Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов медицина саласының қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында халық қалаулысы денсаулық сақтау саласында қабылданып жатқан заңнамалық өзгерістер туралы айтып, мамандардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
«Сегізінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясы кезінде азаматтардың денсаулығына мүлде жаңа деңгейде көңіл бөлінді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі бірнеше тәсіл қайта қаралып, медициналық көмектің бірыңғай топтамасы енгізілді. Енді сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматқа базалық медициналық қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар, құлағы нашар еститін, бірақ мүгедектігі жоқ азаматтарды есту протездерімен жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Бұл көптеген адамның, әсіресе балалардың өмір сапасын жақсартып, олардың әлеуметтік ортаға оңай бейімделуіне мүмкіндік береді», – деді М.Жайымбетов.
Сонымен қатар, ол басқа да салалар бойынша заңнамалық бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Өз кезегінде сала мамандары жалақыны көтеру туралы ұсыныстарын жеткізді.
Кездесу соңында халық қалаулысы ұжым мүшелерінің жұмысына сәттілік тілеп, көтерілген мәселелердің назарға алынатынын айтты.