Kyzylorda-news.kz Бүгінде Сыр медицинасында саламатты өмір салтын қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстар жолға қойылған. Күнделікті Сырдария аудандық ауруханасының мамандары сырқаты бойынша шағымданған жандарға ақыл-кеңестерін айтуда. Негізінен, жүрек және қан-тамыр, онкология дертіне шалдыққан науқастар ұдайы ем мен күтімді қажет етеді. Өз кезегінде Сырдария аудандық ауруханасына қарасты «Оңалту және паллиативтік көмек» бөлімшесінің мамандары сырқаттарды сауықтыруға барын салуда.
Негізінен, осыдан бірнеше жыл бұрын ашылған бөлімшеге тәжірибелі дәрігер Гүлфарида Әбдібекова жетекшілік етеді. 20 орынға лайықтандырылған бөлімшеде осы сәтте жергілікті тұрғындар толықтай ем қабылдауда. Білікті мамандар шоғыры қалыптасқан бөлімшеде науқастарға барлық жағдай жасалған. Мәселен, емделушілерге массаж, емдік дене шынықтыру, психолог, логопед, физиотерапия бойынша қызметтерді ала алады. Сонымен қатар қарқынды терапия палатасы толықтай жабдықталған. Бұл ретте, ауыр жарақат алып, ота жасатқан науқастарға сала мамандары көмекке келеді. Өз-өзіне қызмет жасай алмайтын емделушілердің жанынан ақ халатты абзал табылады.
– Ақ халатты абзал жандардың негізгі міндеті – емделушілердің денсаулығын жіті бақылап, барлығын оңалту болып табылады. Осы күні денсаулық жағдайына байланысты шағым айтып келген жандардың диагнозы бойынша ем-шара жасаймыз. Әрине, біздің бөлімшеде сала мамандары науқастардың күтіміне жіті көңіл бөледі. Олардың емінің шипалы болуы, сауықтыру іс-шарасының тиімділігін дәрігер ретінде саралауға мүдделемін. Жылдар бойы төсекке танылған, аурумен күресіп келе жатқан жандар қашанда біздің назарымыздан тыс қалмайды, – деді бөлімше меңгерушісі.