Kyzylorda-news.kz. Маусым айының әр үшінші жексенбісі – медицина саласының қызметкерлері күні екені мәлім. Жыл сайын өз деңгейінде тойланатын бұл айтулы дата шиелілік ақ халаттылар үшін де мереке. Өйткені бұл күн – жан саулығын қорғай білетін дәрігер еңбеңінің еленетін күні. Иә, дәрігерлік – аса жауапты, әрі қиын мамандық. Сондықтан да бұл іске екінің бірінің ебі келе бермейді. Майталман маман болу үшін – темірдей төзім мен мықтылық керек. Өкінішке қарай, біздің арамызда темірдей төзімді тал бойына тұрақ етіп, тіпті салқын қандылықты жанына серік еткен ақ халаттылар көп-ақ. Аладайда «Дәрігер – сөзбен емдейді» деген тәмсілді негізге алар болсақ, ақ халатты абзал жандарға ең әуелі мейірбандық пен қарапайымдылықтың, дертке жылы сөз арқылы дауа таба білудің аса қажет екенін ұғынған болар едік. Арамызда да науқасты бірінші дәрі-дәрмек арқылы емес, жылы сөзімен емдей білетіндер баршылық. Солардың бірі – еңбекшілік Ернұр Өмірзақ.

Дәрігерлік сала – тек іспен ғана емес, сөзбен де терең тамырлас. Жоғарыда айтқанымыздай, «Дәрігер – жартылай сөзбен емдесе, жартылай іспен емдейтіні»  даусыз. Ал көне Иран даналығында «Дәрігердің үш қаруы бар: сөз, шөп және пышақ» деп айтылады. Мұндағы сөздің бірінші орынға қойылуы жай емес. Демек, «дәрігердің науқас психикасына, оның ойына, көңіл күйіне, ерік-жігеріне ықпал етуі – ең басты қаруы» екені анық. Қай кезеңде де ақ халаттылар бұл қағидатты санаға сақтап, науқастармен тиісті дәрежеде сөйлесіп, қарым-қатынас құра білген. Бірақ қазір бәрін олай деп айта алмаймыз. Көптеген науқастардың өзі медицина қызметкерлерінің салыңқы қабағы мен тұнжыр, немқұрайлы көзқарасынан дертіне дерт қосып, көңілі жараланып жататынын айтады. Ал біз Ернұр Жандарбекұлын көргенде мейірім иесінің нақ өзі екенін аңғарамыз. Еңбекші ауылының тұрғындары да Ернұрды өз саласының нағыз маманы екенін айтады. Тіпті, ол елден алғыс алып қана қоймай, мейірімді жүзімен кез келген науқасты аурудан айықтыратын көрінеді. Ендеше, біз де жүрегінде жылулығы, көзінде нұры бар өз мамандығын өзідей сүйетін Ернұрды мақаламызға арқау етпекпіз.

Ернұр Өмірзақ – Еңбекші ауылының епті азаматы. Олай деуімізге себеп көп. 2002 жылы дүние дидарына келген ол бала күнінен ақ халатты абзал жан болуды арман еткен. Мектепте оқып жүрген күннің өзінде оның медицина саласына деген махаббаты оянып, 9 сыныпты тәмамдаған соң 2018 жылы Түркістан жоғары медицина колледжіне «Емдеу ісі» мамандығына оқуға түседі. Аталған оқу орнында жүріп ол мақтаулы жанға айналып үлгереді. 2022 жылы төрт жылдық оқуын аяқтаған Ернұр туған жеріне келіп еңбек етуді мақсат тұтқан. 

Мақсатына бір қадам табан тіреген ол 2023 жылдың ақпан айынан бастап «Жастар тәжірибесі» арқылы Еңбекші ауылына жұмысқа орналасады. Өз саласына білек сыбана кіріскен жігіт сол уақыттан бері ауыл халқының саулығы үшін қалтқысыз қызмет етіп келеді. Алты ай уақыт бойы абыройлы қызмет етіп, «Жастар тәжірибесінен» өткен жас маман жуырда ғана сол ауылдағы медицина орталығына штаттық негізде тұрақты жұмысқа орналасқан. 

Қазіргі таңда Ернұр Жандарбекұлы аймақтық мейіргер қызметін ойдағыдай атқаруда. Және өзіне берілген тапсырмаларға жауапкершілікпен қарап, көше тұрғындарының саулығын бақылап, қан-қысымын өлшеп тұрады. Ауыл халқы да Ернұрдың атқарған жұмысына, тынымды тірлігіне дән риза. Ендеше, біз де оның алдағы жоспарлары мен жұмыстарына сәттілік тілейміз!

Тағы да оқыңыз: