластанған су арқылы, сапасыз азық-түліктер арқылы түсіп қарқынды түрде көбейеді. Әсіресе, тұтынар алдында термиялық өңдеуден өтілмейтін тағамдар өте қауіпті. Ондай тағамдарға салаттар, винегреттер, сондай-ақ жемістер мен жидектер жатады. Салаттар мен винегреттерді, әртүрлі тұздықтар мен гарнирлерді тоңазытқышсыз түнге қалдыруға болмайды. Жаз және күз маусымында сүт және сүт өнімдерінде бактериялардың көбеюіне қолайлы жағдайлардың туындайтынын білу керек. Жеке адамдардан сатып алған құйылып сатылатын сүтті міндетті түрде қайнату керек. Қазіргі таңда, аудан көлемінде аса қауіпті және жедел ішек инфекциясы аурулары бойынша эпидемиологиялық ахуалдың күрделі екендігін ескертіп, барынша қатаң сақтық шараларын сақтауға шақырамыз», – дейді Шиелі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзада Айтекеева.
Қазіргі уақытта кез келген кеселге бейжай қарауға болмайды. Әсіресе жұқпалы дертке салғырт қарау өміріңізге үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан аталарымыздың «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген тәмсілін естен шығармағанымыз жөн. Сақтанайық, сақ болайық, ағайын!