Kyzylorda-news.kz Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі – еліміздегі маңызды салалардың бірі. Өйткені, бұл саланың мамандары халықтың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін сақтауда, еліміздің санитариялық және эпидемиологиялық жағдайын жақсарту бағытында орасан зор қызмет атқаратыны белгілі. Сондай-ақ қоршаған табиғи ортаның ластануының, әртүрлі жұқпалы, паразитарлы және жұқпалы емес аурулардың, карантиндік инфекциялардың елге кіруінің алдын алу мен індетке қарсы іс-шараларды жүргізу, әртүрлі өнеркәсіп орындарының және нысандардың санитариялық нормалар мен ережелерді сақтауын бақылау бағытында қызмет атқарады. Осы ретте Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ерлан Ұзақбаевпен әңгімелескен едік.
− Ерлан Амантайұлы әңгімемізді азық-түлік қауіпсіздігінің алғышарттарынан бастасақ... Маман ретінде осы бір ұғымға анықтама берсеңіз. Қауіпсіз азық-түлікті сатып аларда неге мән беру керек?
−Азық-түлік қауіпсіздігі − бұл тағам тұтыну мақсатына сәйкес дайындалған немесе тұтынған кезде зиян келтірмейтініне кепілдік берілетін өнім. Сондай-ақ бұл адам денсаулығына тікелей байланысты, тағамдық аурулар мен жарақаттардың алдын алу үшін тағамды дайындау, өңдеу және сақтау тәртібін білдіреді. Өнім сатып аларда тауардың таңбалануына, атап айтқанда, қаптамасы мен орамының бүтіндігіне, сыртқы түр-пішінінің бұзылмағандығына, жарамдылық мерзімінің көрсетілгеніне, сақтау шарттарының орындалуына, мемлекеттік және орыс тілінде ақпараттардың келтірілгендігіне, құрамы мен өндіруші туралы мәліметтің бар екендігіне назар аударуға кеңес беремін. Орамасында жазылған жазу тұтынушыға өнім туралы барлық ақпаратты беруі керек және анық көрінетіндей болуы тиіс. Өнімдерді тек рұқсат етілген сауда орындарынан алған дұрыс. Ыңғайы келсе ұйымдастырылмаған орындардан мейлінше өнім алмауға тырысу қажет. Сонымен қатар азық-түліктің қауіпсіздігін растайтын құжаттарын сұрауға кез келген тұтынушының құқығы бар екендігін еске салғым келеді.
−Азық-түлік қауіпсіздігін бақылау, сақтау жұмыстары қалай жүріп жатыр? Сіздер тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда?
−Бізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында өнімдердің қауіпсізігіне мониторинг жұмыстары жүйелі жүргізіледі. Өнімдер Кеден Одағының техникалық регламент талаптарына сәйкес болуы керек. Егер сәйкессіздіктер анықталған жағдайда сатылымнан алып тастау және кемшіліктерді жою жөнінде нұсақама беріледі. Бұдан бөлек, сәйкессіздік анықталған өнім туралы мәлімет арнайы сайтқа (reestr-np.kz) жарияланады және ол кез келген тұтынушыға қолжетімді. Оған қоса азық-түлік сатумен айналысатын кәсіпкерлермен, қоғамдық тамақтану орындары иелерімен жиі кездесулер, санитариялық-ағарту шаралары, дөңгелек үстелдер, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Бұл кездесулерде азық-түлік қауіпсізідігіне қойылатын талаптар, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамаларға енгізілген өзгерістер туралы уақытылы хабардар етіліп отырады. Облыс көлемінде «Қауіпсіз тағам таңда!» акциясы жүргізіліп отырады, оның аясында сатып алынған өнімді тұрғындар ақысыз негізде зертханалық жолмен тексертуге мүмкіндік алады.
− Қазір қай жерде болмасын аттап бассаңыз асхана. Қоғамдық орындардағы санитариялық талаптардың сақталуы қаншалықты деңгейде?
−Қызылорда облысында тағам нысандарының саны жыл сайын артып келеді. Биыл олардың саны 2141 нысанды құрады. Оның ішінде 122-сі тағам өнімдерін өндірумен айналысатын кәсіпорындар мен өнеркәсіп ұйымдары (сүт, ет, балық өндірісі, наубайхана және кондитерлік цехтар және т.б), қоғамдық тамақтану орындары – 506, сауда кәсіпорындары – 1494, азық-түлік базарлары – 15 және 4 өзге де тамақтану объектілері бар. Өзіңізге белгілі алдыңғы жылдары жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізуге Президент Жарлығына сәйкес мараторий жарияланған болатын. Тиісінше барлық қоғамдық тамақтану орындары, асханалар мен сауда орындарына тексеру жүргізу мүмкіндігі болған жоқ. Сәйкесінше аталған объектілерде санитариялық-гигиеналық талаптардың орын алу фактілері кездесіп, мамандар тарапынан жоспардан тыс тексерулер ұйымдастырылып отырды. Тексеру қорытындысымен санитариялық талаптарды бұзуға әкеп соққан жауапты жеке кәсіпкерлік субъектілеріне заңнама талаптарына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылып, айыппұлдар салынды. Сонымен бірге объект қызметін санитариялық талаптарға сәйкестендіргенге дейін жұмысына шектеулер енгізілді. Тексеру кезінде кәсіпкерлер тарапынан анықталған кемшілектердің басым көпшілігі нысанға рұқсат құжатының болмауы, қызметкерлердің медициналық тексеруден өтпеуі, азық-түліктердің сапа сертификаттарының болмауы және ас дайындау барысында технологиялық процестердің сақталмуы сынды кемшіліктер анықталып жатады. Енді биылғы жылдан бастап мараторий алынып тасталды. Демек кәсіпкерлік субъектілерін жоспарға енгізіп, тексеру жұмыстарын жүргізе аламыз. Сондықтан аса жауапкершілік танытуды сұраймыз.
−Азық-түлік қауіпсіздігі қырағылықты талап ететін іс. Қоғамдық тамақтану орындарын ашу, осы салада кәсібін бастау үшін кәсіпкерлерге қандай талаптар қойылады?
−Ең алдымен қоғамдық тамақтану орындарын ашу алдында объектінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы болу қажет.
Келушілерге арналған киім ілетін орын, санитариялық торап, тамақтану залы, бар, темекі бұйымдарын тұтынуға арналған орын қарастырылу керек. Ал қызмет көрсету үшін нысанда: өнімдерді қабылдау, сақтау шикізаттың түрлеріне қарай, ас әзірлеу түрлі цехтарымен, ыдыс жуу, персоналға арналған бөлме, санитариялық торап, қосалқы бөлмелер қарастырылады. Оған қоса бөлмелердің ішкі әрленуі атқаратын қызметіне сай залалсыздандыру сұйықтарының әсеріне төзімді материалдардан әрленуі қажет.
Сондай-ақ, ауыз су, ыстық су, лас су жүйелерімен жабдықталуы, келушілер мен персоналға арналған раковиналар, қол жуу, өңдеу, сүрту немесе кептіру құрылғыларымен және құралдармен жарақталуы тиіс.
Өндірістік үй-жайларда, тамақтану залдарында табиғи және (немесе) жасанды жарықтандыру, желдету және (немесе) ауа баптау, жылумен жабдықтау жүйелері көзделеді.
Нысан қызметкерлерінің медициналық тексеріп-қараудан, гигиеналық оқытудан өткендігі туралы белгісі және жұмысқа рұқсаты бар әр жұмыскердің жеке медициналық кітапшасы жұмыс орнында сақталуы қажет.
Тағамдарды дайындау технологиясын сақтап, таза пісіру де басты талаптардың бірі. Үй жағдайында консервіленген өнімдерді қоғамдық тамақтану орындарында асқа қолданбау, тамақ өнімдерін олардың жарамдылық мерзімін ескере отырып сақтау, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін растайтын құжаттарының болуы кәсіпкерге қойылатын талаптар қатарында бар.
− Ас қауіпсіздігін сақтамаса салдары қандай болады?
−Топтасқан тағамнан улану, жіті ішек инфекциялары, ботулизм ауруларының пайда болуына әкеліп соғады. Бұл аурулардың асқынуы өлім жағдайына дейін әкелуі мүмкін. Тағамнан уланудың белгілері: дене қызуының көтерілуі, жүрек айну, құсу, әлсіздік, ағзаның сусыздануы, іш өту, бас айналу. Егер осы белгілер байқалған жағдайда өз бетімен емделмей, медициналық көмекке жүгінуі қажет. Ерте жүгінген жағдайда аурудың асқынуының алдын алуға болады.
− Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі — еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарттарының бірі. Сол себепті бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды. Егер сақтық шаралары сақталмаса сіздердің тараптарыңыздан қандайда бір шара көріледі ма?
− Әрине. Біз тексеру жұмыстарын жүргіземіз, егер арыздағы көрсетілген уәждері нақтыланып анықталған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 425 бабына сәйкес хаттама толтырып, әкімшілік айыппұлдар салынады. Объектіге анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нұсқамалар беріледі. Ал егер, орындамаған жағдайда сот орындарына әкімшілік шара көру немесе нысан қызметін тоқтату жөнінде талап арыздар жолданады.
− Қоғам қаншалықты белсенді?
−Ия, қазіргі таңда қоғам тарапынан сауда орындары, қоғамдық тамақтану орындарынан болсын арыз-шағымдар келіп тұрады. Біздің тарапымыздан әлеуметтік желілер арқылы шағымданған тұрғындардың наразылығына мониторинг жұмыстары жүргізіліп отырады. Берілетін шағымдардың басым көпшілігі сатып алынған өнімдердің жарамдылық мерзімінің өтіп кеткендігіне, қоғамдық тамақтану орындарында астың дайындалу технологиясының бұзылу фактілері бойынша, объектілердегі санитариялық-гигиеналық талаптардың сақталмауына қатысты шағымдар. Бұл тұрғыда әлеуметтік желі арқылы келіп түскен арыз-шағымдар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Ал жазбаша жүгінген жағдайда заң талаптарына сәйкес тексеру жұмыстарын ұйымдастырып, тиісті жауаптарын жолдаймыз.
− Ерлан Амантайұлы департаменттің алдағы жоспар қандай?
−Халық арасында топтасқан тағамнан улану, жіті ішек инфекциялары мен ботулизм және тағаммен байланысты өзге де улануларды болдырмау мақсатында халық арасында санитариялық – ағарту шараларын күшейту мақсатында жеке кәсіпкерлер мен тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар, Атамекен кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес тоқсан сайын кездесулер, дөңгелек үстелдерді тұрақты ұйымдастыру. Іс-шара аясында жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жаңадан енгізілген НҚА талаптарын, өзгерістер мен толықтырулар болса кеңінен ақпараттандырып отыру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында аурушаңдық деңгейін төмендете отырып, қоғамдық тамақтандыру, сауда нүктелері мен азық түлік нысандарын санитариялық қағида талаптарына сәйкестендіруге жұмыс жасау.
−Әңгімеңізге рақмет.