Kyzylorda-news.kz. Гүлмира Елеуқызының медицина саласында еңбек етіп келе жатқанына отыз жылдан асты. Сегізжылдық мектепті үздік тәмамдаған бойжеткен арман қуып, Орынбор қаласына аттанған еді. Ондағы ойы бала күнінен алға қойған мақсатын жүзеге асыру. Айы оңынан туып, аталған қаладағы медициналық училищесінің студенті атанды.

Таңдаған оқу орнынан фельдшер мамандығын меңгерген жас маман Орынбор қалалық ауруханасында алғаш еңбек жолын бастады. 1989 жылдың тамыз айында туған жерге оралып, Қазалы аудандық емханасына мейіркеш болып орналасты. Осында өмірлік серігін жолықтырып, отбасылық жолға қадам басты. Жұбайы Күншығар Әбілов те емханада дәрігер болып еңбек етеді. 1990 жылы жолдасының туған жері Бозкөл ауылына аттанды. Ауылдық ауруханада қызметтерін жалғастырып, бірі дәрігер, бірі аймақтық мейіркеш атанды.

– Ата-енем кеңпейіл кісілер болды. Үнемі жақсылығымды асырып отыратын. Атам соғыс ардагері. Өнегелі әңгімелер мен ғибратты сөздерді жиі айтатын. Енем де білмегенімді үйретіп, тәлімді-тәрбиесін бере білді, – деп өткенді еске алды Гүлмира Елеуқызы.

Отбасы мен қызметті қатар алып жүрген кейіпкеріміз өмірге бес ұл-қыз әкеліп, олардың білімді болып өсуіне күш салып келеді. Балаларының үлкені Дінислам Бозкөл ауылындағы №96 мектепте директордың бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары. Қыздары Гүлстан мен Ақерке ата-ана жолын қуып, медицина саласын таңдады. Екеуі де С.Аспендиряов атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетін үздік тәмамдады. Гүлстан-хирург-офтальмолог, Ақерке – фармацевт. Ал кіші ұлдары Бейбарыс пен Жанарыс мектеп оқушылары. Биыл Бейбарыс Алматы облыстық академик Ш.Смағұлов атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың 10 сыныбын, Жанарыс Әйтеке би кентіндегі Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің 5 сыныбын бітіреді.

Қазір Қазалы ауданаралық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінде аға мейіркеш Гүлмира Ибрагимова өз ісін жетік меңгерген, тәжірибелі маман. Ұйымдастырушылық қабілеті мен құжаттарға деген ыждағаттылығы тиянақты тірлігінен байқалады. Кәсібіне адал ақ халатты жан бірнеше Алғыс хат, Құрмет грамоталарын иеленді. Ол адам әрқашан білімін толықтырып, өзін-өзі жетілдіріп отыруы тиіс деген ұстанымда. Еңбектен қол үзбей жүріп, жоғары білімді педагог-психолог мамандығын меңгерді.

Әркім өз ісін сүйіп, жүрек қалауымен орындаса, шаршап-шалдығуды білмейді деген мейіркеш елде орын алған қысылтаяң шақта жұқпалы аурулар бөлімі қызметкерлерінің күш біріктіріп, жұмысқа деген жауапкершіліктерін еселей түскендігін айтады.

– Төтенше жағдай кезінде бір ай уақыт жұмыс орнынан үйге қайтпадық. Күн-түн демей, барлық қызметкер аянбай еңбек етті. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара алған әріптестеріме ризамын. Жалпы медицина қызметкері болғандықтан науқас адаммен бірдей күй кешесің. Адам ауруынан айыққанда біздің де қуанышымызда шек болмайды. Дертіне дауа іздеп келген әрбір жанның айығып кеткенін көру ерекше әсерге бөлейді, – дейді аға мейіркеш Гүлмира Ибрагимова.

Тағы да оқыңыз: