Kyzylorda-news.kz Елімізде өмірден озған адамның өліміне не себеп болғанын анықтау үшін виртуалды аутепсия қолдану мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли айтты деп хабарлайды KAZINFORM ақпарат агенттігі.
– Технологияның дамуы жағдайында виртуалды аутопсияны қолдану мүмкіндігі пайда болады. Виртуалды аутепсия – бұл дененің егжей-тегжейлі проекциясын алу үшін КТ сканері арқылы адамның инвазивті емес аутопсиялары орындалатын жаңа медициналық технология. Құқық қорғау органдарының мәйітті сот-медициналық сараптау кезінде сарапшылардың алдына қоятын негізгі міндеті – өлімнің себебін анықтау. Зерттеу енгізілетін болса кей жағдайларда мәйіттерді сойып тексерудің қажеттілігі болмайды. Кей жағдайларда ұлттық және діни салт-дәстүрлерге сүйеніп қаза болған адамның жақындары мәйітті кеспеуді сұрайды, – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның атап өтуінше, виртуалды аутопсия әдісі белгілі бір дәрежеде Швейцарияда, Ұлыбританияда, АҚШ-та, Үндістанда, Жапонияда, Швецияда, Норвегияда, Түркияда, Сауд Арабиясында, Ресейде қолданылады.
– Қазақстанда қолданыста жоқ. Оны енгізсек деп зерттеп жатырмыз. Сот-сараптамалық орталығының мамандары осы әдісті қолданып жатқан елдерге іссапарға барып, әдістің қандай пайдасы, зияны барын зерттеп жатыр. КТ сканері – өте қымбат құрылғы. Сондықтан қандай құрылғыны қай елден дұрыс деген мәселе пысықталып жатыр. Ұлттық салт-дәстүрімізге, діни наным-сенімімізге байланысты азаматтар мәйітті кеспеуді сұрап жатады. Бірақ сараптама жүргізетін мамандар заң алдында жауап береді. Сондықтан мәйітті кесу арқылы жүргізілетін бұл сараптаманың жүргізілуі міндетті, – деді Талғат Уәли.
Фото: freepik.com