Kyzylorda-news.kz. Дәрігер – жан мен тән шипагері. Адамның тәнін ғана емес, жанын да емдейтін ақ халатты жандардың қоғамда алатын орны ерекше. 

Адамның өмірі мен денінің саулығына тікелей қатысы бар дәрігерлер қауымының алдына сырқат жандар емімен қоса қамқорлықты сезінгісі келіп, сеніммен барады. Осындай сенімді ақтайтын дәрігерлік жолды таңдау үшін үлкен жүрек, нұрлы ақыл керек. Мұндай асыл қасиеттер бойынан табылатын жанның бірі – №3 қалалық емхананың бас мейірбикесі Әбдіхалықова Гаухар Алтынбекқызы.

Ол жұмысында кәсіби маман болса, отбасында ардақты ана, адал жар, бір әулеттің ибалы келіні. Кәсібіне адалдық танытып, абыройлы еңбек етіп жүрген кейіпкеріміз отбасына көп көңіл бөлуге тырысады екен.

– Бақытты отбасы болудың құпиясы бір-бірін түсіну. Сенім – бұл отбасылық үйлесімділікті сақтауда маңызды рөл атқарады. Бақытты отбасына байланысты тағы бір құндылықтың бірі – жауапкершілік. Отбасында әркім өз рөлін тыңғылықты атқарса, бір-біріне деген сыйластығын арттырады, – дейді ол.

Гаухар Алтынбекқызы Қызылорда медициналық колледжін 2001 жылы үздік дипломмен бітірген. 2004-2009 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін бітіріп, «Педагог-психолог» біліктілігі бакалавр академиялық дәрежесін алып шыққан. Онан соң Қызылорда медициналық жоғарғы колледжінің «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавр дәрежесін де алған. Ал 2023 жылы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетін «Мейіргер ісі» денсаулық сақтау бакалавр академиялық дәрежесі берілген.

Еңбек жолын 2001 жылы №1 қалалық емхананың химизиатр-мейіргері болып бастап, 2004 жылы аталған емханада 2-ші терапия бөлімінің аға мейірбикесі қызметін атқарды. 2012 жылы Қызылорда қалалық №3 емханасында терапия бөлімінің аға мейірбикесі, 2023 жылдан осы күнге дейін қалалық емхананың бас мейіргері қызметін атқарып келеді.
Адам жанына араша болған ақ халатты абзал жандар қашан да халық арасында үлкен бедел мен құрметке ие. Бірақ олар үшін осындай абыройға бөлену оңай емес. Ол үшін кәсіби жоғары біліктілік, өз мамандығына деген шексіз сүйіспеншілік қажет. Өйткені, олар адам тағдырына жауап береді. 

Гаухар Алтынбекқызы медицина мамандарының қызметіне мұқтаж болып келген жанды жылы жүзбен қарсы алып, тиісті ем-дом жасайды. Әрбір алдына келушінің денсаулығы мықты болуы үшін көмегін аямайды. Уақытпен санаспай жұмыс жасайды. Өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан да әрқашан кәсіби біліктілігін жетілдіріп отыруды ұмытпайды.

Аружан Мырзалықызы
 

Тағы да оқыңыз: