Kyzylorda-news.kz. Әлемнің қай елін алсаңыз да қыз баласын сұлулықтың символына балап жатады. Тіпті «Сұлулық әлемді құтқарады» деген сөздің өзі әйелдерге әжептәуір жүк болып тұр. Табиғатынан тартымды қыз-келіншектер мұндай сөздерді естісе, бойын түзеп, маңғазданып қалатыны өтірік емес. Ал кереметтей келбеті жоқ арулар көштен қалмайын деп түр-әлпеті мен дене пішіміне әртүрлі өзгерістер жасап әлек. «Сұлулық құрбандықты талап етеді» дегенді басқаша түсінген кейбір бұрымдылар бет-әлпетін өзгерту үшін қаражатын құрбан етіп жатады.

Табиғат бермегенді ақшаға жасатып алып, өзгеріп шыға келгенде қайран қалмау мүмкін емес. Біздің елімізде де жасанды сұлулыққа қол жеткізу қиын емес. Тіпті қазір көшеде қасы мен ернін, қабағы мен мұрнын жасатып алған қызды көрсе ешкім таң қалмайды. Керісінше жыл өткен сайын жасөспірімдер де көңілі толмайтын жерін өзгертуге құштар болып отырады. Соның нәтижесінде алдымыздан сұлу қыз шықса, табиғи ма әлде жасанды жапсырма ма деп бажайлап қарайтын халге жеттік. Бірақ қазіргі кезде қасты қайта өсіру, ерінді үлкейту, қабақты көтеру, мұрынды кішірейту сынды оталарға көпшіліктің көзі үйреніп кеткені сонша, ешкім таң қалмайтын да, қорықпайтын да болған. Оның орнында сатып алатын сұлулықтың қазіргі шыңында арықтататын дәрілер көш бастап тұр. Атына қызыққан қауым препараттың қайдан келгеніне, құрамында қандай заттар барына да мән беріп жатқаны шамалы. Тек арықтатып, денедегі артық салмақтан оңай құтылудың жолын іздейді. Бірақ медицина мамандарының айтуынша, осы арықтататын препараттар денедегі майды сылып тастайтын - отадан да қауіпті дейді. Олай болса саудасы қызып, жарнамасы жер жаһанды жайлап тұрған аздыратын дәрілердің адам ағзасына қаншалықты зиян екенін талқылап көрелік. 

Жаһандану заманында жарнаманың алатын орны ерекше. Арықтататын дәрілерді алып, денсаулығына зиян келтіріп жатқандар да осындай жарнаманың құрбанына айналғандар. Тауар сатушылар саудасын жүргізу үшін оқырманы көп блогерге ақылы жарнама жасатады. Әрине, қомақты қаржы алған соң блогер де өтірікті шындай, шындықты Құдай ұрғандай айтып, барынша тауарды өткізуге тырысады. Бірақ оның зиян не пайдалы екенін тексеріп жатқан ешкім жоқ. Ең бастысы арықтатады деп сенеді халық. Бірақ 4-5 жылда елімізге келетін мұндай өнімдердің 70 проценті жалған сертификатталған, ал басқа мемлекеттерде арықтататын препараттарды сатуға тіптен тыйым салынған. Өкініштісі бізде бұл өнімдер ашықтан-ашық сатыла береді. Тіпті екінің бірі көтерме бағада сатып алып, саудагер болып алған. Ал сол өнімнен адам өміріне қауіп төніп, я болмаса денсаулығына зиян келсе ешкім жауап берген емес, бермейді де. Осындай кері әсерін білетін дәрігерлер мен жаттықтырушылар және диетолог мамандар «Арықтатын дәрі ішпеңіздер» деп дабыл қағуда.

«Арықтауға арналған препараттар қазіргі таңда сауда нарығында өте көп. Олардың барлығы БАД, яғни биологиялық белсенді қоспалар. Бірақ оның ішінде пайдалысы да, зияндысы да көп. Мысалы, көбі сұрайды «арықтататын дәрілерді ішуге бола ма?» деп. Мұндай кезде үзілді-кесілді жоқ деп айтамын. Себебі ол адамның метаболизмін бұзуы мүмкін. Ағзаға кедергі келтіреді немесе асқазаныңызда ойық жара, қабыну, өт жолдарыңызда тас, тұз болатын болса оларды асқындырып жіберуі ықтмал. Өйткені, осындай арықтататын дәрілердің барлығы өт жолын айдау, я болмаса үлкен дәретке жиі шығару арқылы іске асады. Ол ағзаға керекті аминқышқылдарын, дәрумендерді жуып-шайып жібереді. Сонымен қатар асқазан-ішек жолдарының бүрлерін бұзады. Ең дұрысы, арнайы денсаулыққа қажет дәрумендер ішіп, дұрыс тамақтанып, спортпен шұғылдану керек. Өйткені сіз бірден арықтап кетсеңіз тері салбырайды, бұлшықет босаңсиды. Бәрібір оларды қалпына келтіру үшін спорт керек. Сондықтан әу бастан жаманға жүгірмей, спортпен айналысып арықтау қажет», – дейді гинеколог, нутрициолог Гүлназ Сәбитова. 

Тек бұл ғана емес, тик-ток, инстаграм сынды әлеуметтік желіде де диетологтар арықтауға арналған дәрінің зиянын айтып, көрсетіп видео жүктеуде. Соның бірі – диетолог Гүлмира Қобландиева. Ол дұрыс тамақтану арқылы салмақ тастауға 1000-нан астам қыздарға көмектескен. Өзі арнайы ас мәзірін беріп, марафонға қатысушы қыздарды күнделікті қадағалап отырады. Қосымша дене жаттығуының да түр-түрін ұсынады. Диеотолог Гүлмира Қобландиева да «Молекула», «Кайен», «Фатзорб» сынды препараттардың пайдасынан зияны көп дейді. 

«Аздыратын неше түрлі дәрілерді қолданатын адамдар соңында өкінішті жағдайға тап болып жатыр. Соның бірі жақында ғана орын алды. Қазір менің марафоныма қатысып, денсаулығын қалыпқа келтіріп жатыр. Ол аздыратын дәрі ішіп, бауырына зақым келтірген. Бетінің барлығын дақ басып, сәл тамақ ішсе алқынып, өзін жағымсыз сезінеді. Ондай өнімдерді сатушылар түпнұсқа немесе сертификаты бар деп сендіреді. Бірақ адам өміріне қауіпсіз екеніне кепіл бола алмайды. Мысалы бір адам соны ішіп, о дүниелік болып кетсе де ешкім жауап бермейді. Сондықтан жарнамадан жалт-жұлт етіп көрінген әр тауарға еліктей беруге болмайды. Шын мәнінде бірден арықтау мүмкін емес. Тіпті дұрыс тамақтануда да бірден салмақ тастау – зиян. Біртіндеп, жаймендеп артық салмақтан арылу керек. Асқазанға күш түсіруге болмайды», – деп ағынан жарылды диеотолог. 

Тарих қойнауын ақтаратын болсақ, арықтауға арналған дәрілер сонау 1800 жылдары қолданысқа енген. Ал артық майды кетіретін жақпа майлар 1930 жылы Францияда жасалған. Құрамында хлор мен бром бар радиоактивті бұл майлардың адам баласына тигізген пайдасы зор болғанымен, денені қызартып, түрлі ауруларға алып келген. Кейіннен Германия мемлекеті де сұлулықтың жолында түрлі қадамдар жасаған. Сылқымдар жүзі нұрланып, әдемі болу үшін, күшәләны «мыщьяк» да ішкен. Бірақ бұл да бір есірткінің түрі болғандықтан, оны мүлде қою мүмкін емес. Германия елінің сұлулары осы күшәләні ішіп, айтарлықтай арықтаған. Алайда мұны қолданғандардың дені 35 пен 40 жас аралығына дейін ғана өмір сүрген. Себебі күшәләның құрамындағы заттар ерте өлімнің ¬басты себебіне айналған.

Елімізде соңғы жылдары арықтауға арналған дәрілерден бөлек, түрлі кофелер сатылымға енген. Олар адам салмағын тұрақты етіп, арықтатады мыс. Керек десеңіз, денсаулығыңызға пайдасы бар дейді сатушылар. Бірақ бұл жай ғана сауданың көзі секілді. Себебі тұтынушылардың көбі шынайы пікір қалдырып, шағымданған. Кейбіреулері аты жер жаратын аздыратын өнімді ішіп, дене қысымы көтерілген, жүрек қағысы жиілеп, түнде ұйқысыздыққа тап болған. Ал бәзбіреулерінің аяқ-қолы ұйып, көз алдына неше түрлі бейнелер елестейтін болған. Бұл дәрілердің осындай кері әсерін айта берсек таусылмайды. Бірақ қайтсем де, артық салмақ тастаймын деушілер мұндай дәрінің зиянын көргісі де, тыңдағысы да келмейді. 

«Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» демекші, жер бетіндегі адам баласының барлығы өз бетінше әдемі. Бірінің көзі ерекше болса, енді бірі қайталанбас бет пішінімен есте қалады, кейбіреулердің шашы, басқаларының қасы деген сияқты әрқайсысының өзіндік көз тартар келбеті бар. Әлемде «Сұлулық деген осындай болу керек» деген қағида я болмаса ереже жоқ. Сол сияқты «Сен арық болмасаң әдемі емессің, яки артық салмақ болса жетістікке жете алмайсың» деген шектеулер де болмау керек. Шын мәнінде, ондай шектеулердің барлығы – біздің миымызда. Егер расымен артық салмақтан арылып, азуға талпыныс жасайтын болсаңыз, дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтын серік ету керек. Арнайы диеотологтардан кеңес алып, күнделікті дәруменге бай тамақты тұтынып, дене қозғалысын арттырса кез келген адам артық салмақтан дұрыс және тез құтылады. Ең бастысы арықтаудың оңай жолына жүгіріп, азып емес, тозып кетпейік.

Тағы да оқыңыз: